Біздің ұстаным: ұлтты сақтау – дәстүрді сақтау
ISKER

– Мақсатымыз – сүт өнімдерін қайта өңдеп сату ғана емес, қазақтың ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарын қайта жаңғырту. Мәселен, жастар біле бермейді. Өзіміз де көп іздендік. Ел ішінен балқаймақты дәмді етіп жасай алатын әжелерді іздеп тауып, үйреніп жасап жатырмыз.Тұтынушы көңілінен шығу үшін сол мезетте күбіде айран пісіп бере аламыз. Бұл үшін тоқпен жұмыс істейтін заманауи күбі сатып алдық. Сонымен қатар дастарханымыздан жоғала бастаған басқа да ұлттық тағамдарды жасап, насихаттағымыз келеді. Біздің ұстаным: ұлтты сақтау – дәстүрді сақтау, – дейді кәсіпкер Жібек Мұхимова.
Жібектің кәсібі бұл ғана емес. Ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында тыңғылықты ізденген кәсіпкер «Бизнестің жол картасы –2020» аясында инновациялық жобаларға арналған конкурсқа қатысып, грант ұтып алады. Бұл конкурста түйе жүнінен көрпе тігу жобасын ұсынады. Жеңімпаз жоба иесі ғимараттың екінші қабатынан қаражатына қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, жұмысын бастап кетіпті. "Бүгінде қой, түйе жүнін қоқысқа тастайтындар аз емес. Ал, өзге елдер кәсіпке айналдырып, түйе жүнінен жасалған көрпені қымбат бағада сатуда. Бұл кәсіп біздің де қолымыздан келеді. Шикізат дайын", - дейді кәсіпкер.