БАЛШЫҚҚА ЖАН БІТІРГЕН ЖАС ШЕБЕР
Әлемдегі дамыған елдерге назар аударсақ, халқының 60-70 % кәсіппен шұғылданатынына көз жеткіземіз. Оларда жеке кәсіпкерлік дегеніміз – байып кету емес, өзін-өзі жұмыспен қамтып, отбасын асырау жолы. Бұл көрініс бізде қалай қалыптасқан? Әрине, біздегі менталитет еуропалықтармен сәйкес келе қоймас. Дегенмен кәсіп ашарда әркімнің өз жоспары болады. Мысалы, саздың сан мың жылдық сырын ұғып, қыш-құмыраны сөйлеткен Ескендір Сермановтың берекелі ісі әлгі еуропалықтарға сәйкес келеді. Сүйікті ісі арқылы ол байып кеткен жоқ. Бастысы, елге қызмет етіп, адал нәпақа табуды мақсат тұтты. Сазды балшықты таңдауының да себебі бар. Оның айтуынша, мұндай бұйымдар адамзат меңгерген кәсіптің көне түрі болса дақазіргі күнге дейін үлкен сұранысқа ие. Сонымен қатар көне дәуірден бері қыш құмыра жасау қағидатының өзгеріске түсе қоймағандығы байқалады. Демек, іске деген шынайы ынтаңыз болса, сіз бұл кәсіп түрін меңгере аласыз. Қыш бұйымдарын жасау өнері біздің елімізде дами қойған жоқ. Дегенмен бұл бұйымдарға деген тұтынушылар сұранысы барған сайын артып келеді. Оның үстіне бұл өнер түрін игеруге ықылас білдірушілер жылдан-жылға көбейіп жатқаны байқалады. Бүгінде Ескендір шәкірт тәрбиелеуге бел байлаған. Қазіргі таңда кейіпкеріміздің 15-ке жуық шәкірті бар. Солардың бірі – Зарина.
– Ескендір ағайдың үйірмесіне қатысқаныма екі жылдай болды. Шеберханада қыш құмыралар жасағанды ұнатамын. Ұстазбен жұмыс жасағанда уақыт қалай өтіп кеткенін байқамай қаламыз, – дейді жас мүсінші Зарина Шапилова.
Саз балшыққа жан бітіру ісі – асқан сабырлықты талап етеді. Саусақтың артық қимылынан құмыраның пішіні өзгеріп, тіпті сынып кетуі ғажап емес.
– Гончарный құрылғысы атадан мирас болып келе жатқан үлкен мұра. Сондықтан осы жолды шамамыз келгенше жалғастырып келемін. Қыш құмыра жасау өнерін дамытып, жасөспірімдерге үйретсем деген мақсатпен үйірме аштым. Мұның жұмысы да жауапты. Саз балшықтан құмыра жасау үшін ең алдымен балшықты қажетті мөлшерде алып, арнайы құрылғының үстіне қояды. Содан кейін оны бірқалыпта айналдыра отырып, пішіні шыққан сәтте оны пешке салып күйдіреміз. Осылайша 4-5 күн өткеннен кейін құмыра толықтай дайын болады, – дейді Ескендір Серманов.
Ескендірдің шеберханасына ене қалсаңыз, құмыра жасаудан бөлек балшықтан жасалған түрлі кескіндегі мүсіндерді де байқайсыз. Мұндай атмосфера шәкірттердің шыңдалуы мен қиялының ұшқыр болуына септігін тигізері сөзсіз.
Ерасыл ШӘРІБЕК