ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ АДАМ МІНЕЗІН ӨЗГЕРТЕТІНІ РАС ПА?
АҚШ президенті Рузвельт өз дәуірінде «Салыстыру көңілді ұрлайды» деген екен. Оның бұл айтқан сөзі бүгінгі күннің өзінде өте актуалды. Біз неге өзімізді үнемі біреумен салыстырып отырамыз?
Леон Фестингер атты ғалымның айтуына қарағанда біз өзімізді біреумен салыстырғаннан ләззат алады екенбіз. Яғни бір адам сізден сәл төмен тұрса, бойыңызды керемет күш билейді. Ал өзіңізден де жоғары адамды көргенде психологиялық соққы аласыз. Өмірге деген қызығушылығыңыз жоғалып, әліңіз бітеді. Әлеуметтік желідегі жарнамалар немесе басқаның парақшасындағы дүниелерді көріп, сіз де солай жасауға ұмтыласыз. Бір танысыңыз киім сатып алып, әлеуметтік желіге суреттерін жүктесе, сіздің де сол киімге назарыңыз ауады және ең өкініштісі, сіз өзіндік ой-пікіріңізді жоғалтасыз. Тікелей желідегі нәрселерді қалап тұрасыз. Дәл осы сәтте Facebook, Twitter, Instagram сияқты желілерге түрлі суреттер жүктелуде. Бірі жағажайда демалып жатыр, енді бірі тойда ал бала күнгі сыныптасыңыздың шетел асып қыдырып жүргенін көрдіңіз. Бұндай ақпараттан кейін сіздің өміріңіз қызықсыз көрінеді. Өйткені сіз үйде бала қарап отырсыз немесе кешкі ас дайындап жатырсыз. Сонымен қатар сіз барлық әлем осылай көңіл көтеруде, ал мен жұмыстан немесе үйден шыға алмаймын деп өзіңізге тосқауыл жасап алуыңыз. Бәлкім осы кезде сіздің отбасыңызбен ас ішіп немесе жұмысыңыздағы керемет оқиғаларды желіден бір танысыңыз көріп, қызығып отырған болар. Себебі оның баласы жоқ немесе жұмыссыз және ол да суреттеріңізді көріп, сіздің қазіргі күйіңізге түскен болар.
Мәселен, бойжеткен бикешті қонаққа шақырды. Бірақ ол бара алмады, өйткені сабағын оқыды. Ал ертеңгі күні оның достары сол керемет кештен қалған суреттерді желіге жүктеді. Оны көрген қыздың еңсесі әлбетте түсті. Суретте кең жайылған дастарқан және өздерінің сері жігіттері мен оның құрбылары бейнеленген. Сырт көзге сондай керемет көрінетін суретті жүктеген. Алайда сол күні біреу ұрысып қалды немесе жайылған дастарқаннан ұшынып қалған адамдар да болды. Бірақ әлгі бикеш бұны білмейді. Оның ойынша, кеш өте жоғарғы деңгейде өткен секілді. Желідегі суретті қалай елестеткіміз келсе, оны солай көреміз. Бұны сананы улау деп атайды.
Кішкене әлемге ашық көзбен қараңыз. Біз өзімізді біреумен әдейі салыстырмаймыз. Тек осы әрекет бейсаналық деңгейде болады. Болмашы суреттерге бола еңсені түсіруге болмайды. Ондай суреттер бірнеше рет фильтрден өткізілген және өмірді керемет етіп көрсеткісі келеді. Өзіңіздің іш пыстырарлық суреттеріңізді көріп, сенімділігіңіз төмендейді. Сіз барлық өміріңізді желіге салуға тиісті емессіз. Жаныңызда бақыт пен шаттыққа толы нәрсе сақталғаны жөн. Оны көпшілікке жария етудің керегі шамалы. Өйткені сіз оқырмандарыңыздың жартысын танымауыңыз ықтимал. Бастысы, сіздің бақытты екеніңізді ішкі жан дүниеңіз біледі. Бұдан артықтың керегі жоқ!
Дамир АМАНКЕЛДІ