Қасым хан туралы фильм түсірілуі мүмкін – министр
Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын түсіндіру бойынша кеңес өтті.Шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет және еліміздің әр өңіріндегі маңызды тарихи музейлердің басшылары қатысты.
«Елбасымыз өткен жылы «Рухани Жаңғыру» атты өте маңызды мақала жариялағанын білесіздер. Кеше сол мақаланың ауқымын бұрынғыдан да кеңейтетін «Ұлы даланың жеті қыры» атты өзекті мақаласы жарық көрді. Өздеріңіз білетіндей бұл мақалада еліміздің тарихына баса назар аударылып отыр. Біз, Мәдениет министрлігі бұл салаға тікелей жауаптымыз. Сондықтан, осындағы жауапты мекеменің мамандарымен бірігіп өте жақын арада ұсыныстар жасауымыз керек», - деді министр.
Сондай-ақ, министр тарихта орны бөлек қазақ билеушілерінің бірі – Қасым ханның өмірі туралы өмірбаяндық фильм түсірілуі мүмкін екендігін айтты.
«Қасым хан туралы фильмнің жобасы бойынша біз картинаның сценарийіне тапсырыс бердік. Режиссер ретінде түріктің «Ертұғырыл» сериалында жұмыс істеген түрік авторы өнер көрсетеді, ол қазақстандық мамандармен бірлесіп сценарий жазды. Бүгінде қазақстандық режиссерлер ірі жобалармен айналысады. Ақан Сатаев «Томирис» жұмысын аяқтайды, Рүстем Әбдірашев «Алмас қылыш» картинасының жалғасын түсірді. Әлемдік деңгейге шығу үшін біз танымал режиссерлер мен авторларды шақыруымыз керек. Мысал – «Әміре» фильмі. Біз американдық режиссерді шақырдық және «Амре» Голливудта беделді фестивальді жеңіп алды. Бұл Қазақстанның жеңісі. Сондықтан шетелдік авторларды шақырудан қорықудың қажеті жоқ», - деді Мұхамедиұлы.