Тойға шығып, жерлеуге бардық: Шымкентте жол апатынан бүтін бір отбасы ажал құшты
Шымкентте жан түршігерлік жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан үш марқұмның денесі жер қойнына тапсырылды. Апат нәтижесінде бір отбасы мүшелері-енесі, келіні мен екі айлық нәресте көз жұмған еді деп хабарлайды bnews.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Қаза болғандардың туыстары (олардың саны 250-дей) Қазақстанның әр аумағынан үлкен тойға қамданып шыққан. Олар жанұяның жеті жылдан аса күткен сәбиін қырқынан шығаруға асыққан екен. Алайда, меймандар той емес, жерлеу рәсімінің үстінен түсеміз деп ойламаса керек.
"Біз жұбайымыз екеуміз алғашқы сәбиімізді ұзақ күткенбіз. Дәл сол күні әйелім, анам мен қызым үшеуі әпкемнің үйінен "Доэ Джентра" көлігімен келе жатқан. Рысқұлов көшесінде Қонаев бульвары бағытында жүрген олар Адырбеков көшесіне бұрылатын болыпты. Алайда, дәл осы кезде менің анамның көлігіне "Мерседес" көлігі соғылған екен. Осы мезетте жұбайым мен қызым көлік салонынан ұшып кеткен. Әйелімнің басы толығымен жарылып кетіпті" ,- деді көз жасын тоқтата алмаған күйеуі.
Ал қазіргі уақытта дәрігерлер "Мерседес Бенс" көлігінде болған жолаушы қыздың өмірі үшін күресіп жатыр. 1996 жылы туған бойжеткен ауыр жағдайда жан сақтау бөліміне түсіпті. Ақ халаттылардың көмегі "Мерседес"көлігінің жүргізушісі, 1999 жылы туған азаматқа да қажет болған екен. Қазір көлік оқиғасына қатысты сот алды тергеу жұмыстары жүріп жатыр.