» » Оқушы кәсіпкерлер

Оқушы кәсіпкерлер

  Уақыт өткен сайын кәсіпкерлер қатарының артуы қуантады. Әйтсе де олардың ішінде «шықпа жаным, шықпамен» кәсібін әзер жүргізіп отырғандары да бар. Демек әлі де кәсіп ашамын деп талаптанғандарға қолдау көрсету қажет-ақ. Себебі, ел экономикасының өрлеуіне кәсіпкерлер құйған салықтың әсері мол. Кез келген алпауыт мемлекетті алсақ, кәсіпкерлер арқылы өсіп-өркендеген.
Осындайда Айдос Сарымның мына бір сөзі еске түседі: «Ендігі уақытта мұнайдың бағасы мен бағамы қанша дәрежеге өссе де, оның экономикаға тигізер пайдасы төмендей бермек. Осы кезге дейін біздің болмысымыз бен тірлігіміз, жетістігіміз бен жаңалығымыз тікелей мұнайдан, шикізаттан келген қаражатқа тірелген болса, ендігі уақытта шикізат экономикамыздың басты қозғағышы, басты энергия көзі болмайды. Қазақ экономикасын алға сүйреп, өрге тартатын бір ғана энергия көзі қалды: ол – азаматтардың бойындағы энергия, қажыр-қайрат, ерік-жігер. Басқасының барлығы бос сөз, сағым-мұнар. Тек азаматтарымыз өз-өзіне, еліне, мемлекетіне сенген кезде, өздерінің еліне қажет екенін сезінген кезде ғана экономикамыз қарыштап дами алады». Шынында да, біз енді мұнаймен мақтана алмаймыз. Еліміздің қарыштауы жеке кәсіп ашқан азаматтардың қолында
тұр десек артық айтқандық емес. Кәсіпкерлердің едәуір көп болғаны, әрине, халыққа да тиімді. Бір азамат кәсіп ашса, он адамды жұмысқа тартады. Бұл – он отбасының әл-ауқатының көрсеткіші. Дәл осылай жұмыссыздық мәселесін де шешуге болады.
Кәсіп ашуға ынталандыру үшін мемлекет бөлген қыруар қаржыны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ бір әттеген-айы, оны жұрттың көпшілігі өз игілігіне қолдана алмай жүр. Неге? Ерік-жігер жетіспейді. Кері тартатындар көбірек. Әлеуметтік желіде ерік-жігер береміз деп айқайлатып жарнамалап, тегін тренингке шақырушыларды жиі көзіміз шалады. Бірақ мына сөзді білу керек: «есекке мотивация берсең де тұлпар боп кетпейді, тек мотивациясы бар есек болады». Сондықтан ерік-жігер адамның өз ішінен шығатын таусылмайтын дүние екенін түсінген абзал. Жігерлі адам кез келген қиындыққа төтеп береді. Елбасының да айтқаны бар: «Мені өмірде не таңқалдыратынын айтқым келеді. Мәселен, кәрістер жер шарындағы ең еңбекқор халық. Таңғы жеті-сегізден барлық кәріс жұмыс орнында отырады. Бес жасар баласы сөмкесін иығына асып алады да, өмір бойы жұмыс істейді. Кореяда теңселіп, қыдырып жүрген балаларды көрмейсің. Ондай елде қылмыс та аз болады». Өзбектер баласын саудаға, жапондар техникаға баулиды. Жазушы Дулат Исабековтің жазғанындай, балаларымыздың жоғары білім алып, жұмыссыз қалып жатқанынан гөрі белгілі бір кәсіпке жас кезінен баулыған дұрыс-ақ. Әрине, біз де құр алақан емеспіз. Дегенмен кенже қалған тұстар жеткілікті. Қазір баланы еңбекке баулу жағы кемшіндеу. Мысалы, көп қабатты үйдегі қала балаларының мектептен тыс уақытта істейтін жұмысы жоқ. Өнер үйірмелерінің жөні бөлек.
   Кәсіпті бала кезінен жанына серік еткен Мирас Бекжанов былай дейді:
«Қазір саудамен айналысамын. Бұл маған таңсық дүние емес. Себебі бала кезімнен анам жаздай балмұздақ сатқызатын. Содан бері ақшаға көзқарасым өзгерді. Кейін кәсібімді бастағанда ешқандай қорқыныш болған жоқ. Баланы жас кезінен кәсіпке баулудың бір пайдасы: бала тез ер жетеді, өз бетінше өмір сүре бастайды».  
Сөз орайында «Алматы – Ақтөбе» бағытындағы поезда еден жуушы әйелдің әңгімесі еске түседі. Оның айтуынша, мектеп жасындағы қызы өз бетінше жұмыс істегісі келеді. Бірақ анасы ретінде рұқсат бермей отыр екен. Себебі, қай кезде де жұмыс істеп үлгереді-мыс. «Күйеуге тигенде бәрі қалады ғой, одан да жас кезінде қызық көріп қалсын» дейді жас ана. Рас, мұндай пікірдегі адамдар арамызда жоқ емес. Адам пікіріне қарай әрекет жасайтынын ескерсек, бұл тығырыққа тірейтін ой сияқты. Өйткені қызық қуамын деп, өмірін шыжыққа толтырып алған адамдар аз емес.
Америка инвесторларының бірі Уоррен Баффет бала кезінен газет таратып, сағыз сатқан. Бұғанасы бекімей тұрып еңбектің ащы дәмін татқан ол қазір әлемнің ең бай адамдарының тізімінде тұр.
Аманжол Рысмендиев, халықаралық деңгейдегі трансформациялық бизнес-тренер:
      – Мен өзім 1 сыныбымнан бастап жұмыс істей бастадым. Таңертең сағат 4-те тұрып, сабақ оқып, түске дейін сабақта отырып, түстен кейін әр түрлі іспен айналыстым. Кейде мұғалімдерден сұранып та еңбек еттім. 9-сыныпта республикалық «Ара» журналында тілші болдым. Косметика сататын компанияларға тіркеліп, бет бояйтын, әрлейтін заттарды оқушыларға, мұғалімдерге сатқаным да бар. Сенбі, жексенбі күндері ағаш базарына барып, алып сатумен де айналыстым. Айтайын дегенім, бала мектеп жасынан бастап, қосымша бір іспен шұғылдану керек. Әрине, ҰБТ-ға да дайындалу керек. Бірақ тестілеудегі нәтиже өміріңе көрсеткіш бола алмайды. Кез келген үздік диплом немесе үздік атестат өміріңізде табысты болуға кепіл емес. Сондықтан жас кезіңнен бастап кәсіппен айналысу керек. Соның нәтижесінде болашақ өмірде тәжірбиелі боласыз, сонымен қатар, шынайы өмірдің дәмін татасыз.
Думан КЕҢШІЛІК,
      Байқоңыр қаласы
27 қыркүйек 2018 ж. 1 140 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930