Жайылманың қарбызы жарты әлемге әйгілі
Нарықтық қатынас сұранысқа сай кәсібін өрістетіп, еркін қимылдауға, көзін таба білсе, кім-кімнің де бақуатты өмір сүруіне жол ашады екен. Соңғы жеті-сегіз жылдың көлемі болды Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылының тұрғындары бақша дақылдарын ерте көктемде егіп, өзгелерден бұрын саудаға шығаруға қол жеткізді. Бұрындары үлкен жол бойында қарбызын құшақтап тұратындар бұл күндері егісінің басында отырып-ақ, қалта телефоны арқылы алушымен мәміле жасап, саудасын қыздырған жайы бар.
– Ең бастысы – тұрғындардың жұмыспен қамтылып, адал бейнетімен нәпақа айыруы ғой. Біздің ауылда толымды шаруалар атқарылып отыр деп айта аламыз, – дейді ауыл әкімдігінің бас маманы Икрам Әбуов. – Биылдың өзінде ауыл әкімдігінің есебінде тұратын 13 шаруа қожалығы 409 гектар жерге бақша дақылын, 35 гектар көкөніс орналастырды. Мұнан өзге 30 гектар картоп, 51 гектар дәндік жүгері, 103 гектар ескі жоңышқа бар.
Әрине, келтірілген әрбір санның артында қыруар шаруаның төбесі көрінері анық. Әлгі дақылдардың барлығы өнімге айналып, ауыл тұрғындарының қорына қаржы қосады, тұрмыстық жағдайын жақсарта түседі. Сонда әрбір тұрғын белгілі кәсіпке иелік етіп, еңбек етеді деген сөз. Біреудің қолына, біреудің аузына қарап күн көргеннен, әрине, өзіңнің күшіңе сеніп, іс қылған жүз есе артық. Осы орайда жайылмалықтардың ұмтылысы ерекше.
Биыл облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» жарияланып, атқарушы орындар тарапынан зор қолдау білдіріп отырғандығы баршаға мәлім. Бұл үлестен жайылмалықтар да құр қалмай, өзіндік мүмкіндікпен атсалысу үстінде. Ауыл әкімі Талғат Зейдалиев те шалымды жігіт екен, бәрін орайластырып, ерте көктемнен бері зыр жүгіріп жүр. Нәтижесінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорымен» нақтылай байланыс орнатылды. 11 кәсіп иесі 6 проценттік несие үстемесімен 18 млн теңге алуға қол жеткізді. Әрине, мұның бәрі егіншілік саласын өрістетуге жұмсалып келеді. Олардың өздері 52 гектар жерге бақша дақылдарын орналастырыпты.
– Диқандық – өміршең кәсіп. Өзім сырқаттанып қалуыма байланысты шаруа қожалығының тізгінін балама беріп едім, еңбекке әбден көзі қанығып өскен жас жұмысты қожыратпай алып кетті. Соған қуанамын, – дейді ауыл шаруашылығы саласының байырғы маманы Әлімбай Шідербаев. Айтпақшы, қарбыздың бір гектарынан күтіміне сай 40-50 тонна өнім алу бұл ауылға таңсық емес. Жылда әр келісі 10-15 теңгеден саудаланатын қарбыздың биылғы бағасы шарықтап тұр. Сұраушы 35-40 теңгені өзі айтып, шықырлатып теңгесін санап беріп, өзі артып алып кетеді. Бұл, әрине, шаруа адамы үшін қолайлы. Көзін тауып, еңбек еткен тарықпайды деген осы.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.