» » ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҚЫСҚА ӘҢГІМЕЛЕР

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҚЫСҚА ӘҢГІМЕЛЕР

 1987 жылы күзде «New Time» журналының редакторы Стив Мосс байқау өткізген. Шарты – қызықты оқиға желісі мен оқырман күтпеген қорытындысы бар 55 сөзден құралған әңгіме жазу. Редакцияға келген хаттардың көбі соншалық нәтижесінде «Әлемдегі ең қысқа әңгімелер» жинағы жарық көрді.  Міне, осы жинақтың ішінен үздігін назарыңызға ұсынамыз:
АУРУХАНАДА
Ол көлікті өте жылдам жүргізіп келеді.
– Құдайым-ау, үлгерсем болғаны.
Дегенмен жан сақтау бөліміндегі дәрігердің жүзінен бәрі түсінікті еді. Ол көз жасына ерік берді.
– Тірі ме?
– Аллертон ханым, ол «Сені сүйемін, Мэри» деген сөзбен көз жұмды, – деп жұбатуда дәрігер.
Ол дәрігерге қарады да, кері бұрылды.
– Рақмет, – деді суық дауыспен Джудит.
Барнаби КОНРАДЕЩЕ
БАҚЫТСЫЗ ӘЙЕЛ
«Зұлымдық көзге көрінбейді» деген шындық екен. Расында, оның жүрегі аяушылық сезімнен жұрдай. Ауырғаны соншалық жаныма батып, көзіме жас үйірілді. Сонда ол қайта-қайта айқайлаған дауысымды естімей ме? Көзімдегі үрейді қалай көрмейді?
Ол кәсіби, әрі сабырлы түрде ісін аяқтап, маған бұрылды да: «Аузыңызды шайып жіберіңізші» деді.
Дэн ЭНДРЮС
КӨПТЕН КҮТКЕН КЕЗДЕСУ
Телефон шырылдады.
– Алло, – деді ол сыбырлап.
– Виктория, бұл мен. Бүгін кешке кездесейікші.
– Жарайды, қымбаттым.
– Шампан бөтелкесін алуды ұмытпа.
– Жарайды, жаным, уайымдама.
– Кешікпе, жападан жалғыз тұрмайын, – деп асығыс телефонды тастап жіберді.
Ол жымиып, күрсінді де:
– Қызық, бұл кім болды екен?!
Николь ВЕДДЛ
ТАҒДЫР
Ұрыс-керісті доғарудың басқа амалы қалмады. Екеумізге де тиімді шешімді жеребе арқылы табайық: бүк түссе – үйленеміз, шік түссе – қош айтысамыз.
Тиын көкке көтерілді. «Сылдыр» етіп жерге түскен дыбысы естілді де, бір орында ұзақ айналып, бүк түсті. Екеуі тиынды жаңа көргендей ұзақ қарап қалды. Сосын келісіп алғандай екеуінің дауысы бір сәтте шықты:
– Мүмкін қайтадан көреміз?
Джей РИП
ШҮКІРШІЛІКТІҢ ШЫҢЫ
Қайырымдылық шарадан алған қалың көрпесі жұмсақ, әрі жылы екен. Бүгін қоқыс жәшігінен тауып алған ескі етік аяғын қысып та тұрған жоқ. Қараңғы ауланы түнекке айналдырғысы келмегендей алыстағы көшенің жарығы әлсіз нұрын шашып, жәрдемдесіп тұр. Әбден шаршап-шалдыққан беліне бақтағы орындықтың иілімі сондай таныс көрінді.
– Құдайым, рақмет, – деді ол іштей, – өмір неткен керемет!»
Эндрю Э. ХАНТ
БАҚШАДА
Оның жүгіріп келе жатқанын көргенде ол бақшада еді.
– Тина! Менің гүлім! Өмірімнің мәні!
Әйтеуір дауыстап айтты ғой.
– О, Том!
– Тина, гүлім менің!
– Том, мен де сені сүйемін!
Том оның жанына жақындап, тізерлеп тұрды да, итеріп жіберді.
– Гүлім менің! Сен менің ең сүйікті раушан гүлімді басып тұрсың ғой!
Хоуп ЭЙ ТОРРЕС
ШЫНДЫҚ ІЗДЕУ ЖОЛЫНДА
Әлемді шарлап, әйтеуір оның сапары шалғайдағы бір ауылда аяқталды. Ағаштан жасалған ескі үйдегі алауошақтың алдында кәрі кемпір отыр. Ол өмірінде мұндай ұсқынсыз, әрі кәрі әйелді көрмеген.
– Сіз – шындықсыз ба?
Тәкәппар кемпір салтанатты түрде басын изеді.
– Айтыңызшы, мен әлем жұртшылығына не деймін? Қандай хабарды жеткізейін?
Кемпір оттан көзін алмай:
– Менің жас, әрі өте сұлу екенімді айт!
Роберт ТОМПКИНС
ЕЛЕС
Қайғылы жағдайға куә болған соң, әйеліме айту үшін үйге асықтым. Бірақ ол мені мүлде тыңдамады. Бар екенімді білсе де, елемегендей сыңай танытты. Теледидар қосып, экраннан көз алмады. Бір сәтте телефонның дауысы шықты. Оның өңі бұзылып, бозарып кеткенін байқадым. Телефонды үнсіз қойып, бір нүктеге қарап қалды. Қолы дірілдеп, артынша қатты жылап жіберді.
ЧарльзЭНРАЙТ
ҰСЫНЫС
Аспанда жұлдыздар жымыңдайды. Қайталанбас сәт. Кешкі ас. Үстелде шам жағылған. Көптен таныс итальян мейрамханасы. Оның үстінде әдемі көйлек. Көзі қуаныштан жалт-жұлт етіп, сыңғырлаған күлкісі ерекше көрік береді. Екі жыл бойы бірге қанша күнді бастан өткердік. Ол менің махаббатым, досым, сырласым. Тізерлеп тұрмын. Бейтаныс адамдардың көзі бізде. Қолымда гауһар көзі бар жүзік. Оның беті қызарып, күлімсіреп қарап тұр.
– Қалай, жоқ?!
Лариса КЕРКЛЕНД
Бұл жинаққа енбеген, дегенмен оқырман көңілінен шыққан қысқа әңгімелер топтамасы:
Фредерик Браун әлемдегі ең қысқа, әрі қорқынышты оқиға жазған:
«Дүниежүзінде жалғыз қалған адам бөлмеде отыр. Есікті біреу қағады...»
Көптеген грек қаласын жаулап алған Македония патшасы Филипп II жазған хатқа: «Дереу беріліңдер. Егер менің әскерім жерлеріңе кірсе, қаланы түбегейлі жойып жіберемін». 
Спарталық қолбасшысының жауабы: «Егер».
Ең қысқа өмірбаян жазу байқауында бірінші орынды егде жастағы француз әйелі жеңіп алған:
«Бұрында менің бетім тегіс, белдемшем қыржым еді. Ал қазір керісінше».
Бір күні Хемингуэй «4 сөзден тұратын, әрі кез келген оқырманға әсер ететін мұңлы әңгіме жаза аламын» деп досымен бәстескен. Нәтижесінде жазушы жеңіп шықты:
«Баланың бәтеңкесін сатамын. Киілмеген». 

15 маусым 2018 ж. 1 730 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031