КІТАПХАНАЛАР ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ
Еліміздегі кітапханаларды заман талабына сай етіп жаңғырту идеясы «Жас Отан» Жастар қанатының IV съезінен бастау алды. Қазіргі уақытта «Жас Отан» Жастар қанатының бастамасымен кітапханаларды жаңғыртудың біріңғай тұжырымдамасы әзірленді. Кітапханалар заман талабына сай, жастарға тартымды, коворкинг және білім орталығына айналдыру басты назарда. Бұл жобаларды жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясы жан-жақты қолдау көрсететін болады.
Бүгін Қызылорда облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының бастамасымен, «Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісімге сәйкес облысымыздағы кітапханалар кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Бірінші кезеңде Қызылорда қаласындағы А.Пушкин атындағы орталық кітапхананы жаңғырту жоспарға алынды. Мұнымен қоса кітапханаларда «Жас Отан» Жастар қанатымен бірлесе іс-шаралар жоспары әзірленеді. Жиынға қатысушыларға жаңадан әзірленген кітапханаларды жаңғырту бойынша дайындалған тұжырымдама таныстырылды.
Бүгін кітапхана саласының қызметкерлерімен кездесуде облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Т.Тілес «Кітапхана- жастардың үшінші үйіне айналуы қажет. Сол үшін ауқымды жұмыстар атқарып, кітапханаларды жастарға тартымды коворкинг орталықтарға айналдыруымыз қажет» - деді.
Жиында «Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесінің директоры С.Есімқұлова «Бұл бастама кітапханалдарға тың серпін берері анық, бастаманы қолдаймыз. Жастар кітапқа жақын болса еліміздің болашағы жарқын болмақ. Кітапхананы заман талабына сай ету біздіңде басты мақсатымыз» - деді.