Оң динамика: IT мамандығы
Кеше аймақ басшысы Қ.Көшербаев облыстық мәслихаттың кезекті ХХІ сессиясында биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша есеп берді.
Жалпы өңірлік өнім, инвестиция, құрылыс, ауылшаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, т.т.с – барлық сала бойынша аймақтың экономикалық іс-қимылы оң бағаланды. «Биылғы жартыжылдық облысымыз үшін табысты болды деп айта аламын. Барлық макрокөрсеткіш бойынша жағымды оң динамикаға қол жеткіздік», – деді аймақ басшысы. Әлеуметтік тұрақтылық пен бағаның елеусіз көтерілгеніне қарамастан бөлшек тауар айналымындағы оң динамика да біз үшін өте маңызды. Бұл халықтың сатып алу қабілетінің біршама жоғарылағанын көрсетеді. Экономикадағы оң процесс жыл бойы өңірдегі жұмыссыздық деңгейін 4,8%-дан асырмауға мүмкіндік беретінін де баса айту керек. Бұл тіпті республиканың орташа көрсеткішінен бірнеше сатыға төмен.
Жұмыссыздық, жұмыспен қамту дегеннен шығады, осы жазда Ресейдің маңдайалды инженерлік оқу орындарын бітіріп, елге оралған 62 түлектің 13-і оқуын магистратурада жалғастырса, бірқатарын облыстық кәсіпорындар жұмысқа қабылдауға дайын. Мысалы, «ҚазАтомПром» кәсіпорны 11-ін, ал, «Гежуба Шиелі Цемент» серіктестігі 8-ін жұмысқа қабылдауды жоспарласа, енді бір тобын «СКЗ-U» күкірт қышқыл зауыты, Қызылорданың кішітонажды мұнай өңдеу зауыты, «Кристалл менеджмент» және т.б. ірі кәсіпорындар жұмысқа қабылдауға тілек білдірген. Сонымен қоса мемлекеттік қызметтің кадрлық резервіне алынатын да бітіруші мамандар бар.
Ең сенімді инвестиция білімге салынатынын жақсы білетін және оны іс жүзінде үнемі дәлелдеп жүретін білікті басшы биылдан бастап облыс әкімінің гранты 2 есеге өскенін айтты. Оның 70%-ы ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға бөлінеді. Сондай-ақ биылдан бастап М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» мамандықтары бойынша Қызылорда жастарына магистратурада оқу үшін 20 грант бөлінді. Бұған қосымша осы шілде айының басында Астанада ЕвраАзЭС-тің парламентаралық ассамблеясы жанындағы университетпен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Оның құрамына 3 институт, 4 факультет, 17 кафедра кіреді.
«Қазір қабілеттілікке қол жеткізетін ең қажетті деген кадрларды дайындау заманы. Біздің өрендеріміз білім алатын университеттің жаңа бағытының бірі – бизнес-информатика. Осы мамандық аясында біздің жастар цифрлы экономиканың дамуы кезінде маңызды саналатын блокчейн және криптовалютаны меңгереді. Университет жыл сайын түсу емтихандарын сәтті тапсырғанҚызылорда облысының түлектеріне 10 білім беру грантын бөлетін болды», – деді Қ.Елеуұлы.
Биылғы түлектердің жоғары және арнайы оқу орындарына түсу көрсеткіші әзірге белгілі болмаса да, қорытынды жаман болмайтынына әкім сенім білдірді.«Өкінішке қарай, жоғарғы оқу орнына түсуге қажетті 50 баллды жинай алмаған түлектер де бар. Биыл олардың саны 113 адам, бұл жалпы Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғандардың 2,3%-ы. Былтырғымен салыстырғанда жоғары оқу орнына түсуге қажетті шекті балл жинамаған түлек санының азаюы қуантады. Бірақ бұл әлі де болса назардан қалыс қалған мәселелердің бар екенін көрсетеді. Қалай болғанда да, жоғары және арнайы оқу орындарына түсе алмай қалған жастардың әрқайсысымен жеке жұмыс жасаймыз. Олардың өзін "жоғалтып", "маргинал" жастар қатарын толықтыруына қол қусырып қарап отыруға болмайды» – деді аймақ басшысы.
Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ