Сау бол!
Жыл басынан бері "Жастар денсаулық орталығының" көмегіне 11507 жасөспірім жүгінген. Оның 1000-ға жуығы әлеуметтік құқықтық көмек алуға келсе, медициналық көмекті 3257 жас пайдаланған. Сондай-ақ 7250 жасөспірім психолог кеңесіне жүгінген. "Бүгінде гинеколог пен урологқа келушілердің саны басым. Ерте жүктіліктің және жыныстық жолмен жұғатын аурулардың алдын алу бағытында жұмыстар атқарамыз. Жігіттер арасында варикоцеле ауруы жиі кездеседі. Орталықта 8 психолог жұмыс істейді. Желі арқылы басқа қалалардан да хабарласып, психолог көмегіне жүгінеді. Жедел желіде 3 білікті маман қызмет көрсетеді", – дейді облыстық "Жастар денсаулық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Салтанат Назарова.
Жер бетіндегі барша ұлт пен ұлысқа ортақ бұл күн өз елімізде тәуелсіздік алған жылдардан бері аталып келеді. Денсаулық күні аясында өңірімізде біршама іс-шаралар өткізілетіні анық. Аталмыш мерекеге жастар денсаулық орталығы да атсалысады. Соның бірі "Жастар жылы" аясында 8-9 сәуір күні өңірімізде облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен "Сау бол!" атты республикалық жастар слеті өткізіледі. Мақсат – жасөспірімдер мен жастар арасында саламатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру, денсаулықты нығайту бойынша салааралық қарым-қатынасты күшейту. Слетке денсаулық сақтау, білім басқармалары, қоғамдық денсаулық сақтау департаменттерінің, жастар денсаулығы орталығының және жастар ресурстық орталықтарының өкілдері қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар 9 сәуір күні "Жастар денсаулығы мен өнегелілігі: болашаққа үндеу" атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жоспарланған. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы қатысады. Конференция барысында саламатты өмір салтын қалыптастырудағы өзекті мәселелер және ҚР жасөспірімдер мен жастардың психикалық денсаулық мәселелері талқыланады. Делегаттар жастар денсаулық орталығы мен жастар ресурстық орталығының жұмысымен арнайы танысады.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА