266 ЖАС – КӘСІПКЕР
Мемлекет басшысының Жолдауында жастарды қолдауға бағытталған жобаға басымдық беріледі. Соның бірі – «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы. Аталған жоба өткен жылдан бастап еліміздің бірқатар аймағында пилоттық жоба ретінде енгізілді. Жобаның мақсаты – осал топтағы жастардың бастамасына қаржылай қолдау көрсету және осы арқылы шағын және орта бизнесті дамыту. Бұл жобаға кәсібін ашсам деген 16-29 жас аралығындағы жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі жасқа 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант беріледі. Биылдан бастап жоба біздің облысымызда қолға алынды. Биыл Қызылорда облысында жастар тарапынан 671 өтінім қабылданып, оның 266-сы жеңімпаз атанды. Қызылорда қаласы 93 жоба жеңімпазымен көш басында тұрса, мұнан кейін Жаңақорған ауданы 69 жоба жеңімпазы анықталған. Ал Шиеліде – 30, Жалағашта – 26, Сырдарияда – 19, Қармақшыда – 14, Қазалыда – 11, Арал ауданында 4 жоба үздік деп танылған. Бүгінде жобаны үйлестіру тобы ерекше идеяны сараптап, жеңімпаздарды қаржыландыру жұмысы жүргізуде.