PhD, IELTS & SCOPUS

  Биылғы қаңтар айында Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағанбетов   Facebook-тағы жеке парақшасында магистратурамен докторантураға түсу ережелері өзгергенін хабарлады.  «Оқуға түсуші докторантураның салалық пәні бойынша қай ЖОО-ға түссе, сол жерде, сол университетте емтихан тапсырады, сонымен қатар шет тілін білетінін растайтын сертификат ұсынады. Мұндағы басты өзгеріс – енді докторантураға түсу үшін халықаралық сертификат талап етілетінінде. Шет тілінен тестілеу докторантура бойынша енді Ұлттық тестілеу орталығы арқылы өткізілмейді. Сондықтан докторантураға түсемін деп ниет білдірушілер осы бағыт бойынша дайындалуы тиіс» делінген жазбада.  Осыдан соң облыстағы ғылымның жай-күйін білмек болдық. Биыл PhD докторы болуға талпынған жастар нені білу керек? Жалпы ғылым саласында назардан тыс қалған қандай мәселелер бар?
СЕРТИФИКАТ ТАЛАП ЕТІЛЕДІ
Алдымен аймақтағы іргелі оқу орны Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға бет бұрдық. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім бөлімінің басшысы, техника ғылымдарының кандидаты Лаура Батырханқызы докторантураға қалай түсуге болатыны жөнінде ақпарат берді.
− Докторантураға кемінде 1 жыл еңбек өтілі және «магистр» дәрежесі бар тұлғалар қабылданады. Оған түсушілер жалпыеуропалық стандартқа сәйкес шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификат ұсыну қажет. Айталық,  TOEFL ITP – кемінде 460 балл, Intenet-based Test, TOEFL IBT шекті балл кемінде – 87,  TOEFL – 560 балл, IELTS – 5.5 баллдан жоғары болу  керек.
Маманның сөзінен шет тілін шебер меңгермейінше, докторант болудың оңайға соқпайтынын ұқтық. Осыдан соң PhD докторы болуға ниет білдіргендер санын білу үшін ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор  міндетін атқарушы Қали Әбдіұлымен тілдестік.
− Қазіргі таңда университетте 43 докторант және 402 магистрант білім алады. 2018 жылы 13 оқытушы PһD докторлық және кандидаттық диссертациясын жоғары дәрежеде қорғады. Өткен жылы  білім беру және ғылыми қызметті 18 ғылым докторы, 198 ғылым кандидаты, 18 PhD докторы және 180-нен астам ғылым магистрі атқарды. Соңғы 5 жылда университет ғалымдарының Web of Science Сore Collection (Clarivate Analytics)  базасында  49 мақаласы, Scopus базасында  127 мақаласы жарық көрді.
ОТАНДЫҚ БАСЫЛЫМ ҚАЖЕТ
Цифрлармен танысқан соң  докторанттармен жолығуды жөн көрдік. «Білім жолына түскен жан күнделікті күйбең тіршілікті ойламау қажет» деген Әбу Насыр әл-Фараби бір сөзінде. Расында докторанттардың біз ойлағандай бос уақыты болмады. Университетке барған күні Лаура Батырханқызымен бірге докторанттардың қорытынды есебін тыңдадық. Өткен жылы Qazagym сайты қазақстандық авторлардың үштен бір бөлігі 2013 жылдан бастап жалған журналдарда мақала жариялайтынын, оған орташа құны шамамен 1500 АҚШ доллары жұмсалатынын жазды. Докторанттармен әңгімелесу барысында бұл түйткілдің де салдарын білдік.
  • 1. Сіз докторлық диссертацияңыз үшін қандай тақырып таңдадыңыз? Ғылыми еңбектің нәтижесі мен пайдасы қандай болмақ?
  • 2.  Ғылыми мақалаңыз  қандай шетел басылымында жарық көрді?
  • 3.  Осы салада қандай мәселелер бар?
         Перизат БҰЛАНБАЕВА, «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» кафедрасының оқытушысы, ауылшаруашылығы ғылымдарының магистрі:
1. Өткен жылы «Қызылорда суармалы алқабында күріштің суару режимін зерттеу» тақырыбында диссертация қорғадым. Одан соң  Білім және ғылым министрлігінің бақылау комитетіне құжаттар тапсырдым. Диссертация 3 ай осы жерде қаралады, оң шешім тапқан жағдайда PhD докторы атағы беріледі. Қазір сол шешімді күтудемін. Далалық зерттеу жұмыстары Қарауылтөбе экспериментальді учаскесінің күріш ауыспалы егістігінде орындалды. Жұмыстың мақсаты – облыстың суармалы алқаптарында күріштің экологиялық тиімді суару режимін анықтау.
2. Диссертациялық жұмыстың нәтижелері ғылыми мақала түрінде 19 басылымда жарық көрді. Оның ішінде «AGRIS» базасындағы, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тізбесіндегі журналдарда және халықаралық, республикалық конференция  жинақтарында жарияланды.
3. Біз Scopus құрамына енетін баспаға 2014 жылы ТОО Science Invest Group Index Capital мекемесімен келісімшарт жасап, мақала бердік. Оған 800 мың теңге көлемінде қаржы аудардық. Алайда баспа материалды шығармады, салынған қаржыны да қайтармады. Осындай жағдай орын алмас үшін өз елімізде шетелдік басылыммен теңестірілген, ғылыми мақаланы сауатты түрде сараптайтын бір журнал болу қажет. Сонда ізденушінің ақшасы алаяққа емес, елдің қазынасына түсер еді.
СЕМИНАРЛАР ЖИІ ӨТКІЗІЛУІ ТИІС
Гүлзинат АЛДАМБЕРГЕНОВА, «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау» мамандығының I курс докторанты:
  • 1. Облыстағы агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды мәселесі – топырақтың құнарлылығын көтеру, жердің суландыру жағдайын жақсарту, өнімді дақылдардың сорттарын енгізу және егістік құрылымын жетілдіру болып отыр.  Осы мақсатта «Қызылорда суармалы алқабының күріш егісінде су үнемдеу технологиясын зерттеу» тақырыбында диссертация жазып жатырмын.
  • 2. Мақаланы тәжірибе жұмыстары аяқталған соң Scopus немесе Tomson баспасына береміз.
  • 3. Былтыр университетте «Web of Science» мәліметтер қорына кіретін журналдарда мақала жариялау» тақырыбында семинар өткізілді. Ғылыми мақаланы шетелдік басылымға бермес бұрын мамандықтың индексін дұрыс таңдау керек. Мәселен, ауылшаруашылығы тақырыбындағы мақала педагогика саласына жіберілсе, мақала жарық көрмейді.  Tomson, Scopus баспаларының біреуін ғана таңдауға мүмкіндік бар. Егер мақала екеуіне бірдей берілсе, көшірме болып танылады. Мұндай қателіктер жіберсеңіз, қаржыңыздан қағыласыз. Сосын докторанттардың электронды почтасына үнемі ғылыми журналдардың жарнамасы келіп тұрады. Оған назар аудармаған дұрыс. Қазір жалған басылымдарды «жыртқыш» немесе «қоқыс» журналдар деп атайды. Соңғы кезде олардың саны көбейгендіктен, өткен жылдан бастап докторанттарға арнайы семинар өткізілуде. Олар бізге мақала жариялануы қажет нақты басылымды анықтап беретін болады.
  • ШЕТЕЛДІК БАСПАМЕН ОҚУ ОРНЫ БАЙЛАНЫСУ КЕРЕК

  • Жанар ЖҰМАДІЛОВА, «Агрономия» мамандығының III курс  докторанты:
 1. Диссертациямды «Арал өңірінің күріш ауыспалы егістігі жағдайында отандық биотыңайтқыштарды қолдану арқылы түйежоңышқа сорттарының өсіру технологиясын жетілдіру» тақырыбында қорғамақпын. Зерттеудің мақсаты − Аралдың тұзданған топырағын түйежоңышқаның ақ «Аркас» және тісті «Сарайшық» сорттарын егу арқылы құнарландыруға бағытталған.
2. Мақала жариялаудағы ең басты қиындық – нақты ғылыми басылым табу. Біз мамандыққа сай келетін шынайы журналды іздеуге көп уақыт жоғалтамыз.  Баспаға мақала бермес бұрын келісімшарт жасалады. Алайда ол журнал  Sсopys базасында заңды түрде тіркелмеуі мүмкін. Оны алдын-ала анықтай алмаймыз. Тағы бір мәселе, Sсopys жыл сайын жаңартылады. Сол кезде көп басылым базадан шығып қалады. Егер сіздің мақалаңыз бар басылым базаға ілікпесе, еңбегіңіз далаға кетеді. Докторант үшін Sсopys базасына бір материал жариялану керек. Келісімшартта мақаланы басып шығару мерзімі де көрсетіледі. Мен мақаламды Sсopys базасындағы  «Ecology, Enviroment and Conversation» журналына бердім. Осы айда мақаламның баспада тұрғанына жеті ай болды. Болмаған соң басылымға хат жаздым. Олар алдағы он күн ішінде мақаламның жарық көретінін айтты. Наурыз айында Sсopys-та жаңарту болады. Мен таңдаған басылым базаға ену-енбеуі белгісіз.  Егер базаға енбесе  төлеген 287 мың қайтарылмайды.  Мақалам Sсopys-қа шықса, күзде диссертациямды қорғаймын.
Мен осы тақырыпта басқа университтегі әріптестеріммен де тілдестім. Оларда оқу орны шетелдік баспамен келісімшартқа отырған. Бізге де осындай тәжірибе керек.
Гүлдана ЖҰМАДИН
15 ақпан 2019 ж. 537 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031