ЭЛИТАЛЫ ЭЛИЗАБЕТ
Ресейдің Краснояр қаласында өтіп жатқан қысқы универсиада аясында мәнерлеп сырғанаудан қыздар арасындағы сайыста Сыр аруы Элизабет Тұрсынбаева күміс жүлдегер атанды.
Қысқа бағдарламадан кейін ол төртінші орында тұрған еді. Бұл бағдарлама бойынша ол 67, 57 ұпай жинаған болатын. Ол еркін бағдарламада өте жақсы деңгейде шеберлігін көрсете алды. Нәтижесінде екі жеке рекордын жаңартты. Элизабет еркін бағдарламада 147,20 балл алды. Қос бағдарламаның қорытындысымен ол 214,77 баллға қол жеткізді. Осылайша Элизабет қысқы универсиадада күміс жүлдегер атанды. Чемпион атағына жапон қызы Маи Махара ие болса, ресейлік Станислава Константинова қолаға қол жеткізді. Тағы бір қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Айза Момбекова жарыс барысында 17-орынды місе тұтты. Оның еншісінде 124,41 балл бар. Элизабет енді әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр. Аталмыш жарыс 18-24 наурыз аралығында Жапонияда өтеді.