КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ − ҚЫЗЫЛОРДА
«Сыр – Алаштың анасы». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деп анықтама берген аймағымыз тағы бір жемісті жылды артқа тастады. Әлеуметтің әлеуеті артып, экономикамыз дамып, құрылыс қарқын алып, жаңа жобалар жемісін берді. Жаңа жылға аяқ басар тұста, өткенді саралап, келешекке жасалар батыл қадамдар туралы сөз етсек...
Елдің бірлігі мен ынтымағы жарасымды тіршілікте көрініс тапты. Қай саланы алсақ та ауыз толтырып айтар жетістік жетерлік. Ақ күріштің отаны атанған қасиетті жеріміз халықтың несібесін молынан берді. Мәселен Сыр диһаншылары тынымсыз тіршіліктің нәтижесіндекүріштен рекордтық өнім алды. Қамбаға 500 мың тоннадан астам ақмаржан құйылды. 2017 жылы ауыл шаруашылығы тауарларының экспорты 42 пайызға артты, оның ішінде күріш экспорты 45 пайызға өсті. Шетел нарығына жол ашылды.
Қорқыт ата мемориалды кешенінде «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесі аясында этноауыл бой көтеріп, Байқоңыр ғарыш айлағы да сан мыңдаған туристі қабылдады. Осылайша, халықаралық көрменің жоғары деңгейде өтуіне Сыр халқы да белсенді атсалысты.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған делегация жұмыс сапарымен Иран Ислам Республикасында болып, сырбойылық кәсіпкерлер Гүлістан және Мазандаран провинцияларындағы ауыл шаруашылығы, өндіріс орындарын аралап көрді. Иранның бизнес қауымдастығына ортақ жобаларды таныстырды, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, мал шаруашылығы саласындағы ірі компаниялардың басшыларымен кездесіп, 8 меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, ирандық әріптестермен Қызылорда қаласында ет комбинатын және жеміс-жидектерді сақтау, жеткізу мақсатында сауда-логистикалық орталық салу көзделуде. Осылайша облыс буферлік аймақтан шығып, Иранға малдың алғашқы партиясын экспорттауды бастады.
Апатты үйлер жойылды. Тұрғындар жаңа баспанаға қоныс аударды. Жалпы аймақта 600 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласындағы Демесінов көшесінен 15,6 мың шаршы метрді құрайтын 230 пәтерлік 4 көпқабатты тұрғын үй иелерін тапты. Биыл Қызылорда қаласында 230 мың шаршы метр болатын 2 мың 971 пәтерлік 61 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде жеке инвесторлардың қаржысы есебінен 957 пәтерлік 24 көпқабатты тұрғын үй, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2 мың 14 пәтерлі 37 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Бұл тұрғындарға шаттық сыйлаған қоныс тойы алдағы жылыда жалғасын табады деген сөз.
Сырдарияның сол жағалауында алғашқы нысандардың құрылысы басталды. Аумағы 1532 гектар болатын жаңа қалада 3 млн. шаршы метрді құрайтын тұрғын үй кешені орналасады. Бұл 2025 жылға дейін 50 мыңнан астам адамды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба аясында 16 мектеп, 12 балабақша және 4 денсаулық сақтау мекемесі, 15 мың көрерменге арналған стадион және тағы басқа нысандардың құрылыстарын жүргізу жоспарланған. Мұнда 5, 9 және 12 қабатты құрайтын тұрғын үй кешендері бой көтереді. Келешекте сол жағалау толықтай игерілгенде жаңа мекенге 150 мың адамды қоныстандыру жоспарланған. Шығыстық стилдегі сәулеті мен сәні келіскен қала ажарлана түспек.
Аймақты көгілдір отынмен қамтамассыз ету жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Жуырда 4 жарым мыңдай сырбойылық қоныстанған Белкөл кенті газға қосылды. Бұған дейін қала маңындағы Тасбөгет, Қызылжарма және Талсуат елді мекендері газдандырылған болатын. Байқоңыр қаласын да газдандыру басталды. Ресей Федерациясы жалға алған 11 600 га жер елімізге шағын және орта бизнесті дамыту үшін қайтарылды. Сонымен жалпы есепте Қызылорданы газдандыру 95 пайызға жетті.
Сыр елі – оқу-білімнің ордасы. 2017 жылы мектеп бітірген түлектердің 97% жоғары және орта оқу орындарының студенті атанды. Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарындағы шалғай елді мекендерде алпысыншы жылдары асарлап салынған ескі апаттық жағдайдағы мектептер толығымен жойылды. Оқушылар замануи құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа мектептің табалдырығын аттады. Қызылорда облысы - Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты есебінен Ресейдегі жетекші техникалық оқу орындарында 452 түлегінің білім алуын ұйымдастырған еліміздегі жалғыз аймақ. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен қызылордалық жастар үшін «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» мамандықтарының магистратурасына жыл сайын 20 грант бөлу туралы келісімге қол жетті.
− Сыр өңірі халқының өмір сүру сапасы өсуде. Біз болашаққа сеніммен қараймыз және еліміздің дамуына нақты істерімізбен зор үлесімізді қосқымыз келеді, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев орталық коммуникациялар қызметінде сөйлеген сөзінде.
Тірлік пен бірліктің, құт пен берекенің, ынтымақ пен ырыстың қасиетті мекеніне айналған өңірдегі өркенді өзгерістер алдағы жылы да жалғасын таппақ.
Гүлбану МАҚАЖАН