» » ГҮЛ ПАТШАСЫНЫҢ ҚҰДІРЕТІ МЕН КИЕСІ

ГҮЛ ПАТШАСЫНЫҢ ҚҰДІРЕТІ МЕН КИЕСІ

  Кез келген қыз-келіншек сыйға гүл алғанды ұнатады. Кейде сөзбен жеткізе алмайтын сөздерді гүл арқылы жеткізіп жатамыз. Сыйлыққа гүл сатып алудың қыр-сыры көп. Кейде гүлдің түсіне қарап қандай ниетпен сыйлағанын іштей ұғамыз. Әйелдерді неге гүлге теңейтіні және олар да гүл десе ішкен асын жерге қоятыны – осы күнге дейін жұмбақ жағдай. Ол әйел жанының гүлге ұқсайтындығынан шығар деп ойлаймын. «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі» деп ата-бабамыз ежелден қыз баланы гүлге, гүл патшасы – қызғалдаққа бекер теңемеген. Әрине, бұл гүлді тек нәзік жандыларға сыйлайды деген ұғымды білдірмесе керек. Гүлді ретін тауып ер азаматтарға сыйлауға әбден болады. Онда тұрған сөкет ештеңе жоқ. Себебі, ер азаматтардың да сыйластықты, терең сезім иірімдерін түсінетіні анық. Былтыр Елбасы «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақа­ласын жариялады. Онда алма мен қызғалдақтың отаны – Қазақстан деп айтылған. Міне, содан бері баспасөздерде, телеарналарда Ұлы даланың жеті қыры төңірегінде ғалым­дар, журналистер, жазушылар пікірлерін ортаға салып көп­ші­лікпен бөлісіп жүр. Расында, қызғалдақтың 32 түрі болса, оның 11-і – Қазақ­стан­ның эндемигі, яғни тек бізде өсетін сұрпы екен. Қызғалдақтың негізгі отаны –жеріміздегі Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсы. Ол түрік көшпенділері арқылы Азияның басқа бөлік­теріне тарап, парсы, түрік мемле­кеттері патшаларының сүйікті гүліне айналған. Қыз­ғал­дақ ХVI ғасырдың ортасын­да Түрік еліндегі неміс елшісі арқылы Германияға жеткен. Осы кезден бастап, Еуропа байлары үшін қызғал­дақ ерекше орын алған дейді тарих деректері. Ал голландия­лық бай саудагерлер үшін қызғал­дақ – байлықтың белгісі бол­ған. Тіпті ерекше түрлері үшін бар байлығын жұмсаған­дар да кездескен. «Қызғал­дақтар елі» атанып кеткен Нидерланды қолдан гибридтеу арқылы бүгінде қызғалдақтың 3 мың­нан астам түрін отырғы­зады. Олардың қызғалдақты ерекше қадірлеп, көбейтуінің негізгі себебі – қызғалдақ бизнесінің өркен жаюында. Экономика­дағы ішкі кірістің басым бөлігін жылына қызғал­дақ сатудан түскен 500 мил­лион АҚШ дол­лар пайда мөл­шері құрайды. Ал Қазақ­станда «Қызыл кітапқа» кірген қыз­ғал­дақ жойылудың шақ алдын­да. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегеннің кері. Гүл сататын дүңгіршектер­де гол­лон­­­диялық раушан гүлі мен қызғалдағы үлкен сұраныс­қа ие, бағасы да жергілікті гүлдер­ден бес-алты есе қымбат. Бағасының көтерілуіне жағдай жасап отырған өзіміз. Себебі, топырағы қызғалдақтың өсуі­не қолайлы жерімізге Голлан­диядағыдай күтіп-баптап қыз­ғал­дақ екпейпіз. Әйтпесе, қазақ­тың жері арнайы отыр­ғызбаса да, күтпесе де қызғал­даққа толы. Мысалы, Ақсу-Жабағылы қорығында және Түркістан облысындағы Шұбай­қызыл шоқысында, Іле, Жетісу (Жоңғар) Алатауында, Кетпен (Ұзынқара) жотасы мен Шу атырабында көктемде қызғалдақтан қызыл кілем жайылады. Соның өзіне «да­йын асқа тік қасық» демек­ші, желкесін қиюға броконьер­лер, туристер мен жергілікті тұр­ғын­дар әуес. Қызғалдақты түбі­ріндегі пиязшығымен жұлып алғаннан кейін ол жерге екінші қызғалдақ шықпай­ты­нын білмегендей, табиғаттың берген сұлулығынан күн санап қол үзіп жатырмыз. Аңыз-әпсаналарда қызғал­дақтың түп атауы «қызғылт дақ» екен дейді. Яғни, баба­лардың жаугершіліктегі қаны тамған жерге қызғалдақтар өсіп шыққан-мыс. Аңыз шын­дыққа құрылады десек, қыз­ғалдақты тамырымен жұл­мау­дың тағы бір себебі – осы. Енді қызғалдақ гүлінің елі­міз­де ежелден ерекше қастер­ленгенін дәлелдейтін дерек­терді ұсынсақ. Қазақ жерінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде «Теңдік» қорғанынан (Жетісу) б.з.д. ІІІ-ІІ ғасырлардағы сақ патшалары мен көсемдерінің киімдерінен қызғалдақ тәрізді оюмен әшекейленген жалпақ алтын тіліктер табылған. Орта Азия аймағынан табылған Х-ХІІІ ғасырлық қыш бұйым­дарда да қызғалдақ суреттері салынған. Студент кезімде кураторыммен Алматыдағы Қазақстанның Ұлттық мұра­жайы­на барғанда ұлттық киімдердегі, текемет, алаша, кілем, сырмақтың бетіндегі оюларда қызғалдақтың бейнесі салынғанын, сөрелердегі әр дәуірден қалған қазақтың қол­өнер бұйымдарында қыз­ғал­­дақ суретінің бейнелен­генін көргенмін. Бұл мәлі­мет­тер гүл патшасының отаны – Қазақ­стан екенін растай түседі. Көктемнің, Ұлыстың Ұлы күнінің символына айналған қыз­ғалдақтың ұлтымыз үшін орны бөлек. Оны аялап қорғау – биология ғылымындағы ма­ңыз­­ды мәселелердің бірі де біре­гейі.
Майра АЛДАБЕРГЕНОВА

16 ақпан 2019 ж. 1 532 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031