ЖАЗУШЫ БОЛУ ДА ТАҒДЫРДАН…
Жастарды, келер ұрпақты елін, жерін, Отанын қалтқысыз сүюге тәрбиелеуде өткеннің рухани бай тәжірибесі ауадай қат. Тарихи роман жазудың майталманы Әбіш Кекілбаев: «Біздің халықтың тағдыры масаттанудан гөрі қамығуды көбірек қажетсінетіндей», – деп жазуы мүнәпықтан аулақ, болмыстың апокалипсистік сипатын терең пайымдап, сұңғылалықпен танып, барды барынша жазуға, ақиқатқа қиянат жасамауға шақырған білімдінің кеңесі. Кеңесіп пішкен тон келте болмастың қамы ғой. Біз бодандықтың қайыс ноқтасы есеңгіреткен зұлмат саясаттың апофеозін Тұрлыбек Мәмесейіттің «Таңжарық» роман-дилогиясындағы тағдыршешті тарихи оқиғалардан табамыз. Автордың бұл туындысын оқи отырып, телегей толқындарды бастан кешіреміз, өзек өртеген өрелі сұрақтарға жауап аламыз. «Таңжарық» романы қазақ әдебиетінде сүбелі орнын ойып алған тарихи роман дәстүрін жалғастырған, Қытай мен Қазақстанның Жетісу өлкесін мекендеген қазақтардың ХХ ғасырдың басынан 1945 жылға дейінгі күрделі қилы тарихының көркем шежіресі. Онда қаламгер қоғамдық, әлеуметтік, тұрмыстық, философиялық, адамгершілік, моральдық, құқықтық, ұлттық дәстүр сипаттарын жан-жақты қамтып, уақыт, зұлмат, қатыгез замандағы адамдар тағдырын күрескер, өлең-жырдың тұлпары Таңжарықтың тағдырымен бірегей талдайды. Бір сүйсінерлігі, Тұрлыбек Таңжарығын бірден ұлы боп туған ақын, болмысынан болып-толып қалыптан шыққан ерекше жаратылыс иесі етіп көрсетуден бойын аулақ салып, Таңжарық поэзиясына вариация жасау, монтаждау әрекетіне аяқ баспаған. Адам жанына үңілдіретін спектр сәулесін сезім шырғалаңы, табиғи мінездің құнарына көбірек түсіреді. Өйткені өзін халық жолына бағыштаған, халал сүт емген жанды қоғамдық мақсат, халықтық мұрат, елдік арманға, тек мінезге жомарттығы ұшпағына жеткізбек. Асқар Сүлейменов айтқандай, «мінез болмаған соң, образ жоқ, образ болмаған соң әдебиет те жоқ». Тұрлыбек ес білгеннен Таңжарық жырларын, айтыстарын естіп өскен. Өмірде тақырыптың да тағдыры болады. Шығармашылықтың ширықты жолында «мені жаз, мені жаз» деп тұратын тақырып бар да, автордың өзі іздеп табатын тақырып бар. Осы орайдан келгенде, Таңжарық тақырыбы Тұрлыбекті өзі іздеп тапқан, авторға өзі жолыққан үлкен олжа дейміз. Таңжарық дүниеге келіп, өскен, ер жеткен, ат жалын тартып мінген заманы өте ауыр, нағыз елді ығыр еткен, ойран-ботқасы шыққан, бүгіні қатерлі, болашағы соқыр тұманды, аласапыран шақ-ты. Әділін айтқан жөн, Т.Мәмесейіт роман-дилогиясына материал жинау барысында дауылды, бұрқасынды, құйыны ұйтқыған тарихқа бүгінгі парасат биігінен, рухани өміріміздің игі талабынан қарайтын байыпты, сабырлы, салмақты, парасатты, зерделі зерттеуші, көзі өткір, көңілі жүйрік байсалды барлаушы, сақ, әділ сарапшы ретінде танылатын тұстары мол. Ұлы Абай: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болатынын» баса айтқан ғой. Тұрлыбек Таңжарықты осы құнарлардан нәр алып, тамырды тереңнен тартуына, арнасы мол сулы, егіні бітік шығуын назарда берік ұстаған. Әкесі Жолды жайлы құдасы Баспақ ақсақал: «Ой, өзі де бір құдай деген момын адам-ау. Құдағи да бап қосылған» десе дегендей. Әкесі мен шешесі Мазақ Таңжарықтың ерекше туысын, дарынын ерте сезіп, бетінен қақпай, ерке, еркін өсуіне мүмкіндік жасаған. Кедейшілік, қолы қысқалықтың қыл шылбыры қылқындырса да Қайырбегі мен Таңжарығын ешнәрседен кенде қылмай өсірген. Қайырбегіне Бөрібайдың Айжан есімді қызын алып беріп, енді қызығын қызықтамақ болғанда, байдың жылқысына барымташылар шауып, солармен айқас үстінде қайғылы қазаға ұшырап, орны толмас қасіреттің қара бұлтына тұншығады. Таңжарығы шынжыр балақ, шұбартөс бай Жайырбектің бойжетіп отырған қызын алып қашып, қолға түседі, арты Күре қаласындағы оқуынан шығарылып, түрмеге жабылып, онан босанғаннан кейін сол дүмді байдың атағы жер жарған жүйрік аты Сетіккөкті мініп, Кеңес еліне, нағашылары Албанға асып кетеді. Мал ашуы – жан ашуы, оның үстіне күні кеше айттырылып қойған қызын алып қашып, әуре-сарсаңға салғаны тағы бар, соның бәрі қосылып, дәурені жүріп тұрған қаһарлы Жайырбек – «жарты патша» тазы ашуын тырнадан, қорғаны жоқ кедей Жолдыдан алады. Азын-аулақ күн көрісінен қағып, шаңырағын жалаңаштап кетеді. Есесіне, Қазақстанға, нағашыларына шекарадан аман-есен өтіп жеткен Таңжарық жат елде көрген қиянаттарын ұмытып, өзін жұмаққа топ ете түскендей сезінеді. 1928 жылғы байларды жалпы тәркілеуге шейін Қазақстанда Кеңес өкіметі орнап, советтендіру жұмысы қарқынды жүргізіліп, әркім өз тіршілігімен болып, ел ішінде ойын-той, ірі байлар ата-әкелеріне ас беруі тәрізді халық жиналған ірі шаралар толас таппай өткізіліп жатты. Роман-дилогияда Таңжарықтың ұстанған жолы, күрескерлік қабілетінің ашылуына, әнші, сері жігіттен ел мүддесі, биік арманына өзін құрбан етуден тайсалмаған әділет ұраншысына, көш бастаған кемел тұлғаға айналуына «атқа қондырсақ атқа лайық, таққа қондырсақ таққа лайық қазақтың сирек азаматтарының (Ә.Кекілбаев) шарапаты тиген. Оған да айт сартыма, – деген жолдарын ызғарлана қайта-қайта оқып, ауыздарынан көбігін шашып: «Үгіт емей бұл не? Жұртты өкіметке қарсы көтеріліске ашық үгіттеп тұрсың ғой!» – деп жеті басты жалмауызды көргендей зәрелері ұшып, орындарынан тік көтеріліп, күншіл, жағымпаз, мәнсапқор, имансыз, маргинал, ұлтын сатқан безер, қатыгез қазақ тергеушіге қалдырады. Ол Таңжарыққа сұсты жүзін бұрып: «Сен күн сайын ажалыңа жақындап келесің!» – деп қытайша балдыр-бұлдыр сөйлеп, тұтқынды бақайынан арқанмен байлап, басын салақтатып асып кетеді. Бұл – тергеуші қазақ Мұқанбаевтың сүйікті тәсілі болса, 1937-1938 жылдардағы Совет өкіметіндегідей «тазарту» саясатын жүргізбекші. Шыңжаң билеушісі Шың Шысайға оның «Шыңжаңды жаңа құру» жоспарын жоғары деңгейге жеткізе орындауға өлшеусіз үлес қосқан Кеңестік тергеушілер Уголин мен Фалинов Кеңестік асыра сілтеу саясатынан шошынып, шекара асып келген қазақтар мен басқа да ұлт өкілдеріне қырғидай тиіп, садизмнің қазанында қуырады. Мәселен, Уголин мен Фалинов таққан кінәсін мойындамай, ырқына көнбеген Таңжарықтың «басына темірден құрсау, қолына кісен салдырды. Аузы-мұрнынан бірдей қан бұрқ етті. Шегелі орындыққа отырғызды. Екі көзі кеткен салбырап. Бас та бос бұлғақтайды. Тырнақтың көбесіне ине сұғып шырқыратады. Түрі тірі аруақ. Баяғы екі иығына екі кісі мінгендей, нарттай қып-қызыл жігіттен жұрнақ жоқ. Тұла бойында сау-тамтық қалмаған. Құйрық жағы қасқыр тартқандай дал-дұл…» – деп Тұрлыбек қорғансыз шағын ұлттардың зәресін ұшырып, шовинистік, фашистік идеология талабына көзсіз табына бас ұруға мәжбүрлеген зұлым тергеушілердің айуандық астамшылығын қаз-қалпында бейнелеген. Жазушы ретінде Тұрлыбектің ізденісі, тәжірибесі, жауапкершілігі, ой-санасы, білімі діттеген биігінен аласа жатқан жоқ. Бай, шелді қазақ тілінің мәйегін бұзбай, түпқазық идеясынан жаңылмай, роман поэтикасының диафрагмасына барынша сақтықты бірінші орынға қоятыны сүйсінтеді. Мәселен, көркем шығарма бастау алар аймақтың тіліндегі ерекшеліктерді ескеріп, елемеу қиянат, білімсіздіктің көрінісі. Сондықтан Тұрлыбек ондай немкеттіліктен бойын таза ұстап, жергілікті диалектілермен сөздік қорымызды байытуға үлес қосқан. Айталық, пәмлеп алар едім (жоспарлап алар едім), мамақұл (келісеміз), асбұзыл (асхана) сөздері роман-дилогия тіліне балдай батып, судай сіңіп қай аймақтың ауасымен тыныстап тұрғаныңды есіңе салады. Қысқасы, көпқырлы талант өз потенциалын, имиджін тиімді пайдаланып, тағдыры тағлымды күрескер ақын тұлғасын арзан мадақтау, даурықпа «айқай-ұйқайға» ұрындырмай, шыншылдығымен, сөз кестесінің бояуы ажарлылығымен, көркем, публицистикалық стилистикасы «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» поэтика талабынан табылуымен, қажымас қайрат, қиын еңбек көрігінен шыққан роман-дилогия ретінде жан сүйсіндіріп, тебірентерлік қасиеттерге ие, мазмұны терең, идеялық пафосы салмақты туындымен қауыштырды. «Қаламгерлік жол жеңіл жол емес, азабы ауыр – жүрек жолы» (Ж.Ахмади). Оның үстіне, маңдайына жазылғаны – «азабы ауыр», рухы тозақ отында шыңдалған Таңжарық тағдыры болып, шегер азабы еселеніп, «жүрек жолы» екінің бірі беттемес шырқау шыңнан асуға тәуекел жасатып, рас, біраз өңделіп-толықтыратын тұстары кездесетінімен, қазақ тарихи-публицистикалық, ғұмырнамалық аса көрнекті көркем туындылар қатарын беделді роман-дилогиясымен байытты.
Тұрсын СЫДЫҚОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор