БАЛАНЫ БАЛАБАҚШАҒА ҚАЛАЙ ТІРКЕЙМІН?
Баланы балабақша кезегіне Халыққа қызмет көрсету орталығы, мобильді қосымша, egov.kz порталы, SMS арқылы тіркеуге болады. ХҚКО-да баланы кезекке қою үшін ата-атаға қажет құжаттар: Жеке куәлігі. Неке туралы куәлік. Медициналық анықтама. ХҚКО арқылы тіркелу үшін: Өтініш жазу. Жеке куәлік (ата-анасының немесе заңды өкілдерінің куәлігі (түпнұсқа және көшірме). Баланың тұрғылықты мекенжай анықтамасы. Артық болмас білгенің… Тексеру үшін құжаттардың түпнұсқасы көшірмелерімен бірге ұсынылады. Салыстырған соң, құжаттардың түпнұсқасы иесіне кері қайтарылады. Астанада №1 Есіл ауданы (Мәңгілік ел даңғылы 30-үй), №4 Алматы ауданы (Тәуелсіздік даңғылы 32-үй), №7 Сарыарқа аудандық ХҚКО-да (С409 көшесі 13-үй) 3 сағат ішінде, өзге бөлімшелерде 2 жұмыс күні ішінде тіркеуге болады. Балабақша кезегін бірінші кезекте кімдер алады? Мүгедектердің балалары; Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; Жетім балалар; Көпбалалы отбасының балалары; Перзентханада SMS-пен «Баланың тууы» қызметі арқылы: Баланың тууын тіркеу. ЖСН мен Туу туралы куәлігін алу. Балабақша кезегіне қою. Жәрдемақы рәсімдеу. Есіңізде болсын… SMS-пен тіркеуде ХҚКО-ға барудың, eGov.kz порталына кірудің қажеті жоқ. Қызметті алу үшін eGov.kz-тегі Жеке кабинетке мобильдік телефон нөмірін ЖСН-ге бекіту жеткілікті. Қалған әрекеттерді жүйенің өзі жүзеге асырады. Бұл қалай іске асады? Нәресте туған сәтте перзентханада Денсаулық сақтау министрлігінің электронды базасына баланың туу туралы дерегі енгізіледі. Мұнан кейін eGov.kz Жеке кабинетінде мобильдік телефон нөмірі ЖСН-ге бекітілген ата-анаға автоматты түрде құттықтау SMS-хабарламасы жіберіледі. Сонымен қатар жаңа туған баланы тіркеу ұсынылады. Ата-ана SMS хабарламамен баланың толық аты-жөнін жібереді. Дайын туу туралы куәлікті қай жерден ала алатыны туралы мекенжай көрсетілген хабарлама алады. SMS арқылы есепшот нөмірін сұрайды. Бір уақытта жәрдемақы алу үшін өтініш автоматты түрде рәсімделеді. Біле жүріңіз… www.egov.kz арқылы қызметті алу үшін жеке тұлғаның электрондық цифрлы қолтаңбасы болуы қажет. Онлайн-қызметті 2007 жылдың 13 тамызынан кейін өмірге келген балалар ғана ала алады.
Индира ШӘКИЕВА, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Астана қалалық филиалының PR менеджері