Биыл елімізде 5 мың студентке жатақхана беріледі

Министрдің айтуынша, жатақханаларда жаңа орындарды пайдалануға беру жұмыстары жалғасуда. «Осы 2019 жылы 5 мың орынды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта, 3 жарым ай ішінде бізге 11 мыңнан астам орынға 20 өтініш келіп түсті. 6 мың 500 орынға 12 шарт жасалды. Олардың көбі салына бастады. Қазіргі есеп бойынша 5 мың орын толығымен биылғы жылы беріледі. Сонымен қатар, осы айдың соңына дейін 4 мың алты жүз орынға тағы 8 шарт жасау жоспарлануда. Ол келесі жылы берілетін жобалар», - деді Ерлан Сағадиев. Оның айтуынша, жоба іске асқаннан бастап білім беру ұйымдары өз қаражаты есебінен 3 мыңға жуық орындық 10 жатақхананы өздері салып пайдалануға берді. Олар: Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары. «Жалпы, 2022 жылдың соңына дейін 75 мың жаңа орынды пайдалануға беру үшін барлық жағдай жасалған. 170 жер учаскесі анықталған. Олардың 121-і білім беру ұйымдарына тиесілі, 49-ын әкімдіктер бөлген. 27 ұйым жобалық-сметалық құжаттама әзірледі, 62-сі әзірленіп жатыр. Біз әзірленген және үлгілік ЖСҚ банкін құрдық, оны жобаның жаңа қатысушылары пайдалана алады», - деді Ерлан Сағадиев. Министр дерегінше, 107 жоба бойынша қаржыландыру көздері анықталды. 50 жобаны жоғарғы оқу орындары мен банктердің қаражаты есебінен, 57 жобаны инвесторлардың қаражаты есебінен іске асыру жоспарланып отыр.