» » » ЖАҢА ДЕРТТІҢ АТАУЫ – selfies

ЖАҢА ДЕРТТІҢ АТАУЫ – selfies

Селфиге түсеміз деп сергелдеңге түскендер бар арамызда.Селфиге өте құмар жанның әдетте қиындықтары болады. Мамандардың айтуынша, өзіне сенімсіз жандар суретке көп түсіп, соғұрлым оны әлеуметтік желіге салып отырады. Суретке көп түсетін адам өзіне жалған образ қалыптастыруы мүмкін. Ұлыбритания оқушысының оқиғасы көбімізге сабақ болады. Ол күнделікті 100-ге жуық селфиге түседі екен. Соның салдарынан сабақтан көп қалып, 10 келіге дейін арықтаған. Жасаған селфиінің ешқайсысы ұнамағаннан, өзіне қол жұмсауға бел буған. Америкалық жүйке ауруларды емдейтін қауымдастығы селфиге құмарлық – психологиялық ауытқушылық екенін ресми түрде растады. Қауымдастық Чикаго қаласында жаңа «selfies» дертінің даму сатысын жіктеп көрсетті. Психологтардың пікірінше, «selfies» дерті өзін суретке түсіруге әсіресе әуестік пен сол суретті әлеуметтік желіге қоюға құмарлықтың шектен асқан көрінісі ретінде сипатталады. Адамдар мұндай қадамға өзіне деген құрметтің жетіспеушілігінен, өзін жеткілікті деңгейде бағалай алмағаннан баратын көрінеді. Ғалымдар ауытқушылықтың үш деңгейін атап көрсетті. Бірінші – адам өзін тәулігіне кемінде үш рет суретке түсіреді, бірақ оны әлеуметтік желіге салмайды. Екіншісі – асқына бастаған шағы, адам өзін тәулігіне кемінде үш рет суретке түсіреді және оны әлеуметтік желідегі жеке парақшасына міндетті түрде жариялайды. Үшіншісі – асқынған түрі, адам ылғи да өзін фотоға түсіріп, суретін әлеуметтік желіге жарияламайынша тағат таппай тызақтайды. Мұндай адамдар күніне кемі 6 рет «селфиге» түседі. Бұл құмарлықтан құтылу үшін жай ғана ұялы телефон ұстаудан бас тарту маңызды.
«Егемен Қазақстан» газетінің Қызылордадағыменшікті тілшісі Ержан Байтілестің бір сөзі бар: «Кеше екі сағат бойына жарық сөніп қалды. Интернет өшіп, әбден әбігерлендік. Содан үйдегі адамдармен сөйлесіп, әңгімелесуге тура келді. Сөйтсем өздері жап-жақсы кісілер екен. Бұл бүгінгінің қалжыны», – дейді ол. Қазір кімнің кіммен кездескені, қайда барғаны, не тамақ жегеніне дейін әлеуметтік желіге жүктейді. «М–агенттен» басталған бұл құбылыс «Фейсбук», «Твиттер», «Инстаграм», «ВКонтакте» сынды парақшалар өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Елімізде әлеуметтік желіде отыратын 3,5 млн. белсенді қолданушы бар (айына кемінде бір рет жазба салады), ал олар 55 млн. хабарлама (кез келген жария жазба, статус, топтардағы жазбалар, пікірлер) жариялаған. Солардың ішінде көш бастап тұрған «Вконтакте» әлеуметтік желісінде 2 056 500 белсенді автор болса, оның 46 пайызы ерлер, 53 пайызы әйелдер. «Instagram»-да 1 405 778 қолднаушы болса, оның 27 пайызы ерлерді, 72 пайызы әйелдерді құрайды. Мұнан кейін Facebook барлығы 153 316 қолданушысы бар. Оның ішінде 90 пайызы ер, 10 пайызы әйел екен. Бұл – Brand Analytics сараптама орталығының жасаған соңғы қорытындысы. 
     Лайк деген дүние бар. Былайша айтқанда, сіздің жазбаңыз әлдекімге ұнайды да, ол көңілін бас бармақ белгіленген нүктені басып, білдіреді. Жазғаның қаншалықты оқылымды болғанын, әсерінің қандай екенін осы арқылы анықтай аласың. Мәселен, «Инстаграм» әлеуметтік желісінде әншілер лайкты «қырып» жинайды. Жалпы, ел алдында жүрген, атағы дардай азаматтар «бас бармаққа» мұқтаж емес. Не салса да, не жазса да жұрт қамыстай қопарылып, лайктың астында қалады. Ал енді қарапайым адамның ұлтқа, ұрпаққа, тәрбие мен салт-санаға қатысты жазғандары сүмірейіп тұрады. Осыдан-ақ бүгінгі оқырманның талғамын білуге болады. Аталмыш желі көршіңіз сияқты болып кетті. Әншілердің әрқайсысында 10 мыңнан астам оқырманы бар. Салған суреттерінің астына, сан-түрліпікір жазылады. Аңғарғанымыз жастардың әсіресе оқушалар «жұлдызға» қатты еліктейтіні.
    Бір көкеміз «сенсорлы экраны бар телефондардың компьютерден кемдігі жоқ. Қажетінді заматында тауып береді. Сурет, видео қабылдап, жібере аласыз. Әлеуметтік желілер көз алдыңызда. Ойынға құмар болсаңыз соны да өтейді. Әйтеуір  осы күні мойны салбырап, көздері шұқшиып, телефонның бетін сипап отырған бір адам. Шындығында, баламыздың басынан бұлай сипамаймыз. Бар ынтамыз бен ықыласымыз осы телефондардың бетінде сияқты» деген еді. Бүгінде бұл сөз шындыққа айналғандай. Сіз күніне балаңыздың басынан қанша рет сипадыңыз? Шамасы, сіздің ұялы телефон экранын сипаған одан да көп-ау...
     Түйін: «Әлеуметтік желі қару сынды. Дұрыс қолдансаң қорғанышың, қолдана алмасаң өзіңді жарақаттап алуың мүмкін» деген бүгінгінің даналығы бар. Рас-ау. Әлеуметтік желіден ды-дың етіп келетін бір ғана хабарлама, бүгінде барлығымызды шынайы өмірден алыстатып барады.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
13 желтоқсан 2017 ж. 1 192 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031