САЛАДАҒЫ ЖАҢАЛЫҚ – «MOBI-VET»
Облыс көлемінде эпизоотиялық ахуал тұрақты. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен интернет-конференцияда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов мәлім етті.
Өңірде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті 13 түрлі жұқпалы ауруға қарсы ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге республикалық, облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралған. Нәтижесінде егу жұмыстары жоспарға сәйкес 100 процент орындалған. Сонымен бірге сарып ауруына қарсы тексеру қорытындысы бойынша 57 ірі, 186 бас уақ мал анықталып, санитарлық талапқа сай сойылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 39 процент төмендеген.
Бүгінде «Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі» арқылы электронды түрде 40390 дана ветеринариялық анықтама рәсімделген. Жыл басынан бері ветеринариялық-санитариялық бақылауға жататын 47 объектіге есептік нөмір берілген. Келеңсіз жайттар да жоқ емес. Мәселен, аудандар мен қалада ауыл шаруашылығы жануарларын ілеспе құжатсыз тасымалдап, заң бұзушылыққа жол берілген. Жыл басынан бері 965 нұсқама беріліп, 25 айыппұл салынған.
Мемлекет басшысы еліміздің экспорттық әлеуетін көтеруге қатысты нақты тапсырмалар берген болатын. Осы орайда биыл Өзбекстанға 285, БАӘ-ға 38 бас түйе экспортталған. Басқарма басшысының айтуынша, 2018 жылы эпидемиологиялық маусымда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы қолайсыз 127 елді мекенге тиісті механикалық тазалау және залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген.
Қазір барлық салада электронды қызмет көрсету жүйесі іске қосылуда. Осы тұрғыда «Mobi-Vet» мобильдік қосымшасы әзірленді. Қосымша арқылы ветеринариялық ұйымдардың, дәріхана мекен-жайын, ветеринариялық препараттардың қанша көлемде келгенін білуге болады.
Сондай-ақ, Е.Әпетов келер жылдан бастап алдын ала егу, диагностикалық тексеру, бірдейлендіру, ветеринариялық препараттарды сатып алу, тасымалдау, мемлекеттік қызмет көрсету жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық бөлімдеріне біріктірілетінін жеткізді.