Текей батыр
Жақында Арай 2 ықшам ауданына қарасты көшеге Текей батырдың есімі берілді. Бұл соңғы бес жылда бой көтерген жаңа аудан, жаңа көше.
Текей батыр Қарпықұлы шамамен 1679 жылдары өмір сүрген белгілі батыр, қолбасшылардың бірі. Ақтайлақ өңірінде туған, кіші жүздің Кете руынан шыққан деген дерек бар. Оның батырлығы 1711, 1723, 1726 жылдары жоңғар басқыншыларымен ұрыста айқын көзге түскен. Ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, Текей батыр ұрыста ғана емес, бейбіт күнде де палуан әрі ғажап дауысты әнші болған екен. Оның есімі Сыр сүлейлерінің шығармаларында жиі айтылады. Әйгілі Тұрмағанбет ақын, Шегебай Бектасұлы және Аманжол ақын оған арнап дастан шығарған. Журналист-жазушы Мырқы Исаев 1994 жылы «Әз Тәукенің Текей батыры» деген кітап құрастырды. Текей есімі Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесіндегі хан, би, батырлар тізімінде жазылған. Облысқа қарасты Қармақшы ауданының аумағында Текей әулие деген бейіт бар, мұнымен қоса «Текей құмы», «Текей қазған құдық» деген жер-су атаулары да кездеседі.
Ж.САҒИДА