Жаңа жылда – жаңа жоба
"Жастардың бүгінгі міндеті – оқу, білім, тәрбие жұмыстары. Жастар бүгін сөзден іске көшетін заман". Бұл шығыс жұлдызы Ғани Мұратбаевтың жастарды жігерлендірген жалынды сөзі.Бүгінде аймақта 192 912 жас бар. Бұл облыс халқының 25 пайызына тең. Аталған жастарды жұмыспен қамту қашанда өзекті. Осы мақсатта облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 679 млн. теңге бөлді. Оның ішінде тұрмысы төмен отбасынан шыққан 3 214 студентке қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге облыстық бюджеттен 109 млн. 70 мың теңге көлемінде жеңілдік берілген. Ал облыстық Жастар ресурстық орталықтарының қызметін ұйымдастыруға 159 млн. 665 мың теңге қаралса, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 45 жобаға 165 млн. 619 мың теңге бөлінген.
Сыр өңірі жастардың белсенділігін арттыруда республика бойынша қаржыландырудан екінші орында тұр. Бөлінген қаржыны жастар игілігіне пайдалану мақсатында былтыр 17 әлеуметтік жобажүзеге асты. Аталған жобаның 3-еуі жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, 2 жоба ұлттық құндылығымызды нығайту мен патриоттық тәрбие беру жұмысына, 5 жоба жастарды жұмыспен қамтуға, 2 жоба облыстық деңгейде өтетін бір реттік шараға, 2 жоба қиын жағдайға тап болған жастарды қоғамдық ортаға бейімдеуге, сондай-ақ, әр түрлі бағыттағы 3 жоба бар. Әр жоба түрлі санатқа бөлініп, жастардың қабілет-қарымына қарай бағытталған. Мәселен, студенттерді маусымдық жұмыспен қамтуда "Жасыл ел" еңбек жасағында 1035 сарбаз 250 гектар жерге күтім жасаса, «Жас құрылысшылар» жасағында 326 жас түрлі 28 мердігер мекемеде жұмыс істеді. Оның 64-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал «Педагогикалық жасақтың қызметін ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында 7 жазғы тынығу лагерінде 40 жас тәлімгерлік етті. Айта кету керек, өткен маусыммен салыстырғанда 2017 жылғы маусымда "Жасыл ел" еңбек жасағының жалақысы 50 мың теңгеге артты.
Басқарма тарапынан атқарылған жобалардың мақсаты – жастарды тек қана жұмысқа баулу емес, жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, еліне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Осы мақсатта «Go working» орталығы жобасы сәтті жүзеге асырылды. Аталмыш жоба аясында жұмыссыз жастарға арналған компьютерлік, құқықтық сауаттылық, бухгалтерлік, ағылшын тілі курстары тегін өткізіліп, 100-ден астам жұмыссыз жасқа сертификат берілді.
Соңғы уақытта жұмыссыз жастарды еңбекке тарту мақсатында әр өңірде "Бос орындар" жәрмеңкесі жиі ұйымдастырылуда. Сыр өңірінде де мұндай жәрмеңкелер жиі өткізіледі. Ал біздегі жәрмеңкелер әдеттегідей халықты бір орынға жинап, сол жерге жұмыс беруші мекемелерді шақырмай, керісінше жұмыс берушінің базасында ұйымдастырылды. Биыл да осы тәртіппен жұмыс істелмек. Бұл жобаларға облыс жастары белсене қатысып, бірі жұмысқа орналасса, енді бірі білімін тегін жетілдіруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, жастарды қоғамға бейімдеу, олардың білім көкжиегін кеңейту мақсатында «Білім. Болашақ. Жаңғыру» атты тақырыпта облыстық жастар форумы өтті. Форумда мемлекеттік жастар саясаты саласында жыл бойы атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы мақсат-міндет айқындалды. Оған жастар үлгі ететін «Qazaqstan» РТРКК бас продюсері, тележүргізуші Н.Қоянбаев және «Инновациялық технологиялық паркі» автономдық-кластерлік қорының басқарушы директоры Әлжан Бралиев қатысып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттер бойынша жастармен "OPEN SPACE" форматында сұқбат жүргізді. Сондай-ақ, форумның пленарлық отырысына қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жастар арасында қалыптасқан өзекті мәселелерді шешу бойынша мүдделі мекеме басшыларына тапсырма жүктеді. Бұдан бөлек, Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен еліміздегі маңызды шаралардың жоғары деңгейде өтуіне жастар белсене араласты. Мәселен, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ақпараттық-насихаттық жұмысын ұйымдастыру» жобасы аясында 86 шара ұйымдастырылып, оған 3000-ға жуық жас қамтылды.
«Өңірлік Дельфийлік ойынын өткізу және жеңімпаздарды ұлттық ойындарға қатысу жол ақысы шығындарын қамтамасыз ету» жобасы аясында республикалық Дельфий ойынына облыстан 13 номинация бойынша 36 жас республикалық ойынға қатысуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде, Сырдың шығармашыл жастары 5 номинация бойынша 2 алтын, 3 күміс медальмен марапатталды. «Алтын медаль» иегерлері Халықаралық Дельфий ойындарына жолдама алды.
Аталған жұмыстардың барлығы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бір жыл көлемінде атқарған ілкімді істері. Енді жаңа жылда жастардың шығармашылығын дамытуда бірнеше тың жобалар қолға алынбақ. Мәселен, сол жағалауда жастарға қызмет көрсететін орталық биыл ел игілігі үшін пайдалануға берілмек. Онда шығармашыл жастарды еңбекке баулуға бағытталған бірнеше жобалар жүзеге аспақ.