«Қазавиақұтқару» басшысы тікұшақтар екі есе тапшы екенін айтты
Қазақстанда құтқару жұмысына маманданған тікұшақтар жетіспейді. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті «Қазавиақұтқару» АҚ бас директоры Андрей Косолапов мәлімдеді.
«Қазавиақұтқару» авиапаркінде қазіргі таңда елімізде және шетелде шығарылған 27 тікұшақ бар. Тікұшақтар Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Талдықорған, Өскемен, Павлодар, Орал, Балқаш қалаларында орналасқан. Дегенмен «Қазавиақұтқару» АҚ бас директоры сонда да елімізде тікұшақтар жетіспейтінін айтты.
«Бұл аз. Екі есе болуы керек. Себебі алдымызда тұрған санитарлық авиация, орманды қорғау міндеттерімен қатар, біз қазір іздеу-құтқару жұмысын өзімізге алдық, сондай-ақ, туризм желісінде де жұмыс істеп көруді сұрадық. Яғни, бізде тікұшақтар тапшы. Тікұшақ ол біреу ғана, ол бірден үш міндетті атқара алмайтынын түсінуіміз керек. Егер ол санитарлық модульмен жабдықталса, оны басқа құтқару саласы үшін қайта жабдықтау ұзақ уақытты алады және ол бір жерде тұрып бірнеше міндетті атқара алмайды. Санавиациядан шақыру түскенде дәл сол уақытта басқа да желілерден шақыру келіп түседі. Осындай жағдайлар санавиацияда үнемі болып тұрады, сол себепті тікқұшақтар тапшы», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Косолаповтың айтуынша, Жол Картасымен авиапаркте тікұшақ санын екі есе көбейту жоспарланып отыр.
«Алдағы 3-5 жылда жүзеге асады. Қазір бюджетті, өндіруші зауыттардың жүктемесін түсініп отырмыз. Күзге қарай қалай жүзеге асатынын көретін боламыз. Модернизацияна да қарастырып жатырмыз. Парктер ескі болмаса да ол да біркүні ескіреді. Оны көшіру қажет екенін түсінуіміз керек», - деді «Қазавиақұтқару» басшысы.