» » БРАКОНЬЕРІ БАСЫНҒАН ЕЛДЕ БЕРЕКЕ БОЛМАЙДЫ

БРАКОНЬЕРІ БАСЫНҒАН ЕЛДЕ БЕРЕКЕ БОЛМАЙДЫ

  Ен даланың еркесі қарақұйрықтың кенет итке айналып кеткенін немесе киіктің тосыннан ешкі болып шыға келгенін көргеніңіз бар ма? Дарвин ақсақал қанша көкігенімен, Жаратқан ие түзген табиғатта мұндай құбылыс кездеспейтіні рас. Ал сарапшылардың қорытындыларында ертегіге бергісіз мұндай таңғажайып жайттар жетіп артылады екен.  Әлдекімнен өш алғандай, көзі қызарып, қолына қаһарлы қару алып, өзінің әсемдігімен және көркем­дігімен ерекшеленетін тұяқты жануарларды қынадай қыратын қалталы, биік лауазымды браконьерлер ұсталып қалған кезде, заңда көрсетілген жазадан құтылу­дың түрлі жолын іздейді. Осы мезетте оларға кім көмекке келеті­нін Ауыл шаруашылығы министрлігі ашық айтты. Ведомствоның шенеуніктері бұл мәлімдемелерін Мәжілісте өткен «Қазақстанда браконьерлікпен күресудің өзекті мәселелері мен заңнамалық қамтамасыз ету шаралары туралы» дөңгелек үстел отырысында жасады. Мәжілістің Аграрлық мәселелер коми­теті құқық қолдану практи­ка­сына жүргізген талдауға сүйене келе, құқық қорғау қызметкерлерінің мемлекет қорғауындағы тұяқты жануарлардың қанына қолын мал­ған қылмыскерлерге жеңіл-желпі қарайтыны жөнінде байламға кел­ген. Өйткені браконьерлік факті­­лері бойынша тергеу жүргізіл­ген қыл­мыстық істердің үлкен бө­лігі жазаға дейін жеткізілмей, тоқ­татылады немесе аяқталмаған күйде қалады. Осылайша, 2014-2018 жыл­­­­дар аралығында сотқа жетпеген қыл­мыстық істердің жалпы саны – 314 эпи­зод. Бұл ретте мемлекеттік инс­пекторлардың өздеріне жүктел­ген қызметтік міндеттерін атқарған кезде оларды жаралаудың, ұрып-соғудың, өмірлеріне қауіп төндіру­дің көптеген фактілері тіркелген. Жазасыздық браконьерлерді желіктіреді, олар аяқтарын алшаң басып, еш қарсылық көрмеген соң, құтырып кетеді. Өткен жылдың мамырында ғана Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің тізгі­­нін қолына алған, бұған дейін Ақмола облысының аудандарында әкім болған, ал мамандығы бойын­ша мал дәрігері және заңгер болып табы­латын Қайыр Рыскелдинов депу­таттар алдында браконьер­лермен күресті күшейтпек ниеті барлығын мәлім етті. Бұған дейін мәселенің мәнісін анықтап, істің байыбына терең бойлаған ол осы салада заңды белден басушылардың сотта бас бостандығынан айырылуы немесе шартты мерзімге сотталуы сирек екенін айтады. – 2014-2018 жылдар аралығында құқық қорғау органдары браконьер­лік факті бойынша 539 қылмыстық іс қозғады. Алайда соның ішінде 64 іс немесе 12 пайызы мүлдем жабыл­ған, тағы 56-сы немесе он пайызы тоқтатылған. 194 іс немесе 36 пайы­зы күні бүгінге дейін сотқа жіберіл­мей, құқық қорғау орган­дарының өндірісінде жатыр. Тек 294 тұлғаға қатысты қозғалған 225 қылмыстық іс немесе 41 пайызы ғана сотқа жетті. Осы 225 қылмыстық іс бойынша бар-жоғы 28 адам немесе 9,5 пайызы ғана бас бостандығынан айырылды. Құқық бұзушы 204 адамға немесе 69 пайызына бас бостан­­дығын шектеу туралы үкім шығарылды, – дейді АШМ комите­тінің төрағасы. Яғни, бұларға сағат 22:00-ден кейін көңіл көтеру, ойын-сауық орындарына баруға тыйым салы­на­ды, мәжбүрлі еңбек, мысалы, көше тазалау белгіленсе, соны орындау кестесін сақтау талап етіледі. Киелі жануарларды жайратқан 51 адамға немесе 17 пайызына жалпы көлемі 681 миллиард теңге айыппұл салыныпты. 11 тұлғаны судьялар қылмыстық қудалаудан босату туралы шешім қабылдаған. Қ.Рыскелдинов қылмыскерлер­дің қылмыс жасауға пайдаланған көліктерінен де айырылмай, оларды ары қарай пайдалана беретініне қынжылыс білдірді. «Атап өту керек, соңғы 5 жыл ішінде ұсталған 379 автокөліктердің тек 172-сі ғана соттағы істе көрсетіл­ген. Ал сот соның ішінен небары 37 машинаны ғана тәркіледі. Мұны былай қойғанда, браконьерлерден алып қойылған 16 су көлігінің 12-сін сот қожайындарына қайтарған. Тек 4 жүзу құралы ғана тәркіленген және аукцион арқылы демпингтік бағада, аса арзанға өткізілген. Де­мек, оларды браконьерлер кері са­тып алуы әбден мүмкін», – дейді ол. Комитет басшысы қылмыстық істерден біраз мысалдар келтірді. Оның мәліметінше, 2016 жылдың 30 қарашасында Қарағанды облы­сының Нұра ауданы аумағында бра­коньерлерді құрықтау кезінде қылмыскер «Охотзоопром» инспек­торына тұтқиылдан тап беріп, мой­ны­на пышақ салған. Осы ша­буылға байланысты Нұра ауданы­ның ішкі істер бөлімі Қылмыстық кодекстің 115-бабы бойынша қылмыстық іс қозғайды. Бірақ ол қылмыстық іс «іс жүргізу нормаларын бұза оты­рып, яғни куәгерлерден және зардап шегушіден жауап алусыз, сондай-ақ қажетті тергеу амалдарын жүргізбей, тоқтатыла салынған». Қайыр Рыскелдиновтің айтуын­ша, киіктің немесе басқа сирек кездесетін жануардың ұшасы (туша) сараптамалар өткізілгеннен кейін үй жануарының еті болып көрсе­ті­ле­тін фактілер аз кездеспейді. Не­ме­се келтіріл­ген залал сомасын азай­ту үшін өлтірілген жабайы жан­­уар­­лар­дың саны кемітіліп жазы­лады. Мысалға, 2012 жылдың 5 қаза­нында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторлары қарақұйрықты заңсыз аулап жүрген В.Котов пен М.Мансуровты ұстайды. Осы факт бойынша Ұйғыр аудандық ішкі істер бөлімі қылмыстық іс қозғаған. Жануар өлексесіне жасалған сарап­тама оның қарақұйрық екенін растаған. Алайда неге екені белгісіз, қан сараптамасын жасаған сарапшы «өлтірілген жануар – ит болып табы­лады» деген қорытындыға ке­ліп­ті. Қылмыстық іс Ұйғыр аудан­дық ІІБ қарауында жарты жылдай жатқан, ізінше беймәлім негіздер бойынша тоқтатылған. – Бұл қазіргі кезде облыстарда сараптаманы тиісті лицензиясы бар қаптаған әртүрлі ұйымдардың жүргізуіне байланысты. Мәселен, 2016 жылғы 9 қазанда «Охотзо­опром» инспекторлары Н.Кішкен­таев­ты ұстады, оның машинасын тексеру кезінде атып алынған, терісі сыпырылған арқар табылды. Осы факт бойынша Қарағанды облысы­ның Ақтоғай ауданының ішкі істер бөлімі қылмыстық іс қозғайды. Алайда жануар өлексесіне жүргізіл­ген сараптама оның «үй жануары болып табылатынын» көрсеткен. Сараптаманы Жезқазған қаласын­дағы Көпбаев жеке кәсіпкерлігі (ИП Копбаев) жүргізген. Салда­ры­нан қылмыстық іс жабылды. Жеке кәсіпкер Көпбаевтың аты-жөні кезде­сетін қылмыстық істер жеткі­лікті. Мысалға, Қарағанды облы­сы­ның Нұра АІІБ машинасы­нан 38 киік мүйізі табылған Ж.Нұртаевқа қатысты қылмыстық іс қозғайды. Ол бойынша да сараптаманы Көп­баев жүргізген. Айғақ зат – 38 киік мүйізі тергеу барысында ізім-ғайым жоғалған. «Сарапшы Көпбаев жоғалтып алыпты» деген сылтау келтірілді, – дейді Қ.Рыскелдинов. Бұл факт бойынша Нұра АІІБ Көпбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғайды, бірақ артынша іс тоқта­тыл­ған. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті өз инс­пек­торларының, сондай-ақ құ­қық қорғау органдары өкілдерінің бра­коньерлік қылмысы үстінде ұста­луы оқиғалары да кездесетінін жа­­сырмайды. 2014-2018 жылдар ара­лы­ғында осындай 15 оқиға тір­кел­ген. Атап айтқанда, 2017 жылғы 2 желтоқсанда «Охотзоопром» инс­пекторлары Ырғыз-Торғай резер­ватының инспекторларын ұстаған: олардың автомашинасынан 8 киік мүйізі, 12-ші калибрлі аңшы қаруы, 135 патрон табылған. Яғни, инспек­тор­лардың құрып бара жатқан жануарларды қорғау үшін жолға сайланып шықпағаны көрініп тұр. 2018 жылғы 22 желтоқсанда Ұлытау аудандық ішкі істер бөлі­мі­нің учаскелік инспекторының қолы­на кісен салынды. Оның қора­сынан атылған 12 киіктің ұшасы табылды. Қазіргі кезде осы факт бойынша тергеу жүргізілуде. –Инспекторлар арасында сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу мақсатында министрдің шеші­мі­мен арнайы жедел топ жұмыс істейді. Ол топ тікелей министрдің өзіне ғана бағынады, әрі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ведомстволық бағынышты барлық ұйымдарына рейдтер жасайды. Олардың 2018 жылғы жұмыс қоры­тын­дылары бойын­ша комитетке қарасты ұйым­дардың 7 лауазымды тұлғасы тәртіп­тік жауапкершілікке тартыл­ды. Сондай-ақ «Охотзо­опром» инспек­торларының автокөліктері олардың жүріс-тұрысын бақылап отыратын GPS-трекерлермен жаб­дық­талды, – дейді АШМ коми­тетінің төрағасы. Мәжіліс депутаты Р.Ким жануар­­лар мен олардың мекен­дей­тін жерлерін қорғау бойынша жүйе­лі тәсілдер жетіспейтінін, салдары­нан, браконьерліктің кең етек жайып, ауыр қылмыстарға соқты­рып отыр­ғанын айтады. Депутаттардың пайымдауынша, браконьерлікке қарсы күрестегі шаралардың тиімділігі жоқ. Бра­конь­ерлікке қарсы әрекет бойынша ведомствоаралық кешенді шара­лар­ды әзірлеу қажет. Бұған қоса, бра­коньерлік үшін жауапкершілікті күшейту және қолданыстағы заң­на­маға тиісті нормаларды енгізу, мемлекеттік инспекторларды әлеу­меттік қорғау, орман және жануар­лар дүниесі саласындағы аумақтық және мамандандырылған ұйым­дар­д­ың материалдық-техникалық жабдық­талуын арттыру мәселелері күн тәртібінде тұр. Әйтпесе, бүгінде жануарларды қорғаушыға қарағанда, оны қыру­шы­лар жақсы жабдықталғаны жасырын емес. Мәселен, АШМ ақпа­рынша, Ақтөбе облыстық инспекциясының иелігінде тек 2004 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан 3 «казанка» қайығы, 2007 жылы шығарылған ресейлік «Шев­роле Нива» көлігі ғана бар көрінеді. Бұлардың «тозу деңгейі 100%» екені, қарапайым тілмен айт­қан­да, әбден тозығы жеткені хабар­ланды. Батыс Қазақстан инспекция­сы­ның балан­сын­да да мүлдем тозған, тесіле бастаған 7 қайық барлығы анық­тал­ды. Мұндай мысалдарды жалғастыра беруге болады. Мате­риалдық-техни­ка­лық жарақ­тан­­ды­рылу жағдайы, әсіресе, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Маңғыс­тау және Түркістан облыс­тарында өте нашар екені айтылды. Тұтастай алғанда, аумақтық инспек­циялар қолданып жүрген көлік және басқа құралдар­дың 50 пайыздан астамы «есеп­тен шығаруға жататын» көріне­д­і. Ауыл шаруашылығы министр­лігі 2019-2021 жылдар аралығында материалдық-техникалық құрал­дар­ды сатып алуға 1,4 миллиард теңге сұратыпты. Қаржы министр­лігі тек 567,2 миллион теңге бөлуге ғана келісімін берген екен. Оның ішінде 464,6 миллион теңгеге 76 автокөлік құралы сатып алынбақ. Жауапты министрлік Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, киік мүйіздерінің контрабандасына тосқауыл қоюға тырыспақ. Себебі, дәстүрлі қытай медицинасы индус­трия­сының қасиеті бар осы мүйіз­дер­ге деген жыл сайынғы қажеттілігі шамамен 8 тоннаны құрайды. Со­ның кесірінен, жатжұрттың сұра­ны­сын өтеуге ұмтылған қанішер қыл­мыс­к­ерлер киелі жануарларды қыруын тек үдете бермек. Олардың табанына тас қою үшін киік мүйізін шетелге заң­сыз тасымалдау арна­ларын анықтау шараларын күшейту, өз тиімділігін көрсеткен «Бекіре» опера­циясы үлгісінде жыл сайын сәуір-мамыр және қараша-жел­тоқ­сан аралығында ҰҚК, АШМ және ІІМ-нің «Киік» атты бірлескен опе­ра­циясын өткізуді жолға қою ұсы­ныл­ды.
Айхан ШӘРІП

16 ақпан 2019 ж. 386 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031