ЖАҚСЫ ТРАНСФЕР ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАРАДЫ
Елу жылды еңсерген еңселі клуб Жер орта теңізінің жағасына жаттығуға аттанды дегеннен "Қайсардан" жағымды жаңалықтар толастамады. Түркияға табан тіреген сәттен басшылық бірден өткен маусымда доп тепкен 17 футболшымен келісім шартын ұзартты. Мұнан бөлек премьер лигадағы тәжірибесі тоғысқан аяқдопшыларды қатарға қосты. Бір кездері "Ақтөбені" алға сүйреп, ел біріншілігінде бес мәрте жеңімпаз атанған Марат Хайруллин, "Жетісудің" сенімді қорғаушысы болған Иван Садовничий жаңа маусымда Сырдың бас командасында бақ сынайды. Аталған екі ойыншы футболды өзге елде бастаса да, қазақстандық болып есептеледі. Уақыт өте келе қазақстандықтар үшін таңдаудың түрі ұлғайды. Бұрын мамандық пен жар таңдау біз үшін мәселе болса, енді ел клубтары үшін легионер таңдау да қиын шаруаға айналды. Таңдаған тазға жолығар демекші, кейбір командалар бұл тұста көбіне ұрынып қалып жүр. Мұндай қиындық бізде туындамасы анық. Өйткені қажетті ойыншылар бұрынғы дәстүрмен іріктелмейді. Маусым бітпестен құрамды күшейтер футболшылар жан-жақты қарастырылады. Әлгі еуропалық агенттіктер бізге де жетті. Футбол өркениеті бізде де қанат жайды. Агент демекші, осы бір қызмет түрімен қатарға арубалық Джон Джошуа қосылды. Әлемді шулатқан Патрик Клюверт, Иохан Кройф, Денис Бергампты тәрбиелеген "Аякс" мектебінен біздің жаңа ойыншымыз да түлеп ұшты. Нидерландының белгілі клубтарында ойнаған Джон "Қайсарға" келгенде жанкүйерлердің басым бөлігі қуанды. Расында, жаңа маусымда жүлдеге үмітті екенін трансфер арқылы да білуге болады. Мұнан бөлек біріншілікте футболы бекем Белгияның түлегі Куле Мбомбоның шеберлігін байқаймыз. Алғашқы жиында "Қайсар" екі жолдастық кездесу өткізуді жоспарлаған Алғашқысы 22-қаңтарда украиналық "Олимпикпен" өтті. Клуб ойыншылары аздаған демалысқа шықты. Ақпан айында екінші жиын басталады.