Елбасы Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті
Әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті биылғы 18 қаңтарда Ақтөбе облысында жолаушылар автобусының өртенуі салдарынан Өзбекстан азаматтарының қайғылы қазаға ұшырауына байланысты Шавкат Мирзиёевке көңіл айтты.
Мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың жағдайы мен перспективасын талқылап, күн тәртібіндегі өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Соңында тараптар алдағы кездесулер кестесін қарастырды.
Естеріңізге сала кетсек, төтенше жағдай 18 қаңтар күні Қалыбай ауылынан 10 км және облыс орталығынан 320 км қашықтықта Самара-Шымкент трассасында Астана уақытымен сағат 10.30-да болды. Өзбекстанның 57 азаматы отырған «Икарус» маркалы жолаушылар автобусы өртенді. Ақтөбе облысының ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, жанып жатқан автобустан 5 адам шығып үлгеріпті, 52 адам қайтыс болған. Бұдан кейін Ақтөбеде өртенген автобустың видеосы шықты.
Сонымен қатар, автобустағы өрттен зардап шеккендердің аты-жөні белгілі болды, қазір оларды Ақтөбеге алып бара жатыр. Олардың арасында үш жүргізуші, Қазақстан азаматтары – 1985 жылы туған Мақсат Пернебек, 1968 жылы туған Нұржан Қырғызбаев, 1978 жылы туған Барат Таңатаров. Барлығы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны. Қалған екеуі Өзбекстан азаматы – 1988 жылы туған Ахрор Исаков және 1980 Исроилджан Мырзахметов. Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстанда болған оқыс оқиға орнына дәрігерлер, СІМ және министрлік қызметкерлерін жіберу үшін ұшақ жіберетінін хабарлаған.