АХМЕТЖАН ЖӘНЕ 124 КУЗОВТЫ MERSEDES
Көлік жүрсе көлік, жүрмесе өлік деген сөз бар. Әлбетте шынайы сөз. Бір жері бұзылса жүргізушінің бәрі бірдей шебер емес, анау-мынауын шұқылап, түрткілегеннен басқа ештеңе енгізе алмаймыз. Оның үстіне шетелдік көлік иелері құрал-сайман ұстамайтын болды. Әлденеге сенімсіз болса, техникалық қызмет көрсету орнына жүгінеді. Өз басымнан білетінім, бірде техникадан онша-мұнша хабарымыз болмаған соң капотын бір ашып, бір жаптық. Түсінбегесін техника мамандарын іздей бастадым. Не керек, қаладағы "менмін" деген мамандарыңыз әлгі көлікті қалпына келтіре алмады. Аулада айлап жатты. Пайдасы болмаған соң, қорадағы қоқысқа айналды. Бір күні шұғыл шаруа шығып, такси ұстауға тура келді. Не керек, жүргізуші де ашық жарқын кісі екен, әңгіме жараса кетті. Көлігі күйлі, оның үстіне маркасы тура менікіндей «Мерседес». Екеуара диалог көлік тақырыбына ойысты. Әңгіменің әлқиссасы менің ақау тұлпарыма тірелді. Жүргізуші: «Қалада «Мерседестің» мықты маманы бар. Соған бір көрсетіп алсаң дұрыс болады. Есімі – Ахметжан. Керек етсең, байланыс нөмірін берейін» деді.
«Жаппарқұлда жан бар ма», апта өтер-өтпестен «Мерседестің» маманына хабарластым. Ол: – Көрмей айта алмаймын. Сен оны сүйреп әкел, – деді. Айтқанын құп алып, бардық. Шебердің шеберханасы шағын, көлік гаражы екен. Сырт қарағанда сенімге селкеу түсіретін, «осындай жерде де маман бола ма?» деп ойлауға болғандай. Мәселе, оның шеберханасында емес, шеберлігінде екенін ескере бермейміз. Оған көзіміз жетті және мойындадық. Ол ақауын лезде тапты. Төрт ай бойы төңкеріліп тұрған тұлпарым төрт сағат ішінде «тірілді». Қуанышымда шек жоқ. Ахметжан ағаға алғысымды жаудырып жатырмын. Содан бастап әрі ақылшы, әрі маман ретінде тығыз байланысымыз орнады.
Уақыт өте келе шебердің тағы бір қасиетін байқадым. Бірде гаражындағы 1994 жылғы "Mersedes E280" маркалы көлікке көз түсті. Байқасаңыз, зауыттан жаңа ғана шыққандай көз тартады. Сұрастыра келе білгеніміз, ескі көлікті сатып алып, бастан-аяқ күрделі жөндеуден өткізеді. Сөйтіп илеуден өткізген қамырдай көлік «қанттай» болып шыға келеді. Айтарға оңай болғанмен оған аз күш жұмсайды дей алмаймыз. Ең бастысы, епті, құрал-сайманы толық, істің көзін біледі. Арасында қызықтап, бұл кәсіпті қалай бастағанын сұрадым.
– Ел егемендігін алған өтпелі тұста шамалы тұрмыс жағдайымыз қиындау болды. Тоқырау заманы болған соң жоқтан бар жасап, күн көрдік. Таныстарымның көбі техникадан хабардар еді. Бірлесіп көлік жөндеумен айналысамыз деп шештік. Содан 1993 жылы "Копейка" (Жигули) сатып алдым. Моторы іске асып тұр демесеңіз, сырт сұлбасының сиқы жоқ. Әбден шаршаған. Не керек, 1979 жылдың мұрасы мұратына жетті. Зауыттан шыққандай болды. Енді көлікті базарға шығардық. Оны 3 мың долларға бағалады. Осылай кәсіп басталды. Шекара асып, Тәжікстанның Ленинабад, қазіргі Худжанд қаласынан көлік тасып, іске асырдым. Көп жыртығым жамалды. Сондай-ақ кәсіби тәжірибем шыңдала түсті. «Жигулимен» 2006 жылға дейін айналысып, кейін Балтық елдерінен шетелдік көліктің келуіне байланысты «Мерседеске» мойын бұрдым. Қазір бұрынғыдай көлік алып келуден қиыншылық туындамаса да, құжат дайындау үлкен мәселеге айналды. Сондықтан ескіні жаңартуға тура келеді. Өзімнің бір құпиямды ашайын. Мен тек "Mersedesтің" №124 кузовты көлігін жақсы меңгергенмін. Ал қалғандарын аз білем. Ал «Audi»-ден мүлде бейхабармын десем де болады. Сізде «Неге №124 кузовты таңдадыңыз?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Оның сырын айтайын. «Mersedes»-тің осы бір түрі барлығынан мықты. Бір мысал айтайын. Немістер №124 кузовты шығарғанда банкротқа ұшырапты. Негізі автокөлікті сатудан гөрі, бөлшектерін сатудан көп пайда табады. Әлгі №124 кузов халыққа таралғанда бірде-бір автобөлшектеріне сұраныс болмаған. Яғни сатылған көліктерінің бөлшектері істен шықпай, 10-15 жылға дейін шыдас берген. Мықтылығы соншалық, қалада 30-35 жыл бұрын шығарылған «Мерседестер» әлі де зулап жүр. Демек, сапасы жағынан ілгері. Міне, осы жағынан келгенде мен ұтылмаймын» деді ол.
Әрине, маған бәрі таңсық. Дегенмен көптің көзін жеткізген, көліктің кілтін тапқан кәсіп иесінің шеберлігіне шәк келтірмейміз. Ол – мықты маман. Ахметжанның әлі талай адамға көмегі тиер деп ойлаймын. Себебі, қолынан келер көмектен ол аянбайды.
Ерасыл ШӘРІБЕК