Халық қошеметі шабыттандырады
Sahna
Зарина Кенжеәлі, актриса:
Зарина Асылбекқызы 1995 жылы Қызылорда қаласында туған. Алматыда Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында Театр өнері факультетінің "Драма және кино артисі" мамандығын бітірген. Бүгінде Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ драма театрының актрисасы.
– Неге артист болғыңыз келді?
– Мен кішкене кезімнен бастап өнерге бейім болдым. Үйірмелерге жазылып, "Қыз сыны" секілді жарыстарға қатыстым. Театрға деген қызығушылығымды ұстазым оятты. Бізді үнемі мектеп ұжымы театрға апаратын. Уақыт өте жиі баратын болдым. Сол сәтте Зәлипа Төлепова көзіме оттай басылатын. Оның актерлік шеберлігі, сахнада өзін-өзі ұстауы, образды ашуы бәрі-бәрі мені қызықтырды. Ол кісіден сабақ аламын деген ойда болдым. Осылайша 8 сыныптан бастап академияға тапсыру үшін дайындала бастадым. Зәлипа апай академияға түсуіме көп көмектесті. Үйретті, дайындады. Сол кісіден сабақ алып жүріп, театрға күнде келіп, қойылымдардан қалмайтынмын. Проза, поэзия, монолог, этюд-оқиға дайындалып, 11 сыныптан кейін академияға тапсырдым. Ақылы бөлімде оқыдым. 4 курста грантқа ауысып, академияны үздік бітірдім.
– Туған қалаңызға әдейі келдіңіз бе?
– Оқуды бітірген соң Астанада Қуанышбаев театрына шақырды. Десе де өнер жолын Нартай Бекежанов театрынан бастағым келді.
– Ата анаңыз актриса болуға қарсылық танытпады ма?
– Алғашқыда Алматыға тапсырамын дегенде аздап қарсылық танытты. Алыс қалаға бармай, өзге мамандықта оқуыма кеңес берді. Бірақ олар тандаған мамандықты оқығаныммен түбі өнерге баратынымды айттым. Содан болар, келісімін берді.
– Алғашқы рөліңіз қандай?
– Әлімжановтың "Ойнайықшы бір, ойлайықшы бір" қойылымында Бекірештің рөлін ойнадым. Заманауи жастарға арналған қойылым болғандықтан өзімізге еркіндік берді. Көрермен қалай қабылдағанын білмеймін, бірақ өзіме ұнады.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Бос уақытымда сурет салғанды, билегенді, өз ойымнан ас пісіріп жаңа нәрсе шығарғанды ұнатамын.
– Өз ойыңыздан тамақтар дайындайтын болсаңыз, аспаздық қырыңыздан да танылып қаларсыз...
– Мүмкін (күліп).
– Актер жан-жақты келеді. Ол түрлі мамандық иесі бола алады. Әншілікке де жақын.Қандай аспаптарда ойнайсыз?
– Әпкем фортепиано бітіргендіктен маған аздап үйреткен. Гитарадан үйірмеге қатыстым. Әзірге осы екі аспапта ойнаймын.
– Рөлді алған соң қалай жұмыс істейсіз? Әр актердің образ іздеу тәсілі болады. Сіз образды қайдан аласыз?
– Бірінші пьесаны алғанда оны бірнеше рет оқып аламын. Сосын ұстазымыз үйреткендей, Станиславскийден алынған М.Байсеркеновтың тәжірибесі бойынша бірінші – мақсатың не, екінші – партнердан саған не керек деген сұрақтарға жауап іздеймін. Содан кейін кейіпкерімнің өмірбаянын жасаймын. Кейіпкерді ашу мақсатында көп ізденемін. Кітапханаға барып, ол туралы мағлұматтарға қанығамын. Жұмыс барысынан бөлек те дайындаламын. Бастысы, көрермен көңілінен шығу.
– Өмірдегі ұраныңыз қандай?
– Уәде бердің бе, орында!
– Өзіңіз еңбек етіп жүрген салада сізді ойландыратын мәселе бар ма?
– Бар. Қазір халықтың театрға аз келуі. Концерт, КВН, Жайдарман, немесе әзіл-сықақ театрына ағылып келетін халық неге театрға келмейді? Көрерменнің қалауы не деген сауалды өзіме қоямын. Біз осы жылы театр мейрамын тойладық, сонда халықтың ықыласына бөлендік. Осындай концерт арқылы көрерменді тартуға болатынын білдік.
– Шотландияның Эдинбург қаласында "Фриндж" өнер фестиваліне қатыстыңыздар. Сіз басты рөлде болдыңыз...
– Халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" лиро-эпостық драмасының желісі бойынша сахналанған "Ақбаян" спектаклінде Ақбаян рөлін сомдадым. Спектакль сәтті шықты. Келген соң қызылордалықтарға да қойдық. Халық көп келді. Орындарынан тұрып, қошемет көрсетті. Бізге халықтың қошеметі күш береді.
Сұқбаттасқан: Әйгерім Әбілхасым