НАН ҚЫМБАТТАМАЙДЫ
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров нан бағасының ауытқу ықтималдығы туралы айтып берді. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, бүгінде Қазақстанда баға бағдарланатын екі түрлі нан бар. Оның бірі — жоғарғы сортты ұннан пісірілетін нан және екіншісі — бірінші сортты ұннан пісірілетін нан. «Мониторинг пен реттеу жүргізілетін, әлеуметтік маңызы бар тұтыну тауарлары тізіміне барлық нан емес, тек бірінші сортты ұннан пісірілетін нан ғана жатады. Бүгінде нан бағасы өзіміз көріп отырғандай, бір бөлкесі үшін 75-78 теңгені құрайды. Жоғарғы сортты ұннан пісірілген нан 134–142 теңге тұрады. Қазіргі таңда нан бағасы күрт көтеріледі деген алаңдаушылық тудыратын жағдайлар жоқ», — деді С. Омаров. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтерінше, 2015 жылы Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімімен нан бағасын реттеуден бас тартуға қолдау білдірілді. 2016 жылғы бағамен салыстырғанда, 2019 жылы әлеуметтік нан бағасы 6 теңгеге өскен. Астық бағасы өсіп келеді, бірақ бұл орайда астық бағасының нанның өзіндік құнындағы үлесі 50% құрайтынын ескеру керек, ал қалғаны — жанар-жағармай, жалақы, электр энергиясы, әкімшілік және басқа да шығындар. Сонымен қатар, өңірлердегі әкімдіктер тұрғындарға арналған әлеуметтік маңызы бар тауарларға деген бағаның күрт көтерілуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылдауда. Өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тетігі белсенді қолданылып келеді, оларға кейіннен тұрғындар қамтамасыз етілетін бірқатар тауар түрлері сатып алынуда. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға арналған 3,1 млрд теңге көлемінде қаржы бар, бұл қаражатты әкімдіктер нан бағасын тұрақтандыруға да бағыттай алады.
«Айқын» ақпарат