Күріш комбайнына берілетін субсидия көлемі артты
Сұрақ: Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер үшін қандай өзгеріс бар? Мемлекет тарапынан қандай бастамалар қолға алуда? Егін шаруашылығының жайы қандай?
Сұраққа кәсіпкерлер палатасының Агроөнеркәсіп кешені бөлімінің бастығы Жасұлан СЕРІКОВ жауап берді.– ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің басым бағыт беріп отырған саласы – малшаруашылығы. Бұл салаға қатысты несиелендіру, субсидия күшейтілуде. Атап айтатын болсақ, егер кәсіпкерлер немесе кәсіпкер болуға ниетті азаматтар мал шаруашылығының ет бағытына қатысты кәсіппен айналысса, осыған қатысты несиені 4 пайызбен алуға мүмкіндігі бар. Бұл еліміздегі ең төменгі пайыз мөлшері. Бірақ оның шарттары малды міндетті түрде шет елден алуы керек. Яғни шет елден асыл тұқымды немесе ет бағытындағы малды алса, қажетті қаржыны 4 пайызбен ала алады. Бұл бастаманың екінші артықшылығы – шет елден алып келген 1 мал үшін 225 мың теңге субсидия беріледі. Мәселен, шет елден 1 малды 400-500 мыңға алды делік, оның 225 мың теңгесін мемлекет қайтарымсыз көмек – субсидия түрінде береді. Бұл жаңалықты енгізудегі мақсат – кәсіпкерлерді, шаруаларды сырттан мал әкелуге ынталандыру. Осы уақытқа дейін, баршамыз білеміз, мал алуға берілген мемлекеттік қолдау түрлері нәтижесі аздау болды, себебі алған қаржыға облыс, аудан, ауыл ішінде мал алынып, мал басының көбеюіне, асылдануына айтарлықтай ықпал етілмеді. Осы мәселені шешу үшін, мал тұқымын асылдандыру үшін мемлекет осындай қолдау түрлерін көрсетуді қолға алды.
Егін шаруашылығындағы жағдайға тоқталар болсақ, қазір республика бойынша гектарлы субсидияны алып тастауда. Өткен жылға дейін күріш пен мақта және қант қызылшасына гектарлы субсидия берілетін. Осы жақын уақыттан бері гектарлы субсидияны алып тастады. Бұл бір жағынан дұрыс болды. Себебі, бір кәсіпкер жеріне жан-жақты мамандар шақырып, жаңа технологияны енгізіп, қомақты қаржы салып жұмыс істеуі мүмкін. Ал келесі бір кәсіпкер тұқымын сеуіп, одан артық қаржы жұмсамауы мүмкін. Мұны мысал түрінде келтіріп айтып отырмын. Міне, осы жағдайда қаржы салғаны да, салмағаны да гектарына сай субсидия алып келді. Былай қарағанда6 әділетсіздік. Жаңа ереже бойынша ендігі жерде субсидия өңделген өніміне беріледі. Егер сіз кәсіпкер ретінде 1000 тонна өнім жинасаңыз сол жинаған өніміңізге субсидия аласыз, 1 тонна жинасаңыз6 онда сол көлемге ғана арналған қаржыны аласыз.