Кез келген қиындық жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
«Нұр Отан» партиясы өзінің 20 жылдық тарихында тәуелсіздік жылдарындағы елдік істердің барлығына үлес қосып келеді. Партия көшбасшысының бастамаларына әрқашан қолдау білдіріп, қазақстандықтарды ортақ мұрат жолында біріктіруде. Іргелі саяси ұйымның 20 жылдығына арналған тарихи съезд тек саяси ұйымның ғана емес, еліміздің одан əрі жаңғыруына серпіліс береді деп сенемін.
«Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Президент көтерген әлеуметтік бастамалар осыған дейінгі әлеуметтік саясаттың жалғасы іспетті. Оған қоса халықты толғандырған мәселелер басты назарға алынған. Халықты жұмыспен қамту, тұрмысы төмен отбасыларды қолдау, тұрғын үй салу, жергілікті жолдарды жөндеу, медициналық көмек көрсету, ауылдарды, шағын қалаларды дамыту сияқты мәселелерді шешу үшін бөлінген қаржының көлемі өте ауқымды. Ең бастысы, мұның барлығы халықтың көкейінде жүрген өзекті түйткілдер еді. Съезд барысында Елбасы көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын арттыруды тапсырды. «Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға қолдау шараларын күшейту керек. Әсіресе көпбалалы отбасыларға деген көмек барынша сезілуі шарт», – деді Елбасы.
Алдағы уақытта партия «Құтты мекен» жобасын іске асырады. Осы жоба арқылы 7,5 млн. ауыл тұрғынының жағдайын жақсартуға мүмкіндік туады. «Ең алдымен Үкімет әкімдермен және мәслихаттармен бірігіп, келешегі бар ауылдарды іріктеп, әлеуметтік нысандар мен интернаттар тұрғызу жұмыстарын жүргізу қажет», – деді Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде. Мұнымен қоса съезде «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданып, республикалық саяси кеңеске, бюроға жаңа мүшелер сайланды.
Қазіргі таңда қоғамдық ұйым ел еңсесін көтеріп, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ұйытқы болуда. Партия мүшесі ретінде алда жүзеге асатын жобаларды толық қолдаймын. Келешекте жаңа бастамалар жүзеге асып, қолға алынған әрбір іс халық көңілінен шығады деп сенемін. Тәуелсіздік жылдарында жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламалардың игілігін бүкіл халық көріп келеді. Елбасы индустрия, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, білім және т.б салалар бойынша мемлекеттік бағдарламаларға қыруар қаржы бөлінгенін атап өтті. Сонымен бірге «Нұр Отан» партиясы мен Президент Әкімшілігіне мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың тиімділігін бағалайтын орталық құруды тапсырды. Бұл әлеуметтік-экономикалық бастамаларға бөлінген қаржының бақылауда болатынын білдіреді.
Елбасының «...кез келген қиындық жаңа өзгерістермен келіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ең бастысы, дамудың дұрыс бағытын таңдап, қоғамды алға қойған мақсаттарға жұмылдыру керек. Заманауи әлемнің негізгі трендтерін ескеру қажет. Бүгінде мемлекеттер арасындағы бәсеке жекелеген адамдардың бәсекесімен пара-пар. Кез келген экономикалық жетістіктер мен геосаяси жеңістер әрбір адамның әл-ауқатын жақсартуға ықпал етпесе, еш маңызы болмайды. Мұнда ХХІ ғасырдағы мемлекеттердің тұрақты дамуының сыры жатыр» деген сөзі бізді алға жетелейді, жігерлендіреді.
Қызылорда – Астана – Қызылорда
Талғат ТІЛЕС