ӨМІРДЕГІ МАҢЫЗДЫ ДҮНИЕНІҢ БӘРІ – ҚАРАПАЙЫМ ҰҒЫМДАР
Отбасы мерекесі қарсаңында жанұяның айнымас бөлшегі баланың аман-есен дүниеге келуіне ықпал ететін акушер маманымен әңгімелесуді жөн көрдік. Осылайша 40 жыл осы салада тынымсыз еңбектенген, есімі елге белгілі Гүлжан Махамбетқызының үйіне жол түсті.
Сәлемдесіп, орындыққа жайғасқаннан кейін акушер ана алғаш газетке шыққан кезін еске алды:«Қай газет екенін ұмытып тұрмын, шамамен 30 жыл бұрын «И цвети, Сырдарье!» деген мақалаға суретім жарық көрді. Бір әйел төртінші ұлын босанған. Фотограф сәбидің кіндігін кескелі жатқан сәтті түсіріп алыпты» деп езу тартты да, ойын жалғады:
- Мені бәрі Гүлжахан дейді, дегенмен құжатта аты-жөнім – Гүлжан Махамбетқызы. 1953 жылы 11 сәуірде Қызылордада дүниеге келдім. 1970 жылы Ғ.Мұратбаев атындағы мектепті тәмамдап, 1973-76 жылдар аралығында медициналық училищеде білім алдым. Содан бастап, қалалық перзентханада, кейінгі он жылдай перинатальді орталықта жұмыс істедім. Екі қыз, бір ұлым бар. Қыздарым да медицина саласына бет бұрды, ұлымның жеке кәсібі бар. Аллаға шүкір, бүгінде зейнеттемін.
- Балалық шағыңыз қалай өтті?
- Әкем 4 сыныпта оқып жүргенімде дүниеден озды. Сондықтан көбіне анамның жанында жүрдім. Біздің кезімізде бәрі бауырмал, тіпті
көшенің балалары бір үйдің баласындай еді. Көшемізде соғыс ардагері Тетя Дюся деген апа тұратын. Өзім ақшылдау болған соң бәрі Дюсяның қызы деп күледі. Себебі жиі Дюся апаның үйінде жүретінмін. Ол кісі соғыстан кейін теміржол емханасында медбике болып қызмет етті. Қазір «мүмкін сол кісіге еліктеген шығармын?!» деп ойлаймын. - Неліктен медицина саласында «акушер» мамандығын таңдадыңыз?
- Жастайымнан медицина училищесіне тапсыруды армандадым. Бастапқыда фельдшер мамандығын оқып, кейін оқу орнындағы ұстазым акушерлікке бағыттады. Оқу бітірген жас маманды бірден босандыратын бөлімге апармайды. Алдымен тіркеу, одан кейін балалар бөлімінде тәжірибе жинақтайды. Бірақ бір дәрігер ауырып, босандыру бөліміне мені ерте жіберді. Тәжірибемді еске алсам, күніне жоқ дегенде 5 әйелді босандыратынмын. Жөндеу жұмыстары болған кезде екі перзентхананы біріктіреді. Сол кезде күніне 40 әйел босандырған уақыт та болды. Бұл – жауапкершілігі мол сала. Түн ұйқыңды төрт бөліп, түрлі қиын жағдайды бастан кешесің. Күніне 2-3 сағат ғана демалып жұмыс істейтінбіз. Қазіргі жастарға айтсаң ертегі секілді қабылдайды. Мәселен, ол кезде бүкіл перзентхана бойынша бір ғана кезекші дәрігер болатын. Бір өзі бала дәрігері, әрі гинеколог қызметін атқарады.
- Нәрестенің дүниеге келгенін алғаш көрген сәтіңіз есіңізде ме?
- Тәжірибелі маман төбемнен төніп, барлығын бақылап тұрды. Теориялық білімің жетік болса да, практикада қобалжу басым болады. Нәрестенің қиындықсыз босануы саған байланысты екенін бар тәніңмен сезінесің. Тіпті күтпеген жағдай орын алуы да ықтимал екенін түсінесің. Дегенмен сәбидің шыр еткен дауысын естіген кезде жүрегім қуаныштан жарылып кете жаздады. Оған дейінгі уайым мен шаршағаным демде жоғалды.
Ауруханаға апаратын уақыт тығыз болып, жүкті әйелді үйде босандырған оқиға болды ма?- Мұндай жағдай тәжірибемде бір рет болды. Көшенің басында үшінші баласына аяғы ауыр келіншек бар еді. Бір күні күйеуі толғатып жатқанын айтып, жүгіріп келді. Жедел жәрдем де әлі келмеген. Құдай оңдап, үшінші ұлын аман-есен босанды. Сөйтіп жедел жәрдем көлігіне нәрестесімен бірге салып жібердік (күліп).
- Бүгінгі медицинада қандай мәселе бар?
- Біз бұрын ағаштан жасалған «стетоскоп» деп аталатын құрылғыны қолдандық. Соның көмегімен баланың жүрек соғысын тыңдап, жағдайын анықтайтынбыз. Басқа УЗИ, бүгінгідей техникалық құралдар жоқ. Содан болар дәрігердің түйсігі сезімтал еді. Алдына келген адаммен тілдесіп, мұқият қарайтын. Қазір көбі аппаратқа сеніп кеткен. Оның үстіне ауруханада жұмыс қағазбасты сипатқа көшті. Өткенде емханада кезекте отырсам, бір үлкен кісі: «Құдайым-ау, бұрын дәрігер тыңдап, ұстап көретін еді. Қазіргілер алаңсыз қағаздан басын көтермейді ғой» деді. Бір жағынан дәрігерді де түсінуге болады. Әр науқасқа санаулы минут беріледі. Оның үстіне поликлиникада бас маманның саны аз. Мәселен, кардиолог, уролог, эндокринолог, хирург сынды білікті мамандар тапшы. Жыл сайын мыңдаған түлектер медицина саласына оқуға түседі. Осыны бір жүйеге келтіріп, еліміздегі әр ауруханаға қай саланың қанша маманы керек екені нақтылану керек. Сонда мамандар тапшылығы болмайды.
- Сізді ұжымдастарыңыз «кемпір» деп атаған екен. Осының себебі неде?
- Бұл лақап атты маған Культаева деген дәрігер 37 жасымда қойған. Тойда, отырыста берген сарқытты жас болсам да жұмысқа әкеледі екенмін. Сонда манағы кісі әзілдеп: «Осы кемпір секілді бәрін тасиды да жүреді» дегені бар. Содан кейін әріптестерім кемпір деп атап кетті. Жұмыста біреуге дауыс көтеріп, не жанжалдасқан кезім болмаған. Себебі мен адам бойында сыпайылылық қасиетін бағалаймын. Әсіресе «арп» ете қалатын жастарға көңілім толмайды. Бірде автобуста жас қызға: «Қызым, қайдан түсесің?» десем, «Не шаруаңыз бар?» деп жауап берді. Менен бұрын түсетін болса, ары қарай отырайын дегенмін. Кейін мән-жайды білген соң, кешірім сұрады.
- Егер уақытты кері айналдыру мүмкіндігі болса, осы мамандықты қайта таңдар ма едіңіз?
- Медицина саласының қиындығы көп, дегенмен қай уақытта болмасын сұраныста және сауабы мол іс. Бір көршім болған. Үш баласын да мен босандырдым. Үшіншісін босанып, шығарып алуға келгенде күйеуі заттарын асығыс дайындаған болар, әйелінің сырт киімін ұмытып кетіпті. Күн суық. Сонда өзімнің күртешемді кигізіп жіберіппін. Мен мұны ұмытып та қалдым. Жақында сол жігіттің анасымен жолықтық. Осы жайтты сол кісі есіме салып, алғысын білдіріп жатыр. Расында біреуге жақсылық істесең, міндетті түрде өзіңе қайтады. Кейде өмірімнің қиын сәтінде жолым кенет ашылып, қиын мәселе өздігінен шешіліп кетеді. Сонда іштей осы адамдардың алғысы мен тілегінің күші болар деп ойлаймын. Уақытты кері айналдырсам, ойланбастан осы мамандықты қайта таңдар едім.
- Әлемде «болашақ ұрпаққа жазылған хаттар» бар. Оның оқылуы тиіс уақыты сыртына жазылып, сенімді жерге қойылады. Егер 10 жылдан кейін жастар оқитын осындай хатты жазу бақыты сізге бұйырса, оның мәтіні қандай болады?
- Құрметті жастар! Негізі өмірдегі маңызды дүниенің бәрі қарапайым ұғымдар. Оны бәріміз жақсы білеміз, дегенмен көбіміз іске асырмаймыз. Оның көшін білім бастап тұр. Жаңа нәрсені білуге, оны өзгеге үйретуге талпыныңдар. Адамды дамытатын – еңбек. Жаныңа жақын іспен шұғылданып, қоғамға тамшыдай пайдаң тисе, сенен асқан бақытты жан жоқ. Одан кейін қолдау керек. Бір-біріңе қандай жағдай болмасын әрдайым демеу болыңдар!
- Қырық жыл бойы түрлі науқасқа қамқор болған Гүлжан апаның бойында өзгеде жоқ мейірімділікті байқадық. Бүгінде ол зейнетте. Десек те қамқорлығы ғажап. Ауласындағы кішкентай балапандары сөзімізге дәлел.
- Әсел БЕГМАН