» » ҚАМБАШ: табысты туризмді қашан түлетеміз?!

ҚАМБАШ: табысты туризмді қашан түлетеміз?!

Биыл әдепкідей жаз келгенмен бірден ыси қоймады. Осы жаз болмайды-ау деп жүргенімізде, шілде басталысымен «міне, саған жаз» дегендей күн өртеп сала берді. Температура 41 градус деп жай хабарлама келгенімен, кейбір жерлерде 50-ден аса ыстықты көрсеткені өтірік емес. Жәә, бірді айтып, бірге кетіппіз. Мәселе мынау болып тұр ғой. Күн ысыған сайын, кепкен балықтай аузымызды ашып, «туһ, шіркін, осындайда бір салқын суға сүңгіп алғанға не жетсін» деп армандайтынымыз бар. Шынымен, осындай ыстықта суға түсіп демалған бір ғанибет. Сонымен, жергілікті тұрғындар қайда демалып жүр?! Өз басым, еңбек демалысым күздің қақ ортасына сәйкес келетіндіктен, сенбі, жексенбі күндері қалаға жақын жердегі кейбір ақылы демалыс орындарға барып, суға түсіп, тыныстап қайтатынмын. Өткен аптаның демалысында Қамыстыбас, жергілікті тұрғындар Қамбаш деп атайтын демалыс орнына барып, талай қызықтың (қызықтан көрі шыжық деуге келіңкірейді) куәсі болып қайттым.
Тап-тар қуықтай сәкі деуден гөрі тауықтың кепесіне ұқсайтын отырар орнымызды қып-қызыл ақшаға жалдап алған соң, жан-жағымызға бажайлап қарай бастадық. Рас, суы мөлдір, тамаша екен. Демалыс күні болған соң, кісі қарасы тіптен көп. Бірден айтайын, тазалық жайы мұнда тайғанақтап тұр. Абайлап жүрмесең, сусын мен сыраның бөтелкесіне шалынып құлап, етбетіңнен түсуің мүмкін. Кейбірі солай түсіп жатты да. Әр жерде шашылған темекінің тұқылын мен айтпай-ақ қояын. Демалыстың төресі осы екен дей ме, мұнда келген кейбір жұрт масаңдау күйде жүр. Мұндайға ескерту тақтайлар ілініп тұр, оған пысқырған пенденің қарасын да байқай алмадық. Барлығы демейін, кейбір кәсіпкерлер қызмет көрсететін  өз аймағын тап-тұйнақтай етіп қойған. Кейбірі дәретхана да тұрғызбаған. Тұрған күнде тым жақын орналасқан, кейбірі тіпті құлап жатыр.
Айтпақшы, адамдармен бірге жақын ауылдардан келген сиырлар да емін-еркін сайран салады мұнда. Елден қалған көкөністің қалдығы, қауын-қарбыздың қабығына дәніккен мүйізділер сыртта тұрып кәдімгідей «туған құдағиыңдай» сенен «сарқыт» дәметеді. Күлеміз-ау, бірақ бұл рас. Көзбен көрген дүниені қалай жасырамыз, ашығын айтқан бізді ешкім сөге қоймас.
Суы мөлдір әрі емдік қасиеті мол деп жоғарыда айтып кеттік. Бұрынғыдай  жағалай тігілген ақшаңқан киіз үйлердің орнын қазір мұнда кәдімгідей демалыс үйлері мен аппақ шатырлар басқан. Келушілердің емін-еркін демалуына жағдай жасалған деуге болады, егер тазалық санатқа кірмесе. Кәуап дейсіз бе, сыра дейсіз бе, тамақтың түр-түріне тапсырыс берсеңіз де, қызметіңізге әзір. Бір айыбы, біз барғанымызда, осы тамақ қалдықтарының дәл адамдар орналасқан жерге тау боп үйіп тастағанын көрдік. Ал, енді оның күн ысығандағы исі мұрныңызға келгенде... Қандай демалыс, қандай «тазалық» десеңізші!..
Түйін. Барлығын бірдей кәсіпкерге не болмаса жергілікті билікке жаба салудан аулақпыз. Жағалауға келген әр демалушы өз ауласындай таза қараса деген ниет біздікі. Айтпақшы, қайтар уақытта бізге қызмет көрсеткен кәсіпкер мен ондағы қызметкерлер өзіне тиесілі аймақты тазалап, қоқыстарды арнайы көлікке артып  жатты. Бұған да шүкір дестік.
Ержан ҚОЖАС
26 шілде 2018 ж. 1 174 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031