» » Сервер және аутсорсинг

Сервер және аутсорсинг

Tsifrlyq Qazaqstan
 Ақпараттық Қазақстан, Цифрлы Қазақстан бағдарламаларына сәйкес Қазақстан алдағы 5 жылда үлкен серпіліс алу қажет. Бұл бағдарламалар экономикадағы барлық мекемелердің алдына мақсат қойып отыр. Алайда мақсатқа жету жолын табуды, яғни міндеттерін анықтауды әрбір мекеменің өз құзырына қалдырады. Цифрлі форматқа көшіру үшін әрбір мекеменің мәліметтер қоры сақталатын ресурсы болу қажет, оны сервер деп атаймыз.
Шағын мекемені алып қарастыратын болсақ, ондағы орналасатын сервердің негізгі мақсаты: мәліметтерді сақтау, қолжетімділік және өңдеуге атсалысу. Нарықтағы сервердің бір бағасы 700.000 теңгеден басталады. Оған қосымша тағы да құрылғылар алынады. Сонымен миллион теңгеге дейін барады. Серверді алғаннан кейін оған қарайтын, баптайтын желілік администратор керек болады. Олар нарықта Қызылорда облысында кемі 100.000 теңгесіз жұмысқа келмейді. Осы жайттарды ескерсек, шағын кәсіпорындарға цифрлік әлемге ену қаншалықты пайдалы? Шығынды қалайша тиімді ұйымдастыруға болады және сапалы маманды қалай табады? Егер Қызылорда қаласында болса, желілік администраторды табуға болады, ал ауылда шағын бизнес мәселені қалай шешеді? Міне осы сұрақтар біздің мекеме басшыларын енді мазалай бастайды. Әзірге шағын мекемелер өз мәліметтерін локальді компьютерлерде сақтап жүр, алайда ол өте қауіпті. Жұмыс компьютерлерінде іс әрекеттер тәуекелі жиі болады (вирустық шабуыл, жарықтың мезгілсіз өшіп қалуы, байқаусыз мәліметті өшіріп алу т.с.с). Ал сервер оқшау тұратын құрылғы және ол міндетті түрде ҮҚК (үздіксіз қуат көзі, UPS) арқылы жалғанады, мезгілсіз тоқ көзі өшкен жағдайда алғашқы жарты сағатқа дейін сервер жұмысын тоқтатпай, жұмыс жасауға ықпал етеді.
        
         Бұл мәселелерді шешудің бірнеше жолы бар:
Бұлттық шешімдерді қолдану. Бұл сөздің астарында не жатыр? Яғни, сіздің мекеме интернет арқылы виртуалды серверге тапсырыс береді. Қазақстан нарығында қазіргі таңда өзінің виртуалды бұлттық шешімдерін ұсынатын компания жетерлік. Сол компанияның бірімен келісіп, серверге сақтайтын ақпараттың барлығын провайдер серверінде сақтайсыз. Оның пайдасы неде?
Егер сіздің мекемеден шығатын жалпы мәлімет қоры айтарлықтай үлкен болмаса, қымбатқа сервер алғанша, виртуалды түрде серверден орын сатып алған ыңғайлы.
Сервер кабинеті арнайы 24 сағат бойы қосылып тұратын кондиционермен жабдықталып, салқындатылып тұру қажет. Ал виртуалды сервер алсаңыз, бұлтта, яғни интернетте тұрған файлдар арнайы жағдайды қажет етпейді.
Антивирустық қорғауға аса көңіл аударған жөн, серверге арналған антивирустық бағдарлама лицензиясы бір жылға орташа 250 мың теңге тұрады. Виртуалды сервердегі мәліметтерді қорғау – провайдер компанияның міндеті.
Екінші шешім IT аутсорсинг жасау. Аутсорсинг – мекеменің өзінің стратегиялық бағытына сәйкес емес қызметтерді мамандандырылған компанияларға беруі. Яғни, ауылшаруашылық мекемесі, айталық, аудан орталығында орналасқан, ауылдық мекендерде шағын офистері бар. Барлық офисте мәліметтер сандық форматта орталықтандырылу қажет. Бұл процесті орындау үшін ауыл шаруашылық мекемесі басшысының ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласында білімі болуы қажет. Ал, ол кісінің оны игеруге уақыты жоқ, егін және оның сапасы – басты орында. Сапалы маман жалдаған жағдайдың өзінде ол маман «басшым бәрібір түсінбейді» деп кейбір операцияларды соңына дейін орындамауы мүмкін. Бұл мәселелерді қалай шешеміз? Жолы – ақпараттық технологиялар аутсорсингіне беру. Аутсорсингтің басқа келісім шарттық ұжымдасудан ерекшелігі, аутсорсингке алған компания мен жалдаушы арасындағы келісімшартта нақты мақсаттар қойылып, регламент бекітіледі. Аутсорсинг – бір мезеттік жұмыс емес, жыл бойғы іс әрекеттерді сүйемелдеуге арналған ұжымдасу.
Аутсорсингтік қызмет көрсету Қазақстан нарығына толық енген жоқ. Алайда, кейбір қызмет түрлерінде оны байқауға болады. Мысалы, клинингтік қызмет, күзетшілік қызмет. Ақпараттық технологиялык аутсорсингті ұсынатын мекемелер Қызылорда қаласында бар. Аутсорсингтік қызметтің пайдасы неде деген сұрақтың жауабы мынадай:
Сапалы ақпараттық технологиялар маманын іздеп табу қиындау, табылған жағдайда көрсететін қызметіне байланысты нарықтағы бағасы кемі 100 мың  теңге. IT аутсорсингке қызметті беру арқылы бұл шығынды 3 есеге дейін азайтуға болады.
Басшы IT маманға өз қызметтік міндетін толық түсіндіре алмауы мүмкін, аутсорсингке алынған жағдайда басшылық пен қызмет көрсетуші компания арасында келісім шарт барысында мақсатқа жетудегі барлық іс әрекет тізіледі.
IT маманыңыз кез келген уақытта, жағдайға байланысты немесе ауырып қалуы мүмкін, немесе жұмыс орнын алыстыруы мүмкін. Қызметті аутсорсинге беру арқылы сіз маман үшін қам жемейсіз, өйткені қызмет көрсетуші IT мекеме арасындағы келісім шартта қызметті 24 сағат үзбеу көрсетіледі. Көрсетпеген жағдайда қызмет көрсетуші мекеме шығынды өзі өтейді.
Айта берсе, аутсорсингке қызметті берудің оң тұстары көп. Тек қана IT аутсорсинг емес, бухгалтерлік есепті ауторсингтік қызметке шығаруға болады. Бұл жағдайда салық комитетінің кез келген сұрағына қызметін ұсынып отырған мекеме жауап береді және «көлеңкелі» экономиканы жоюда көмегін тигізеді. 
Қорытындылай келе, Цифрлі Қазақстан бағдарламасы аясында қарқынды адымдар жасау үшін сапалы маман қызметін пайдаланған жөн. Ал нарық қазіргі таңда олардың қызметін қалай пайдалануға болатынын ұсынып отыр.
Нұрлан ҚҰЛМЫРЗАЕВ,
экономика ғылымдарының кандидаты
,
04 қазан 2018 ж. 804 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031