Елбасы Путинге көңіл айтты
Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік әскерилердің қазаға ұшырауына байланысты көрші елдің президентіне көңіл айтты
Қазақстанның мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Сонымен бірге Қазақстан президенті Сирияда Ил-20 ұшағының апаты салдарынан Ресей әскери қызметшілерінің қазаға ұшырауына байланысты Владимир Путинге көңіл айтты.
Мемлекет басшылары алдағы кездесулер кестесін, соның ішінде Тәжікстанда өтетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері басшылары кеңесінің отырысына дайындық барысын талқылады.
Телефон арқылы сөйлесуге Қазақстан жағы бастамашы болған.
Сейсенбі, 18 қыркүйекте бортында 15 әскери қызметші отырған Ил-20 ұшағы радар экранынан жоғалып кетті. Ұшаққа сириялық С-200 ракетасымен шабуыл жасалды. Ішінде болған барлық ресейлік әскери қызметші қаза тапты.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/