» » ҚОРҚЫТ ЕМЕС – ҚОРҚҰТ

ҚОРҚЫТ ЕМЕС – ҚОРҚҰТ

   – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы маңыздылығымен қатар мерейімізді өсіретін мәнге ие. Айталық, ұлттық құндылықты ұмыт қалдырмай, заманға сай дамытудың жолын ұсынды. Бұл орайда, идеологияның бір тармағы – кино өндірісінде қазақтың көркем фильмдерін барынша қолға алуға бағыт берді. Бұған сіздің пікіріңіз қалай?
 – Иә, Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында адамзат тарихы басталғаннан бүгінгі уақытқа дейінгі аталарымыздың әлемдік өркениет пен мәдениетке қосқан үлесін айтып өтті. Енді бабадан қалған мұра мен жәдігердің сабақты инесіне дейін қалдырмай жинап, кейінгі ұрпаққа жеткізу барша қазақтың міндеті. Сол тарихты жеткізудің төте жолы – кино екені ақиқат. Ерте замандарда идеологияларды, ұзақ оқиғаларды жеткізу эпостық дастандар арқылы жүргізелітін. Уақыт өте келе мұның барлығы романға, поэмаға айналып, әдеби мәтін ретінде хатқа түсіп халыққа тарады. Қазір кітап оқып, сағаттап жыршы тыңдап отыруға көп адамның сабыры, уақыты жетпейді. Сондықтан кино өндірісі идеяны жеткізудің төте жолы боп отыр. Осы жолда үлкен жұмыстар атқарылса деген үміттемін. Әрине, кино саласының маманы болмағасын, оның ішкі мәселесінен бейхабармын. Дегенмен тарихи кинолардың көптеп түсірілгенін қалаймын. Біздің бұл уақытқа дейінгі түсірілген кинолардың кейбірінде сценаридегі диалогтардың көбі жұтаңдау, тарихи сәттерді берудің шеберлігі кемшіндеу боп жатады. Осы тұста, неге деген сұрақ туындайды. Кейбір сарапшылардың айтуынша, көшпелі өмірден ажырап қалғаннан кейін бұрынғы бабалардың танымын және тарихи сәттерді дәл бере алмай жатырмыз. Енді ойланып қарайықша, бүгінде әлемде тарихи тақырыптағы кинолар жиі түсірілуде. Мысалы, өзім оқып келген, тәжірибе жинаған Түркия елін қарайтын болсақ, тарихи тақырыптағы кинолары көңілге қонымды. Бірақ, олардың көшпенді өмірден, далалық табиғаттан ажырағанына IV-V ғасырдың жүзі болды емес пе?! Сонда да тарихи кино түсірудегі шеберлігі басым. Себебі, олардың әдебиетшісі, тарихшысы, кино сценарисі, дыбыс режиссері, монтажері тіпті сурет салатын дизайнеріне дейін ұлтының тарихин санасына мықтап сіңірген. Нәтижесінде, дизайнерінің салған суретінен, драматургының жазған сценариінен, режиссерінің таспалаған сюжетінен ұлттық бояуы көрініс тауып отырады. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының да көздеген осы. Енді соның аясында бабалар бойындағы асыл қасиет, бекзат болмысымызды қайта тірілтуіміз қажет. Ол үшін бірінші кезекте, көне жәдігерлерді түбінен қазып, жілігін шағып зерттеу. Екінші кезекте, оны кез-келген мамандықтың алғашқы курсында оқыту арқылы жастардың санасына сіңіру керек деп ойлаймын. Сонда ғана санасы азат ұрпақтың түсірген тарихи киносын көре аламыз бұйырса.
– Жасыратыны жоқ, кезінде Үндістанда кино индустриясы халықты тәрбиелеу құралына айналды. Жалпы, қазіргі қазақ киносына көңіліңіз тола ма? Бізде кино қаншалықты тәрбие құралына айналды?
– Жоғарыда атап өткендей кино – идеология.  Тіпті баланың санасы қабылдамаймын десе де көрген сюжеті, тыңдаған диалогы көз алдында қалып қояды. Сол себепті біздің түп тамырымызды көрсететін, ұлттық кодымызды оятатын кинолар түсіріліп, көрсетілгені дұрыс.
– Сыр бойында әлі аршылмаған көне көмбе көп. Осындай тарихи орындардың құпиясын ашатын археология мамандығын
жергілікті жерде дайындау үлкен мәселе деп ойлайсыз ба?
– Әрине, Сыр бойы дегенде біз нені елестете аламыз. Әріден бастасақ, Сыр өңірі – ежелден сақтар мен ғұндар, берісі Көк түрік, Қарахандар дәуірі, яғни қай кезеңді алсаңыз да түркі халықтарының құтты қонысына айналған жер. Оғыз-Қыпшақ сияқты үлкен тайпалар өмір сүрген мекен. Осы тайпалардың қайсысының күші басым болса, сол Сырдың бойында қоныстанатын болған. Себебі Сырдың бойы жасыл желекке оранған, табиғаты келіскен ең жайлы, ең шұрайлы жер болған. Сондықтан бұл жерде қаншама тарихтың қатпары ашылмай жатыр. Қазіргі уақытта Сыр бойында археолог мамандар бар. Ғылыми базасы қалыптасып, жақсы деңгейге көтерілді. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да арнайы археологиялық зерттеу институты бар. Сол институт соңғы он-онбес жылдықтың көлемінде жоғары деңгейде жұмыстар атқарып келеді. Ондағы Әзілхан Тәжекеев есімді ғалымның еңбектерін жиі қарап отырамын. Зерттеулері мен экспедиция жұмыстарынан хабардармын. Осындай археолог ғалымдарды қолдауды жалғастыра берсек, әлі талай биікті бағындырарымыз сөзсіз. Қосымша кадрлар даярлау, жас мамандар тарту қай іске болса да артық етпейді. Бірлесіп жұмыс істелсе, көп дүние ашуға болады. Әдебиетші ретінде айтатын болсам, Сыр бойында ашылмаған көмбе өте көп. Сырдың бойында жүз жырау, қаншама ахун өмір сүрді дейміз. Бір ғана Тұрмағамбетті алайықшы. Ол Алдашбай, Қожабай деген ахундардан білім алған. Неге сол екі ахуннан білім алғандардың барлығы шайыр болып шығады? Біз осы тақырыпты тереңірек зерттей алмай жатырмыз. Осы Алдашбай мен Қожабай туралы материалдар жинағаныма біраз уақыт болды. Сонда көз жетізген нәрсем олардың халықты жаппай білімге, егінге, еңбекке, ғылымға тәрбиелегенін байқадым. Сол Тұрмағамбетке Алдашбай хат жазып беріп, Бұқараға жібереді. «Менің жіберген ұстазыма барып, содан ғана білім ал» деп жол көрсетеді. Тұрмағамбет оқып келгеннен кейін медресе ашып, ағартушылықпен айналысады. Одан хат танып, білім алған Темірбек Жүргенов, қазақтың тұңғыш прокуроры Сүлеймен Есқараев сынды зиялы қауым өкілдері шықты. Біздің әдебиетке, тарихқа қатысты Сырдың бойындағы ашылмай жатқан көмбелердің бұл бір шеті ғана.
– Әлеуметтік желідегі жазбаларыңыздан "Қорқытты" "Қорқұт" етіп жазып жүрсіз. Мұның сыры неде?
– Иә, дұрыс айтасыз әлеуметтік желіде және жақында республикалық «Айқын» газетінде жарияланған мақаламда «Қорқұт» деп жаздым. Бұған дейін біз Қорқыт деп келдік. Қанша уақыттан бері халықтың санасына осылай сіңген. Дегенмен ойлана келе Қорқұтқа тоқталдым. Бірінші себеп, Қорқұт ата туралы кітап бар. Бірі Дрезденде, бірі Ватикан қаласында сақталған. Сол екі кітаптың көшірмесін оқып жүрмін.
Сонда «Қорқұт» деп жазылған. Бұл жерде негізгі екпін түсіріп айтылатыны «құт» деген сөз.  Енді бір мәлімет, Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» деген кітабы бар. Яғни құтты қылушы билік деген мағынаны білдіреді. Екі кітап та «құтқа» байланысты. «Қорқытты» «Қорқұт» деп атауымның бір себебі осы. Екінші себеп, Қорқұт ата кітабының Дрезден, Ватикан нұсқаларына бүкіл әлем сүйенеді. Орыстың деректерін байқасаңыз да «Коркут» деп көрсетеді. Бұдан бөлек ағылшын, әзірбайжан, түрік және сол секілді барлық елдің еңбегін парақтасақ «Қорқұт» деп жазады. Біз неге елден ерекше болып «Қорқыт» деп атауымыз керек? Түпнұсқа солай болса, бүкіл әлем «Қорқұт» деп жатса. Демек одан шошудың қажеті жоқ. Ерте ме, кеш пе, түптің түбінде «құт» дегенге бәрібір ораламыз. Сондықтан бұл нәрсеге ертерек қамданғанымыз дұрыс деп ойлаймын.
– Бұған дейінгі "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақала аймаққа ерекше серпін берді. Республикада алғашқылардың бірі болып арнайы орталық ашылды. Біршама шаруа шешілді, ендігі мақсат не?
– Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының арқасында республикада алғаш болып орталық біздің облысымызда ашылды. Алдағы уақытта халықтың тарихи санасы оянатындай, бабаларымыздың бекзат болмысы мен асыл қасиеттерін дәріптейтін көптеген жобаларымыз бар. Оны уақытында айта жатармыз.
– Ұмыт қалған ұлттық қандай салт-дәстүрді атайсыз?
– Қай дәстүрімізді, қай салтымызды сабақты инесіне дейін қалдырмай, дәріптей алып жатырмыз?! Кешегі отарлық жылдар мен кеңестік кезеңде қаншама асыл қасиеттеріміз, бекзат болмысымыз ұмыт қалды. Қазақтың бойындағы бір керемет қасиеті бар еді. Ол – ауызбіршілігі. Елдің ішінде ақыл айтатын абыз ақсақалдар болатын. Ең кереметі, сол абыз ақсақалдардың бір ауыз сөзін тастамайтын халық бар еді. Біз кейде майын тамызып, төгілтіп шешен сөйлегенді немесе қазақы киім кигенді қазақылық деп қаламыз. Қазақылық бұл ғана емес. Кейде маған қазақылық «ынтымақ», «бірлік» деген сөздің баламасы секілді көрінеді. Біз бірлікті сақтай алмай, төгілтіп шешен сөйлегеніміздің несі қазақылық.
– Сүлейлерлер елінен сусып шығып, сарқылған рухани дүние бар ма?
– Жалпы Сыр өңірінде ешқашан руханият сарқылмайды. Мұны нық сеніммен айтуға болады. Неге дейсіз ғой? Адамзат тарихы басталғалы бері Сырдың бойында бір сәтке болсын тіршілік толастаған емес. Қай кезең, қай ғасырды алып қарасаңыз да, Сырдың бойы қайнаған тіршіліктің ордасы болған. Бұл жерде аталарымыз әлемдік өркениетке сүбелі үлес қосқан. Адамзат тарихына озық ойларды алып келген. Бұл жер әдебиеттің, мәдениеттің ошағына айналған. Ал, өркениетке қосылатын озық ойлар рухани кемелдіктің нәтижесінде дүниеге келеді. Бүгінге дейін рухани дүниеміз сарқылмай келсе, кейінгі кезеңде де сарқылмайтыны анық. Мүмкін бір уақытта үзіліс, тоқырау болған шығар. Дегенмен бұл жерден әлі талай рухани кемел, озық ойлы адамдар шығады деп есептеймін. Өйткені қазақта «тегінде бар нәрсе тепкілесең кетпес» деген керемет тәмсіл бар. Сол себепті тегінде бар нәрсе түбінде шығады.
– "Ел іші – өнер кеніші" дейміз, жақында Арал ауданында жергілікті музейге бірнеше діни мазмұндағы кітап өткізілді. Осындай олжа халық арасында баршылық. Сандықта жатқан қазынаны жинауға ден қойылып жатыр ма?
– Ел болғаннан кейін асыл қазыналар, құнды дүниелер шығып жатады. Көңілімнің кейде олқы түсетін жері үйінде қалған тарихи жәдігерлерді әлі де болса көпшілікке көрсетуге қорқатын, жасқанатын кісілер бар. Өз көзіммен мұндай жайттардың куәсі болдым. Бойда қалып қойған үрейдің әсері болуы керек, аталары туралы айтудан бас тартады. Аталары айдалғаны себепті, кейбірі кітаптарды көрсетуге қорықса, енді бірі оны біреу алып пайдаланып кетеді деп тартынады. Сондай құнды кітаптардың тозып жатқаны қаншама. Осыған орай Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Архив – 2025» деген үлкен міндет жүктеп отыр. Бұл міндеттің маңызы неде? Ол елдің ішінде жатқан құнды дүниелер мен елімізге тікелей қатысты бірақ шетелдерде жатқан тарихи жазбаларды, маңызды материалдарды жинауды мақсат тұтып отыр. Осындай дүниелер бағдарлама аясында жиналып, мұражайларда сақталса, халықтың рухани санасының жаңаруына үлкен септігі тиер еді.
– Алдағы кезеңде мынадай мәселені іске асырамын деген жеке қандай жоспарыңыз бар?
– Алда атқарылатын жоспар өте көп. Уақыт, мүмкіндік, қолдау болса іске асыруға болады. Сырдың тумасы болған соң көкейімдегі арманым Қорқұт ата кітабын жаңадан аударып, ғылыми түрде көпшілікке жеткізсем деймін. Қазіргі уақытта кітаптың Дрезден және Ватикан нұсқалары қолымда бар. Түпнұсқадан оқу әрі сөздікпен жұмыс жасау мәселесін шетелде жүріп үйреніп, тәжірибе жинақтадым. Қорқыт ата атында университетіміз, зерттеу орталықтарымыз бар, енді кітаптың Дрезден және Ватикан түпнұсқасын емін-еркін оқи алатын мамандар шоғыры қалыптасса екен. Өйткені Қазақстанда мұндай мамандар саусақпен санарлық. Ал шетелдерде осы саланың мамандары жақсы қалыптасқан. Әріпті танып оқи алу дегеніміз түгелдей рухани болмысқа әсер ететін дүние.
Сұқбаттасқан:
Ерасыл ШӘРІБЕК
29 қаңтар 2019 ж. 1 127 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031