ЭКОЛОГТАРҒА – ЖАҢА ТЕХНИКА
А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне және Қоршаған ортаны қорғау саласының құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті.
Алдымен қатысушылар назарына Сыр өңірінің экологиялық мәселелері мен оларды шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндаған бейнетүсірілім ұсынылды.
Мұнан соң аймақ басшысы эколог мамандарды, сала ардагерлерін құттықтады.
– Қазақстан өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін қоршаған ортаны қорғау мен адамның өмір сүруі үшін қолайлы жағдай туғызу еліміздің басты міндеттерінің бірі болды. Қандайда бір мемлекеттің экологиялық ахуалы көрші елдерге өзінің кері әсерін тигізетіні белгілі. Экологиялық проблемалардың шекарасы болмайды. Сондықтан, Қазақстан халықаралық деңгейде қабылданған қоршаған орта және оны дамыту жөніндегі декларацияға қосылып, ауқымды шаралар іске асыруда. Соның ең үлкені, халқымыздың тағдырына ауыр әсер еткен ең қасіреттісі – Семей полигонының зардабына 1991 жылы 29 тамызда Елбасының Жарлығымен соңғы нүкте қойылды. Осылайша, полигонда 40 жылдан астам жүргізілген жарылыстың үні өшті. Уланған ауа, бүлінген жер, мутацияға ұшыраған ұрпақ қазақ халқының басына төнген қасірет болса, оның жолын түбегейлі кесу – әрине, ол ең алдымен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі әрі ерлігі, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Облыс басшысы сондай-ақ, көптеген жылдар бойы Арал теңізі суының тұздану мәселесі алаңдатқан Сыр өңірі үшін бұл атаулы күннің маңызды екенін атап өтті. «Арал дағдарысы» – Арал бассейнінде өмір сүретін 35 млн адамға әсерін тигізіп отырған, адамзат тарихындағы аса ірі экологиялық зардаптардың бірі. 6 млн гектардан асатын аймақ тұзды шөлге айналып, атмосферасындағы тұзды тозаң көзі болды. Осындай қиын жылдары Елбасы Арал теңізін қалпына келтіру туралы тарихи шешім қабылдап, «Ғасыр жобасы» – «САРАТС» қолға алынды, аймақтың балық шаруашылығы қайта жанданды. Бүгінгі күні САРАТС жобасының екінші кезеңі басталып кетті. Енді теңіз Арал қаласына жетеді деген сенім мол.
Сонымен қатар облыс әкімі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Протон» зымыран-тасығыштарының ұшырылу мәселесі қаралып, ұшыру саны қысқартылып, 2026 жылы оларды мүлдем ұшырмау туралы шешім қабылданғанын жеткізді.
Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасын іске асыру бойынша да облыста қажетті жұмыс жасалып отыр. Мәселен, облыс халқының 95 проценті орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған. Бұл – республика бойынша алдыңғы көрсеткіштердің бірі. Энергия үнемдеу, оның тиімділігін арттыру мақсатында нақты шаралар бар. Ауыл шаруашылығындағы 35 шаруа қожалығы күн сәулесімен жұмыс істейтін кіші электр станцияларын пайдалануда. Облыстың атмосфералық ауасының ластануын азайту және экономикалық тиімділікті арттыруда қоғамдық көліктер газға көшіріле бастады. Қысқасы, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған әрбір істің жүзеге асуында сала мамандарының айрықша үлесі бар.
Салтанатты шарада үздік қызметкерлер, сала ардагерлері Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хаты, сондай-ақ, ҚР Энергетика министрлігінің «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал «Экология саласына 30 жыл» мерекелік медалін облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов табыс етті. Сонымен бірге Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаевқа арнайы техниканың сертификаты берілді. Әріптестерін сала ардагері Қуанышқали Шапшаңов құттықтады.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен аяқталды.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ