» » ҚАЗАҚ БАЛАСЫ NASA ТӘЖІРБИЕСІН ТОЛЫҚТЫРДЫ

ҚАЗАҚ БАЛАСЫ NASA ТӘЖІРБИЕСІН ТОЛЫҚТЫРДЫ

  Қадырхан АҒЫБАЕВ, Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы:

Қазір SpaseX компаниясының негізін салушы Илон Маск Марсты бағындыруды көздеуде, демек алдағы 100 жыл ішінде бұл планетада жаңа қала салынуы мүмкін. Илонның жобасы қазақ балалары үшін таңсық дүние емес, себебі SpaseX сарапшысы Майкл Лутамски Қызылордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен IX Наурыз кездесулерінде оқушылардың идеясы ерекше екенін, болашақта бірге әріптес болатындығын айтты. Жаһандық спикер жоғары бағалаған жобаның ішінде Қадырханның ғарыштағы қоқысты тазалайтын лазерлік қондырғысы да бар. «Ғарыш. Ғалам. Интеллект» жобасында үздік үштікке енген зерттеу қолданыста бар NASА ғалымдарының қондырғысынан әлдеқайда озық. Тақырыпты жас өнертапқышпен бірге тарқаттық.

Зияткерлер 46 зымыран құрастырды
− Ғарышқа қатысты әлемдік трендтерді талқылайтын IX Наурыз кездесулерінің біздің аймақтан бастау алуы заңдылық тәрізді. Себебі Сыр өңірі – адамзатты айға жетелеген қасиетті мекен. Біз жиын барысында NASA және SpaseX ұйымының ғылыми қызметкерімен бірге тәжірибе жасап, болжам ақпаратты ақиқатқа айналдырдық. Әсіресе шеберлік сағатында зымыран құрастырып, оны ашық алаңда сәтті ұшыруымыз үлкен жетістік деп білемін. Шараның бірінші күні зымыранның сыртқы моделін дайындасақ, келесі күні оған қозғалтқыш орнатып, іске қостық. Оқушылар 46 зымыранның макетін жасады, оның қатарында өзім де бармын. Қазақтың тұңғыш ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев тамашалаған тәжірибеміз ойдағыдай орындалды, яғни зымырандар біз жоспарлағандай көкке жол тартты.  
Сымсыз спутник қолданысқа енеді
− Адамзат баласы болашағын Марспен байланыстырады, сол үшін «өзге планетада қалай өмір сүруге болады», «ол жақта өсімдік өсуі мүмкін бе?» деген сауалдар жаһандық өзекті мәселеге айналып отыр. Мұнан өзге ғарыш кеңістігін зымыран қалдықтарынан тазалау да әлем зерттеушілерін алаңдататын тақырыптың бірі. Мен Германиядағы Гейдельберг универитетінің астрономиялық есептеу институтының ғылыми қызметкері Бекдәулет Темірболатұлы төрелік еткен жиында қоқыс жинайтын лазерлік қондырғымды таныстырдым. Біз ғарыштық қоқысты пайдалы мақсатта қолдана алмаймыз, әрі олар ғарыш аппараты мен кемелеріне, сондай-ақ үлкен көлемде болса Жерге қауіп төндіруі мүмкін. Ғарыштағы қоқыс мөлшері шамамен 0.5 мм-ден басталып, бірнеше есе ауқымда кездеседі. Негізі қалдық жинайтын қондырғылар NASA-ның тәжірибесінде бар, бірақ олар қоқыстың ұсақ түрін жоя алмайды. Әрі лазерлік сәуле бір жерде ғана тұрып жұмыс істейді, ал менің қондырғым қоқыстың белгіленген аумаққа келуін күтпей-ақ өзі іздейді. Қондырғы ішінде физика заңдылығына сәйкес қоқыс мөлшерін анықтайтын бағдарлама орнатылған. Лазерлік шоқтар қоқысты кезіктірген бетте оны жоғарғы қысыммен атмосфераға қарай итереді. Қалдық көлемі кіші болған соң сол бойда жанып кетеді. Сонымен қатар қондырғы арнайы қуаттағыш арқылы Күн сәулесін жинақтайды да, оны лазерге береді, яғни қолдан қуаттандырудың қажеті жоқ. Бұл жобаны жетекшім София Тобылбаевамен бірге жыл басынан бері зерттеудеміз, қазір қоқысты мүлде жер орбитасынан шығарып жіберудің жолын қарастырып жатырмыз. Қондырғы алдағы уақытта қолданысқа енуі мүмкін, себебі ол сымсыз жұмыс істейтін бірден-бір спутник. Шара соңында маған Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің грантын тапсырды, бірақ мен оқуымды шетелдік білім ордасында жалғастырғым келеді. Келешекте ғылыми саладағы зерттеуімді ғарыш саласымен байланыстырмасам да, физика-химия бағытында мықты инженер боларыма сенемін.  
Гүлдана ЖҰМАДИН
05 сәуір 2019 ж. 906 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930