» » ҰШҚЫШ ПЕН АВИАТОР ЕКІ ТҮРЛІ МАМАНДЫҚ

ҰШҚЫШ ПЕН АВИАТОР ЕКІ ТҮРЛІ МАМАНДЫҚ

Қайболды ОРЫНБАЕВ, I санатты ұшқыш:

Сіз аласапыран теңізде 27 адамның өмірін құтқара алар ма едіңіз? Мұндай ерлік көрсеткенің үшін «айыпты» болсаңыз, не істемек керек? Қытымыр қыста жүз адамның жанын сақтау көптің қолынан келе ме? Біз бұл сұрақтарға ұзақ ойланамыз. Ал  бұл рухы мықты бір адамның қолынан келді.
I санатты ұшқыш, Қазақстанның азаматтық авиация саласында алғаш рет «Жыл адамы» атағымен марапатталған Қайболды Орынбаев бүгінгі буынға арнап не айтты? Бұл сауалдардың жауабын білмекке ардагердің өзімен әңгімелестік.

− Аға, отызға жуық авиатор шыққан Арал маңындағы аядай ауылыңызды еске алғанда, көз алдыңызға қандай естеліктер келеді?
− Қаратерең десе ойыма үй маңынан-ақ көрінетін теңіз оралады. Ол уақыт Аралдың айдыны құрғамаған, арнасы суалмаған кезі. Есіктің алдында суы айнадай жарқырап Кәрітұма көлі жататын. Кешке дейін судан шықпайтынбыз. Жалпы, Қаратереңнен төрт ұшқыш шыққан. Әбжами Тілеулесов, Дулан Дәрменов, Серік Көптілеуов және мен. Кейбір газеттерде  «осы ауылдан  отызға жуық ұшқыш шығыпты» деп жазады. Бұл – қате пікір. Авиаторлар деген – әуе кәсіпкерлері. Олардың саны расында жиырмадан көп. Ал, ұшқыш болу – басқа дүние. Екеуін шатастырмау керек.
− Сіздің ұшқыш болуыңызға не түрткі болды? Ауыл жолының жайсыздығы ма, әлде балаға тән қызығушылық па?
− Бала арман ғой (күліп). Небәрі  4-5 жас кезімізде сыныптағы барлық оқушы көлге бардық. Суды қызықтап шомылып жүргенімде, көк жүзінен қатар ұшқан бірнеше тікұшақтың дауысы естілді. Артынан ашық аспанда ақ сызықтанып ізі қалды. Сол сәт менің бала болмысыма ерекше әсер етті және ешқашан өзгермес мақсатымды айқындады. Содан жоғары сыныпқа өткен кезде де бұл арман қалыбын бұзбады. «Авиационный космонавтика», «Советский космонавтика» сынды журналдарды үзбей оқыдым, бірақ басылым орыс тілінде болған соң көбіне түсінбейтінмін. Есесіне суретіне қатты қызығып отырып, ұшқыштар жайлы ұққандай боламын. Жетінші сынып оқып жүргенде де еркін тақырыпта жазылған шығармаға «Ұшқыш боламын» деп  жазғаным есімде.
− Бұл таңдауыңызға ата-анаңыз қалай қарады?
− Бастапқыда анам «балам ау, жерде жүрсең болмай ма? Аспанды қайтесің» деп біраз алаңдады. Ал, әкем «үйдің үлкенісің, ізіңе ерген қараларға кім қарайды» деп рұқсат етпеді. Әкемнің арманы –  мені мұғалім қылу. Ол кезде мамандықтың төресі, беделі күштісі – ұстаз болу еді. Мен бәрібір айтқанымнан қайтпадым. Ауылда Қали Баймағамбетов деген кісі бар еді. Әкемнің қарсылығын соған айттым. Қали аға әкеме: «Баланы жібер. Мүмкін, жақсы ұшқыш болар» деп, ақылын қосып көндірді. Менің көздегенім – әскери бағыттағы әуе қызметі. Тоқтар Әубәкіров сынды мықты болғым келеді, әрі бұл ғарыш саласына бір табан жақын. Бірақ әкем ұшқыш болуыма келісім бергенмен, әскери бағыттағы салаға баруыма үзілді-кесілді қарсы болды. Содан бала арманымның жетелеуімен Орынбор облысының Бугуруслан қаласындағы Азаматтық авиация ұшқыштарының училищесіне   оқуға түстім.
− 18 жыл бұрын 27 азаматты құтқарған теңіздегі оқиға қалай болды? Ағын судың ортасында қалған  азаматтарды қалай таптыңыз?
− Бұл 1997  жылдың  20 сәуірі күні болған оқиға. Ауа-райы аяқ астынан құбылды, ол кезде жойқын жел мен бұршақ аралас жаңбырды
ешкім күтпеген еді. Аласапыран дауыл су деңгейін шамадан тыс көтеріп, тасқын су Көкарал бөгетін үш жерден бұзып өткен. Сол жерде жұмыс істейтін 30-ға жуық механизатор да суға шайылып кеткен. Ол кезде қазіргідей байланыс жоқ. Бізге хабар ертеңіне барып жетті. Ми-8 тікұшағына мініп, теңізге тарттық. Судың ағысы қатты, Ұлы теңізге қарай буырқанып кетіп жатыр. Жаңбыр басылмаған, желдің жылдамдығын көрсеңіз адам шошиды. Тікұшақты оңды-солды сілкіп, ұршықша иіреді, тіпті ырық бермейді.  Бастапқыда адамдарды таба алмай, көрші ауылдан сұрадық. Ешкім көрмеген, тірі жан білмейді. Содан біраз уақыт көк жүзінен барлай жүріп, Ұлы теңіздің тұсындағы қарайған техникаларды байқадым. Жұмысшылар су тасыған кезде, ауылға қарай қашқан ғой. Бірақ алдын су кесіп өткен соң, ағыспен ығып кете берген. Көліктері әбден құмға шөккен, кабиналары ғана қылтияды. Суық суда адамдар әбден үсіген, тіпті кейбіреулері әлсірегеннен ес-түссіз күйде. Суға жақындап барайын десем, құтырған жел мүмкіндік бермейді. Сонда да тәуекелге бел буып, тікұшақты бірқалыпты биіктікте ұстай отырып, адамдарды біртіндеп бортқа көтердік. 27 адамды үш рет жағаға тасымалдап, аман алып қалдық.
− Басыңызды қатерге тіккен бөгет апатын сол кездегі ауыл шаруашылығы басқармасы Сайлаубай Әбішов «алдын-ала сезген болатынмын» дейді. Сонда қауіптің болу салдары қызметкерлердің бей-жайлығынан ба?
− Бастапқыда Көкарал бөгетінің іргетасын қарапайым тұрғындар қолдан қалаған. Бөгетті Үлкен Аралдың құрғаған табанындағы шеге құмнан үйіп, жиегін қамыспен бекіткен. Алғашқы жылдары теңіз толқынына бұл құрылыс шыдады. Ескі техникамен жабдықталған бөгет кейін екі-үш рет бұзылды. Сол кезде-ақ, бөгеттің жайы белгілі болған. Алапат су тасқынына шеге құм тосқауыл болушы ма еді? Тірегі болмаған соң бөгетті жырып, құмды шайып кеткен. Қаражаттың жетіспеушілігі, техниканың жетімсіздігі ғой бұл апатқа себеп болған. Кейіннен Ресей, Түркия мемлекетінен инженерлер келіп, бөгетті қайта жөндеді. Арнайы зертхана салды. Бөгеттің тығыздығын, шөгуін, беріктігін бәрін есептеді. Бұрынғыдай емес құм, саз, шебін қабаттарын араластырып, сапалы етіп қайта тұрғызды.
− Осындай зор тәуекелден кейін сізді «техникаға зиян келтірдің» деп айыптаған.  Бұл сізге оңай тимеген болар...
− Апатты  оқиға жайлы жоғарыдағылар естімеген. Өзім қызмет ететін «Еуро-Азия Эйр» авиакомпаниясындағы басшылар ғана «сен тікұшақты кейін үйренген адамсың, апатқа ұшырасаң компанияға зияның тиер еді. Әрі ауа-райының метеоминимум талабы бойынша ұшып-көтерілуге болмайтын жағдайда бұл әрекетің дұрыс болмады» деп сөкті. Ақтөбе қаласында соған орай жиналыс жасалды. Мен түсініктемемді, көрген-білгенімді жазып беріп, бәрін үнсіз тыңдадым. Техника бұзылады екен деп 27 адамның өмірін қиып кете алмас едім. Сол арада маған ұшудың қыр-сырын үйреткен Әнуар Молдабаев деген кісі де болды. «Орынбаев – тәжірибелі, кәсіби маман. Оның орнында болсаңдар, сендер адамды ажалға қияр ма едіңдер?» деп қарсы тұрды.
        − Сізді «бейбіт күннің батыры» дейді. Басқалар алдамшы атаққа малданып жүргенде, сіздің мұндай дүниелерді керек етпеуіңіз шынымен ерлік тәрізді...
− Біздің тұлғалық болмысымыз ауылда қалыптасты. Ауыл адамдарын білесің ғой, сондай қарапайым, артық мақтаудан гөрі шынайы ықыласты дұрыс көреді. Адамдарды құтқарған соң, Қаратереңге келдім. Сол кезде 96 жастағы бір қария бата берді. Мен сол кезде өмірдегі ең үлкен марапат бата екенін  түсіндім. Кейін Әнуар ағамыз бұл ерліктің ескерусіз қалмауы үшін қолынан келгенін жасайтынын айтты. Бірақ қарсылық таныттым. Біріншіден, ол менің қызметім, екіншіден, үлкен кісінің ақ тілеуін естідім. Маған мұнан асқан қандай марапат керек?!
− Ұшқыш Талғат Бигилдинов «1-нөмірлі техника маған жақпады. 7-нөмірге отырсам болды, жолым оңғарылады» депті. Сіз ұшақ нөміріне мән беруші ме едіңіз?
− Ұшақ нөміріне назар аудармаппын. Егер мен бір жағдай орын алғанда «сенім бойынша ұшуға болмайды» деп отырсам, не болады?! Онда түк істей алмас едім ғой. Жалпы, өмірде ырымға көп назар аудара бермеймін. Бірақ «жақсы сөздің – жарым ырыс» екенін біліп, өмірде оптимистік көзқарасты ұстанамын. Күн жаумай, су болып, жоқ жерден мәселе туындататын адамдарды ұнатпаймын. Ұшу барысында алдымен өзіме, жиырма жыл ұшақта, он жыл тікұшақта жинаған тәжірибеме сенетінмін.
− Ең алғаш көк жүзіне көтерілген сәтіңіз, сондай-ақ соңғы рет ұшқан кезіңіз есіңізде болар...
− Әрине, алғаш рет  Бугурусланда оқып жүргенде ұштым. Жазықтықта бір ай бойы жаттыққанбыз. Бірінші көкке көтерілген күні түнімен ұйықтай алмадық. Қуаныш сезімі бойды кернеп, қалай ұшқанымызды жанымыздағыларға айтып даурыққанымыз бар (күліп). Соңғы рет «Еуро-Азия Эйр» компаниясында қызмет барысымен ұштым.
− Тәуекелге бас тіккен тарихи оқиға деп  тағы нені айтар едіңіз?
− Бірде қыс айында Жезқазған мен Қызылорда арасындағы жолға қалың қар түсіп, көлік қатынасы тоқтады. Ескертуді елемеген талай адам жолда қалды. Емізулі сәбиі бар аналар, қарт кісілер азық-түліксіз  үсікке шалдыға жаздағаны бар. Қардың көп түскені сонша, көмекке барып тұрып тікұшақпен жерге қону мүмкін болмады. Сол кезде де амалын тауып, жүзге жуық адамның өмірін құтқарып қалдық.
Төбе басында тізе қосып, телі мен тентекті тезге салатын замандасыңыз көп пе? Жастарға не айтасыз?
− Өзіммен әріптес болған, қиын күндерді бірге өткерген жолдастарым Қазақстанның барлық түкпірінде бар. Арасында елге қонақ болып кетеді. Кейде өзім барамын. Әйтеуір байланысымыз үзілген емес. Жас кезімде ата-анам үнемі «Балам, адам болуға талпын! Адал бол!» деуші еді. Менде ұрпағыма соны айтамын. Адам болыңдар, айналайындар!
                                                                      Әңгімелескен   Гүлдана ЖҰМАДИН
28 ақпан 2019 ж. 800 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031