Мемлекеттік қызметкер де әскери жауынгер сияқты
Дария МАКАШЕВА, Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында, Жолаушылар көлігі және көлік инфрақұрылымы бөлімінің бас маманы:
– Елбасы биылғы жылды жастар жылы деп жариялады. Жалпы бұл жылдан не күтесіз?
– Биыл мемлекет тарапынан тың идея мен ұтымды жобалардың жүзеге асуына нағыз қолдау білдіретін жыл. Оған қоса өңірдің демеуші күші болып отырған кәсіпкерліктің одан әрі дамуына жағдай жасалса керемет болар еді. Жалпы бос ұрандатпай нақты іспен елдің өркендеуіне үлес қосуымыз керек.
– Жалпы бұл салаға қалай келдіңіз?
– Мен 1994 Қарағанды облысы Жезқазған қаласында дүниеге келдім. 2011 жылы Қызылорда қаласындағы №233 орта мектебін бітіріп, сол жылы Алматы қаласындағы Азаматтық авиация академиясына грантқа оқуға түстім. Бала кезімнен ұшақтарға қызығатынмын. 2015 жылы оқу бітірген соң ата-анамнан жырақта жүргім келмегендіктен Қызылорда қаласына оралдым. Бітірген мамандығым бойынша жұмыс табу қиын болды. Бір жағынан жұмыс тәжірибем жоқтығы да әсер етті. Бірақ соған қарамастан жұмыс іздеуді тоқтатқан жоқпын. Оқу бітірген соң Қызылорда қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелгенмін. Бір күні олар хабарласып, Қызылорда облысы әкімдігі аппаратында бос жұмыс орны бар екенін айтты. Құжат тапсырып, әңгімелесу кезеңінен өткен соң хатшылық қызметімді бастап кеттім. Басында барлығы қызық болды. Үлкен ғимарат, ресми стильде киінген, қолдарынан қағазы түспейтін қарбаласта жүрген қызметкерлер. Осының барлығы менің мемлекеттік қызметке деген қызығушылығымды аша түсті. Содан іштегі түрлі басқармадағы қызметшілерден мемлекеттік қызметке қалай келуге болатындығын сұрадым. Бірінші, тестілеуден өту керек. Одан кейін мемлекеттік органдағы бос әкімшілік лауазымдарға конкурсқа түседі екенмін. Осы айтылған кеңестерден кейін мемлекеттік қызметші сертификатын алу үшін тестілеуден өттім. Шынын айту керек, осы қызметке келмес бұрын іштей қорқыныш болды. Әңгімелесу барысында түрлі заңнан көлік саласына қатысты, Елбасының стратегиясынан, жолдауларынан сұрақтар қойылды. Бір апта өткен соң қонкурстан өткенім жөнінде поштама хабарлама келді. Міне осылай мемлекеттік қызметке орналастым. Мен қызмет ететін бөлім облыс аумағындағы жолаушылар тасымалы саласына мониторинг жүргізіп отырады. Сонымен қоса «ҚорқытАта әуежайы» АҚ-ның 100 пайыздық акционері болып табылады. Қызылорда қаласы «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы» мемлекеттік-жеке әріптестік жобасы бойынша, «Қорқыт Ата» әуежайы» АҚ-ның өндірістік және шаруашылық қызметі туралы есебін бақылау, үйлестіру жұмыстары менің қызметтік міндетіме кірді. Бір қызығы, бала кезден армандаған авиация саласына қайта келдім.
– Мемлекеттік қызметке орналасу қиындық туғызған жоқ па?
– Қоғамдағы кейбір адамдар қандай да бір әкімшілік, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін табысы жоғары, жұмысы жеңіл деп ойлайды. Конкурстан өтіп, мемлекеттік қызметке келгенімде бұл пікірдің қате екеніне көзім жетті. Көпшіліктің арасында қалыптасқан тағы бір жансақ пікір мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлықтың көрінісі. Біз осы пікірді өзгерткіміз келеді. Атап айтқанда, Басқарманың басшылығы, Мемлекеттік қызмет істер жөніндегі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің департаменті, «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық филиалы, басқа да ұйымдар мезгілінде түсіндірме жұмысын жүргізіп, сыбайлас жемқорлықтың орын алу ықтималдығын төмендету үшін түрлі жұмыстар атқарып келеді. Мемлекеттік қызметкер де әскердегі жауынгер сияқты. Әрбір жауынгер қарулы күштер қатарына кірерде Қазақстан халқына ант берсе, мемлекеттік қызметші де қызметші антын береді. Ол дегеніміз мемлекеттік қызметкердің мойнына артылған үлкен сенім. Сол сенімді абыроймен алып жүру – біздің мақсатымыз.
Ақтілек БІТІМБАЙ