» » ТЕҢІЗДІ ӨҢІРДІ ТҮЛЕТКЕН БАСТАМА

ТЕҢІЗДІ ӨҢІРДІ ТҮЛЕТКЕН БАСТАМА

Соңғы жылдары облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қол­дауымен Қамбаш көлінің жағасында Арал өңірі балықшыларының слетін өткізу дәстүрге айналды. Бүгін ауданда төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған слет аясындағы шаралар бастау алады.
Тоқсаныншы жылдардағы теңіз тақсіретін көрген ба­лықшы қауым бұл шара тоқыраған балық шаруа­шы­лығы саласын қолдаудың батыл бастамасы деп бағалайды. 
– Арал теңізінің тартылып, түпсіз айдынның  шөлге айналған  сол бір қасіретті шағында  балық аулау кәсібі мүлде тоқырап, жұмыссыз қалған жандар көбейді. Теңіз беткейінен  үдере көш­кен­дердің қатарында менің де отбасым бар еді. Талдықорған қаласына қоныс аудардық. Жұмыс та табылды.  Деседе, ата қонысымыз, киелі теңіз ойымыздан шықпады. Ақыры елге қайтадан көшіп келдік. Балық аулау саласында еңбек жасап, зей­неткерлік демалысына шық­тым. Кезіндегі дәстүрді жаң­­ғыртқан балықшылар слеті – оң бастама. Осы арқылы шаруа­шылықтың беталысы айқындалып, алдағысы жобаланады, – дейді байырғы балықшы Шархан Орынбаев.
 Шын мәнісінде «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС – 1) жобасы  Сыр өңіріне, оның ішінде Арал аймағына соны серпін, тың өзгерістер әкелді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен салынған «Көкарал» бөгеті, өзге де қуатты нысандар теңіз жағалаған елдің өмірін жаңа белеске көтерді. Ата-бабадан мұраға қалған  балық аулау саласы  қайта қарқындап, кәсіптің тынысы кеңейді.   САРАТС  жобасының алғашқы ке­зеңінің жүзеге асуы өңірдің экологиялық, халықтың әлеу­мет­тік-экономикалық ахуа­лын оңалтуға ауқымды әсерін тигізді. Теңіз суының тұздылығы төмендеп, балық қоры молайды. Айдын Арал қаласына біршама жақындады. Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі ұлғайып,  көптеген ірі көлдер қалпына келе бастады. Балық шаруа­шылығы жанданып, теңізде бұрын жойылып кеткен балықтың 14 түрі қайтадан пайда болды. Балық аулау көлемі екімыңыншы жылдармен салыстырғанда 20 есеге көтерілді. Аудан аумағында балық шаруашылығы үшін маңызды Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені мен 20 көл бар. Биылғы жылға Кіші Арал теңізінен, Қамыстыбас, Ақшатау, көлдер жүйесінен, аудан бойынша балық аулау лимиті 6919 тонна болып бекітілді.
 Оған қоса теңіз төскейінде жылдық қуаттылығы 18900 мың тоннадан астам 7 балық өңдеу зауыты жұмыс жасайды. «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық», «СДО Қарашалаң» ЖШС-ның балық өңдеу зауыты балықты терең өңдеумен айналысса, «Бөген СДО», «Қуаныш», «Ар –М–Кон» шағын балық өңдеу зауыты балықты қатыру, мұздату, ыстау сияқты жеңіл өңдеумен  шұғылданады. Еврокод белгісі «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС балық өңдеу зауытының еншісінде. Арал аудандық аумақтық инспекциясының дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері балық өнімі Ресейге, Польшаға, Грузия мен Украинаға экспортқа шығарылған.
Аудандағы балық өңдеу саласындағы 31 балықшылар бригадасында төрт жүзден астам адам жұмыс істейді. Олар кемелермен құрма ау,  жылым,  кермешелермен қамтамасыз етілген.
Балық аулау көлемінің өсуі балық өңдеу саласының дамуына мүмкіндіктер жасайтыны белгілі. Аудан­дағы балық аулайтын шаруа­шылықтар мен балық өңдеу кәсіпорындарында мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Ал «САРАТС» жо­басының екінші кезеңі жүзеге асырылса, Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына оңды әсер етеді. Ондай жағдайда Арал теңізінің солтүстік бөлігіндегі  және өзен  саға­сындағы  көлдер сумен қам­тамасыз етіледі. Балық аулау көлемі 30000 тоннаға жетіп, балық шаруашылығы саласында жаңадан 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Теңіз айдыны бұрынғыдай Арал қаласының іргесіне келеді. Су айдынының алаңы елді мекендерге жетеді. Теңіздің кеуіп қалған ұлтанынан ұшқан шаңды тұздар азайып, туризмді дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
13 шілде 2018 ж. 770 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930