БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БОЛУ ҚАЖЕТ
Бақытгүл Талғатқызы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті:
– Жастар жылында жастардың идеясына басымдық беру қажет. Әсіресе, кәсіппен айналысқысы келетіндерге салық, әлеуметтік жеңілдіктер жасалса. Мысалы, шағын және орта кәсібі барларды салықтан босатып, оның орнына олар жұмыс орнын ашып, жастарды еңбекке шақырса жақсы емес пе?! Барлық технологиялық жаңалықтар АҚШ-та болып жатыр. Google, Facebook, Amazon немесе Тесла сияқты алпауыт компаниялардың барлығы сол елден шықты. Қытай, Ресейден шыққан жоқ. Неге? Себебі АҚШ-та ашық бәсекелестік жол бар. Бізде осы жылда мықты идеясы бар жастар арасында жобаларын дамытуда бәсекелестік орта қалыптастыру қажет. Баспана, жұмыс керек деген жастан гөрі тың идеясы, жобасы барларға қолдау көрсету маңызды. Жастар түсіну қажет, бірінші мемлекетке ой инвестициясын құйып, сосын баспана, жұмыс сұрағаны орынды болар еді.