"ӘЛЕМ БАРЫСЫНДА" ӘЛЕМ БАЛУАНДАРЫ ЖҮЛДЕСІЗ ҚАЛДЫ
Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қазақ күресінен өткен «Әлем Барысы – 2018» турнирі өз мәресіне жетті. Дүбірлі додада әлемнің бірқатар елінен келген 33 балуан сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады. Дүбірлі додада Қазақстан намысын 5 спортшы қорғады. Кіл мықтылар арасынан суырылып шыққан Қазақстанның екі балуаны – Айбек Нұғымаров пен Ерсұлтан Мұзафаров финалда кездесті. 4 минутқа созылған белдесуде Нұғымаров қарсыласын таза жеңіп, екінші мәрте «Әлем Барысы» атағын иеленді. Жартылай финалдық сайыста Ерсұлтан Мұзафаров Ресей балуаны Роман Бобиковтан басым түссе, Айбек Нұғымаров грузин балуаны Гурам Тушишвилиді жеңді. Ресейлік балуан Роман Бобиков белдесусіз-ақ «Әлем Барысында» үшінші орын иеленді. Өйткені оның грузиялық қарсыласы Гурам Тушишвили ренжігендей сыңай танытып, бозкілемге шықпай қойды.