» » Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы

Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы

7 – сәуір халықаралық денсаулық күні.Денсаулық – адам жанының басты байлығы. Содан да болар халқымыздың денсаулықты зор байлыққа теңеуі. Соңғы жылдары еліміздің медицина саласында тың өзгерістер мен жаңашыл бастамалар көп. Сыр өңірінде қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар да өз нәтижесін беріп, медицина саласындағы материалдық-техникалық база нығайып, кадр тапшылығы екі есеге азайған.«Облыстық жастар денсаулығы орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі де өңір жастары мен жасөспірімдерінің денсаулығына жауапкершілікпен қарауды  қадағалап, саламатты өмір салтын насихаттау, көрнекі-ақпараттық материалдар әзірлеп, таратып, мақсатты топтарға психологиялық, медициналық көмек көрсету де қолға алған.
Шыны керек, соңғы он жылда дұрыс тамақтанбаудың салдарынан түрлі аурулар көбейді. Асқорыту органдарының, эндокриндік жүйенің, жүрек-қан тамыр патологияларының саны ұлғайды. Қазақ тағамтану академиясының деректері бойынша Қазақстанда темір тапшылығы анемиясынан 6-14 жас аралығындағы балалардың 44,9 пайызы  зардап шегуде. Дұрыс тамақтану  саламатты өмір салтының басты қағидасы болғанмен, алайда шамадан артық ішіп-жеу бүгінгінің күннің басты мәселесіне айналып отыр. Балалар мен жасөспірімдер арасында семіздікке шалдығу ұлғайды. Қазақ тағамтану академиясының мәліметтері бойынша  (2014 жылы) артық дене салмағы мен семіздіктің таралуы 5 жасқа дейінгі балалардың арасында – 13,4 %, 5-9 жас аралығындағы балаларда – 17,6%, 10-14 жасындағы балаларда – 14,9 пайызға жеткен. Балалық шақтағы семіздік есейе келе, қан айналымы жүйесінің ауруларын, қант диабеті сырқатын, ортопедиялық мәселелер мен психикалық бұзылыстардың қаупін арттырып, мерзімінен бұрын болатын өлім-жітімге апаруы мүмкін. Сондай-ақ, мектепте оқушының оқу үлгерімінің нашарлауы,  өзін бағалаудың төмендеуі мен әлеуметтік оқшаулануы да көбейеді.   
Аурушаң балалар мен дені сау балалар  жыл көлемінде және жазғы маусым кезінде облысымыздағы  14 бастапқы медициналық көмек көрсету мекемесі мен 5 жеке медициналық мекеме, 2 облыстық аурухана (ОБА, ОЖАА), сонымен қатар бастапқы медициналық көмек көрсететін 19 мекеменің күндізгі стационарлары,  9 шет аудан мен қалада орналасқан жазғы тынығу лагерлерінде  сауықтырылады.
«Біздің орталық облыстағы барлық орта білім беретін мектептердің, арнаулы орта және жоғарғы оқу орындарының оқушылары мен студенттеріне рухани-адамгершілік қағидаттары, жыныстық тәрбие, тамақтану мәдениеті, зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыбында тәрбиелік мақсаттағы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды білім беру ұйымдары, ішкі саясат басқармасы, дін мәселелерін зерттеу орталығы, облыстық жастар ресурстық орталығы және өзге де жастар мен жасөспірімдердің тәрбиесіне қатысты қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық қарым-қатынас орната отырып, бірлесе жүзеге асырамыз» дейді Облыстық жастар денсаулығы орталығының директоры Жанар Қалмақова.
Оған қоса, мектеп жасындағы оқушыларға скрининг жұмыстары жүргізіліп, соның ішінде  стоматолог мамандарына (10 оқушы - 4 сынып, 14 оқушы - 8 сынып) қаралуы қажет, жоспарланған 24504 оқушыдан тексеруден өткендері – 17152,  яғни 85,4 пайыз. Оның ішінде ем-домды қажет ететін 14326 оқушының барлығы сауықтырылды. Бұл жұмыстар облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы үйлестіріледі. «Облыстық жастар денсаулығы» орталығына келуші оқушылар, студенттер, жастар және олардың ата-аналары, туыстары негізінен психологиялық, гинекология мәселелеріне байланысты жүгінеді.
2017 жылы медициналық қызмет алуға (жалпы тәжірибелік дәрігер, гинеколог, уролог, дерматолог) 15 707 жасөспірімдер мен жастар жүгінген, 2016 жылы – бұл көрсеткіш 7006 адам болған. Психолог, психотерапевт мамандар 2016 жылы – 8377, 2017 жылы – 9032 жастар, жасөспірімдермен жұмыс жүргізген.  
Соңғы кездері жасөспірімдер мен жастар арасында қимыл  белсенділігінің төмендегінен (аз қимылдау, телевизор, гаджет алдында тапжылмай ұзақ отыру, таза ауада емін-еркін жүгіріп ойнамау) және дұрыс тамақтанбау (фаст-фудты жиі пайдалану, газды сусындарды ішу, жеткілікті мөлшерде жеміс-жидектер, витаминдер қабылдамау) нәтижесінде семіздік, қан аздық, асқазан-ішек және бүйрек аурулары жиі кездеседі. Оқушыларды профилактикалық қарап-тексеру барысында ауру түрлерінің «рейтингісі» жасалды.  Бірінші орында – тыныс алу органдары аурулары, екінші орында асқазан-ішек жолдарының аурулары, үшінші орында – қан айналымына жауапты органдардың аурулары, төртінші және бесінші орында – жүйке жүйесі мен көз аурулары.
Орталық басшысы Жанар Қалмақованың айтуынша, бүгінде жасөспірімдер күйзеліске түссе, жеңіп шыға алмай, көбіне ішімдік ішіп, кальян, темекі немесе есірткі тұтыну арқылы қиындықты «жеңуге» тырысады. Кейде тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Осы орайда, жасөспірімдер мен жастарға психологиялық көмек көрсету үшін облыстық жастар денсаулығы орталығы жанында «Жедел желі»(8 800 080 22 26) сенім телефоны анонимді түрде, тәулік бойы, тегін, жұмыс жасайды. Бүгінде сенім телефонына түскен қоңыраулар саны 19 есеге көбейген. 2014 жылы – 115 қоңырау шалынса, 2017 жылы 2266-ға көтерілген. Хабарласқандар отбасылық мәселелер мен түсініспеушіліктерді, жанжал мен келіспеушіліктерді алға тартқан.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
 
05 сәуір 2018 ж. 4 886 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031