Лудомания

   Компьютер адамзаттың өркениет жолымен дамуына ықпал ететін басты құралдардың бірі екені даусыз. Қай салада болмасын компьютер кеңінен қолданылып, біз адамдар, тіпті онсыз өмір сүруін елестете алмайтындай дәрежеге жеттік. Ал компьютерлік ойындар балалардың құмартып ойнайтын ойындарының біріне айналып, оған деген тәуелділігі күннен-күнге артып отыр. Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы құмар ойындарын психиканың бұзылуына әкеліп соқтыратын, адам ағзасына қауіпті ойындардың қатарына енгізді. «21 ғасыр – компьютер ғасыры» деп атап, айдар тағуымыздың өзі осыны дәлелдейді. Өкінішке қарай, кез келген өркениеттің екі жағы болады. Біріншіден, қоғам алға жылжиды, екіншіден, рухани құндылықтарға кері әсер етеді.
Қазіргі таңда мектеп жасына дейінгі баланың өзі жазу-сызуды білмесе де, компьютердің не екенін жақсы біледі. Демек, бала заманына қарай өседі. Технология тілін жатық біле бермейтін әке-шеше «қазіргі балалар іштен біле туады» деп қарайды. Компьютерге осыдан он жыл бұрын қалталылардың ғана қолы жетсе, бүгінде оны әрбір үйден көруге болады. Қазіргі балалардың досы – компьютер, осы бір жансыз темірдің алдында кешке шейін отырса да жалықпайды. Бұндай балаларды компьютерден басқа еш нәрсе қызықтырмайды. Енді мамандар зерттеулеріне сүйеніп, бұл озық технологияларды ұзақ пайдаланудың бала психологиясына кері әсерін саралап көрсек. Біріншіден, шамадан тыс ақпараттар тасқыны баланы енжарлыққа душар етеді. Интернетті өзінің бірінші серігі, ал компьютерді «досы» етіп таңдаған жан айналасындағы адамдармен еркін араласу қабілетін лезде әлсіретеді. Бұл туралы мамандар: «Өзгенің адами мұң-мұқтажын түсінбейтін, айналасындағылардың жан қиналысын сезіне бермейтін, яғни жүрегі селт етпейтін халге жетеді», – дейді. Адамдармен, тіпті өзінің жақын-жуықтарымен, әке-шеше, бауырларымен араласудан қашқақтайтын ондай бала, абайламаса, шынайы өмірді виртуалды, жансыз «өмірге» айырбастап жіберетіндей дәрежеге жетеді.
Компьютерге байлану ауруы негізінен кімдерде пайда болады? Шынайы өмірде өз-өздеріне сенімсіз, сондай-ақ тұрмыста кездесетін қиын түйіндерді шеше алмайтын адамдар және әке-шеше қарауынан тыс қалған жас балалар аталған ауруға бейім. Олар компьютерден тыс жерде тірлік ету уақытты босқа жоғалтқанмен бірдей деп есептейді. Бала психологиясындағы өзгеріс –  ата-аналарымен кикілжіңге бару, сабаққа үлгерімінің нашарлауы, демек баланың бұрынғы достарымен қарым-қатынасы азаяды, берген уәдесін орындамайды, ашуланшақ, мазасыздану мінездері пайда болады, ұйқысы бұзылып, зейіні мен есте сақтау қабілеті нашарлайды, көз жанары төмендейді, басы ауырады, омыртқасы бұзылуы басталады. Осы белгілер бала бойында анықталса, «компьютер ойынына тәуелділік ықтималы» деген диагноз қойылады. Шектен шыққан ойынпаздық дерті лудомания деп аталады.
Не істеу керек? Ата-ана баланы дене белсенділігін тудыратын жұмыстармен айналысуын қадағалау керек. Компьютерде отыруға белгілі бір уақыт қойылуы шарт. Баланың қандай сайттарға кіретінін, не көретінін қадағалау қажет. Бала күнінен бастап, маңызды бір істерге, жауапкершілікке, өз өмірі үшін өзі жауап беретінін сезіндіруге дағдыландырған дұрыс. Ғаламтордан көретін фильмдерге де назар аудару керек. Мәселен, мектеп оқушыларының арасында қорқынышты фильмдер көруден кейін мазасыздық, депрессиялық күй, қорқақтық пайда болады. Қорқынышты фильмдерді көрген сайын бала психикасы бұзылады. Бала өз көлеңкесінен қорқатын жағдайға жетеді. Сондай-ақ  интернеттегі  анайы,  ұлттық дәстүрімізге жат фильмдер де бала психикасын бұзады. Көргенін дұрыс екен деп қайталау, еліктеу балаға тән. Елеусіз көрінгенмен агрессиялық ойындар да бала психикасының астан-кестеңін шығарады. Сондықтан баланың интернеттен не көріп отырғанын қадағалау өте маңызды. Бала компьютер алдында отырғанда бөлменің терезесін ашып, таза ауа кіргізіп қойған жөн. Компьютер пайдаланғаннан кейін міндетті түрде баланы далаға шығарып, ойын бөлген дұрыс.
Жайдаркүл  ҚАЗЫБЕКҚЫЗЫ,
№ 187 орта мектеп  психологі
15 наурыз 2019 ж. 963 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031