» » ЛЕГИОНЕРЛЕРГЕ ЖАЛАҚЫ ЕМЕС «ГОЛАҚЫ» ТАҒАЙЫНДАЙЫҚ

ЛЕГИОНЕРЛЕРГЕ ЖАЛАҚЫ ЕМЕС «ГОЛАҚЫ» ТАҒАЙЫНДАЙЫҚ

Футболдан ел біріншілігінің аяқталғанына біршама уақыт өтті. Командалар келер маусымға осы бастан қамданып, дайындықтарын пысықтауда. Кейбіреулері бапкерлерін ауыстырса, кейбіреулері ойыншыларына көңілі толмай, командасын қайта сүзгіден өткізіп, жаңартып жатыр. Дегенмен бұл үрдіс жылдағы дәстүр. Мұндай жағдайға қарап, «ауру қалсада, әдет қалмайды» деген тәмсіл ойға оралады. Ел біріншілігін байқасаңыз сапасыз легионерлер қаптап жүр. Мысалы, өзіміздің бетке ұстар «Қайсарды» алайық. Құрамда 8 легионер бар. Соның 4-еуінің ғана ойыны көңілге қонымды. Ал, қалған төртеуін жалақысына сай деп айта алмаймыз. Мысалы, аттай қалап алдыртқан шабуылшылар Милан Бойович пен Франк Джа Джедженің ойын мәнеріне қарап, көңілің қалады. Екеуінің де статистикасына зер салсаңыз, мыналар «шабуылшы ма» деген сұрақ туындауы мүмкін. Екеуі сонша ойын өткізіп, бір-бірден ғана гол салған. Сонда, мұндай легионерлердің көрсеткішін жергілікті ойыншылар атқара алмай ма? Сондай-ақ, бурундилік Саиди Нтибазонкизаны алайық. Рас, Саидидың ойын мәнері алдыңғы екеуіне қарағанда едәуір жақсы. Бірақ, чемпионаттың бел ортасында жарақатына байланысты командадан қол үзіп қалған еді. Байқасақ басшылық құрам Саидидың жалақысын біріншілік аяқталғанша үзбей төлеген көрінеді. Клубқа 4 ай бойы көмегін тигізбеген ойыншыға қыруар ақша төлеу әділетті ме? Енді қараңыз жұмысқа 4 ай бойы келмеген қызметкерге жалақы төлеу былай тұрсын жұмыстан қалудың өзі қызметкерді біраз әуреге салады. Естуімізше Саиди келер маусымда қайда ойнаймын деп бас қатырып жүрген жоқ тәрізді. Өйткені «Қайсар» Нтибазонкизаға жаңа келісім шарт жасауға әзір. Қарапайым жұмысшының 5 жылдық табысын бір мезетте алып жүрген сапасыз легионерлер қаншалықты қажет? Негізінде легионер алдырту жергілікті ойыншылармен тәжірибе алмасу мақсатында қолданысқа енген. Бірақ бұл жүйе әлі де дұрыс орындалар емес. Мұндай қателік тек «Қайсарда» ғана емес, өзге де клубтарда бар. Мысалы, Матвей Матвеев («Оқжетпес», 2 ойын). «Оқжетпес» командасы маусым¬ның екінші жартысында жаңа ойыншылар ала бастады. Қорғанысты күшейту мақсатында Ресейден Мат¬вей Матвеев деген футболшыны қатарға қосты. Алайда ресейлік легионер неге екені белгісіз, маусым аяқталғанша 2 матчта ғана алаңға шықты. Сауал: сонда мұндай легионерді командаға алдыртудың мақсаты не? Александр Ермаченко («Ақ¬төбе», 5 ойын) Жаңа маусым басталған сәтте «Ақ¬тө¬бе» командасы 8 легионерді бір-ақ алды. Олардың ішінде Александр Ермаченконың аты ерекше аталды. Украинаның бірнеше клубында доп тепкен футболшы «Ақтөбені» алға сүйрейді деп топшылағандар да аз болған жоқ. Клуб басшылары осылай жар салып, команда күшейіп жатыр дегенге тоқталды. Алайда осы футболшы чемпионаттың алғашқы айналымынан кейін өз ота-ны¬на қайта оралды. Қазақстан футболы украиналықты жатсынды ма, әлде аяқдопшының өзі біздің елді жерсінбеді ме, әйтеуір берген қаражатты алды да тайып тұр¬ды. Осындай легионерлердің саны «Ақтө¬беде» жеткілікті. Бірінші айналымнан кейін командадан Витор Жуниор (6 ойын), Чако Торрес (7 ойын), Папа Гуйе (9 ойын), Диас Касиано (12 ойын) секіл¬ді футболшылар аластатылды. Бұл, әрине командаға жаңа футболшылар іріктеу барысындағы қателікті көрсетеді. Вукашин Томич («Атырау», 3 ойын) «Атырау» командасы да жиі бапкер ауыстырып, берекесі қашып жүретін ұжымның бірі. Бапкер ауысқан сайын командадан футболшылар да кете бас¬тайды. Әр бапкер командаға келгенде өзімен бірге бірнеше футболшы ала келетін әдеті бар емес пе? Сол секілді Зоран Вулич командаға бапкер болып тағайындалысымен жаңа легионерлерді тартты. Олардың қатарында кезінде «Тараз» сапында ойнай алмай, Қазақстан чемпионатынан көңілі қалған Вукашин Томич бар еді. Сербиялық легионер алғашқы айналымда 3 ойын өткізіп, Вулич қызметінен босағаннан кейін отанына оралды. Хорватиялық бапкер өз отандасы Иван Родичті де ала келген. Бұл ойыншы да 5 матч өткізіп, алған қаржысын толықтай ақтап кете алмады. Амер Бекич («Тобыл», 4 ойын). Жазғы трансфер ашылған кезде «Тобыл» бірнеше футболшы алып, команданы күшейтпекші болды. Алайда бұл мақсаты жүзеге аспады. Алған легионерлері негізгі құрамға іліне алмай, қосалқы құрамда отырды. Мысалы, босниялық шабуылшы Амер Бекич небәрі 4 ойынға ғана қатысып, қарсылас команданың қақпасына гол соқпаған. 4 айда 4 ойынға қатысып қомақты жалақы алған Амер жол түссе Қазақстанға тағы да келуді жоспарлайтыны анық. Ал осындай шабуылшыны қостанайдың «Тобылы» қандай мақсатпен командаға алғаны тағы белгісіз. Зоран Рендулич («Ордабасы», 4 ойын) Шымкенттің «Ордабасы» командасы жергілікті жастарға көбірек сенім артады. Біріншілік басталар тұста Таңат Нөсербаев, Азат Нұрғалиев секілді жер¬гілік¬ті ойыншыларын да өз сапына жинады. Одан бөлек легио¬нерлерге де сенім артты. Солардың бірі босниялық қорғаушы – Зоран Рендулич. Қазақстан біріншілігінде 4 ойын өткізген Зоран қомақты қаражатты қалтасына басып, тайып тұрды. Мұндай қателікті ел клубтары енді қайталамаса екен дейміз. Осындай сапасыз легионерлерден арылатын кез келді. Жалпы, шетелдік ойыншыларға жалақыдан гөрі «голақы» тағайындаған жөн секілді. Сонда ғана ел асып келген аяқдопшылар мардымды ойын көрсететін секілді.
28 желтоқсан 2017 ж. 1 067 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031