Әуежай: Жолаушылар терминалы салынады
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен интернет конференцияда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тілеуов Қорқыт ата халықаралық әуежайына жолаушылар терминалы салынатынын мәлімдеді.
Облыстағы азаматтық авиацияның дамуынакелсек, нақыт кезеңде Қорқыт ата халықаралық әуежайы арқылы аптасына 32 тұрақты рейс шығады.
Оның ішінде Астанаға – 12, Алматыға – 13, Қарағандыға – 1, Атырауға – 2 және Мәскеуге 4 рейс. Бүгінгі таңға дейін халықаралық 18 рейс орындалып, 4146 жолаушыға қызмет көрсетілген. Жалпы, бірінші жартыжылдықта әуежайдан барлығы 46 мыңнан астам жолаушы жөнелтілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,2 процентке төмен.
Әуежайда халықаралық бағыттағы әуе желісін дамыту мақсатында “Таджик Эйр” әуекомпаниясымен келісім шарт жасалған.
Енді басты жаңалыққа келейік: «Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалы құрылысы» жобасын мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы іске асыру жоспарланып отыр. Аталған басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тілеуов бұл туралы ойын былайша өрнектеді:
– 2015 жылы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС мен жаңа жолаушылар терминалы құрылысының МЖӘ жобасының тұжырымдамасын әзірлеу және жобаны сүйемелдеуге келісімшарт жасалған болатын.
Биылғы 30 шілдеде екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті анықтау үшін қайта конкурс өткізілді. Қазіргі сәтте конкурсқа «BI – Industrial» ЖШС қызығушылық танытып, жобаның техникалық ұсынысын әзірлеуде, – деді Дамир Тілеуов.