Климаттың өзгеруі шиеленістің көбеюіне себепші болады – БҰҰ
Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) қақтығыстар мен климаттың өзгеруі арасындағы байланысты байқаған.
Жер бетіндегі климаттың жаһандық өзгеруінің салдары, сондай-ақ басқа да экологиялық мәселелер қақтығысты жағдайлардың туындауына себепші болады. БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі бағдарлама үйлестірушісі Махир Алиев осындай пікірде.
Сарапшының айтуынша, қазіргі заманда орын алып жатқан шиеленістердің көбі экологияның өзгеруімен тығыз байланысты. Климаттың өзгеруі әсерінен жер шарының белгілі бір бөлігіндегі адамдардың өмір сүруі қиындап, өздеріне ыңғайлы басқа жағдай іздей бастайды.
«Осыған орай «климаттық жағдаймен» қоныс аударғандар мен жергілікті халық арасындағы шиеленіске қатысты сұрақтар туындайды. Соның салдарынан су ресурстары, азық қорының азаюы және ауылшаруашылығының әртүрлі мүмкіндігіне қатысты мәселелер туындайды», - дейді сарапшы.
Бұл үрдіске қарсы тұру үшін БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы Мюнхен қауіпсіздік конференциясымен серіктес болу туралы келісімге қол қойды. Біріккен Ұлттар Ұйымы атап өткендей, бұл келісім тым болмағанда экологиялық өзгерістер салдарын ескере отырып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты сұрақтарды қарастыруға мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, бұған дейін 184 мемлекеттен 15 мың ғалым жер бетіндегі тіршілік иесіне қауіп түрлері сипатталған адамзатқа Ескерту құжатына қол қойылған болатын.