АВТОКӨЛІК ҚҰЖАТЫН ОНЛАЙН АЛУҒА БОЛАДЫ
Енді жүргізуші куәлігін ауыстыру мен көлік құралын тіркеу мемлекеттік қызметтерін Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы онлайн форматта алуға болады.
Бүгін «Азаматтарға арналған үкіметтің» облыстық филиал қызметкерлері осы қызметтерді автокөлік иелері арасында кеңінен ақпараттандыру және танымал ету мақсатында кең көлемді акция өткізді.
«Аталмыш қызметтерді онлайн-режимде алу механизмі өте қарапайым. Ол үшін egov.kz порталына кіріп, тиісті өтінімді толтырып және өзінің жеке электронды цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) қол қойса болғаны. Бұрын көлік құралын сатушы және сатып алушы осы қызметті көрсетуге өтінім беру үшін
– Азаматтарға арналған үкіметтің» фронт-офисіне (ХҚКО, мамандандырылған ХҚКО) бір уақытта барлық қажетті құжаттарымен баруы қажет болатын. Енді азаматтар үйден шықпай-ақ, онлайн режимінде өтініш беру мүмкіндігіне ие болды,- дейді мемлекеттік корпорацияның облыстық филиал директорының орынбасары Айнұр Тобаева.
Айта кетейік, қызмет іске қосылғаннан бері 150-ге жуық қызылордалық жаңашылдықтың игілігін көріп,аталмыш қызметтерді онлайн түрде алған.
Облыс көлемінде өтіп жатқан акция барысында 1000-ға жуық ақпараттық брошюралар таратылып, кеңес берілді. Шара алдағы уақытта да жалғасын табады.